Халықаралық деңгейде өтетін спорт сайысы биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Әзербайжан және Украина елдерінің жылдам шахмат бойынша үздіктері екі күн өзара жарысқа түсті. Бәсекеге 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер ғана қатысуға мүмкіндік алды. Олардың қатарында кәсібилігі мен біліктілігін әлем мойындаған жас спортшылар бар. Мәселен, бәсекенің ең жас қатысушысы, 12 жасар әзербайжандық Айдын Сүлейманли - 2013 жылы 8 жасқа дейінгі балалар арасында өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, сол жылы Еуропа чемпионы атанды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Павлодар облысы әкімі Кубогының иегері атағы - қазақстандықтар үшін де, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері үшін де ерекше марапат. Жыл сайын бұл сайыстың мәртебесі артып келеді. Сондықтан жылдам шахмат бойынша бақ сынауға ниеттілер қатары көбеюде.

Тоғыз турға жалғасқан турнир қорытындысы бойынша қытайлық Ли Янь бас жүлдені қанжығасына байлап, мықтылығын дәлелдеді. Екінші орын Ресейден келген спортшы Александр Тряпишкоға бұйырды. Ал үшінші орынды павлодарлық жас шахматшы, ИнЕУ колледжінің студенті Денис Махнев иеленді. Айтулы бәсекеге қатысқан тағы бір жерлесіміз, Павлодар қаласындағы №19 орта мектептің оқушысы Әлішер Сүлейменов жетінші орынды қанағат тұтты.

Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz