Колледж жастарымен кездесу барысында мәртебелі мейман латын әліпбиіне көшу мәселесі жайын сөз етті.

- Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Жаңа жазуға көшуді мейлінше тезірек жүзеге асыру қажет. Сонда әлемдік өркениетке жақындай түсеміз. Жаңа алфавитке көшкеннен қолда бар әдеби қорымыздан қол үзіп қаламыз, орыс тілі жойылады деген қорқыныш болмауы тиіс, - деді Мұхтар Құл-Мұхамед.

Партия өкілі облыс басшысы Болат Бақауовпен бірге «Павлодар» арнайы экономикалық аймағын аралады. Мұнда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған «Гиссенхаус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазіргі жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын қосындыланған алюминий өнімдерін дайындайды. Жуырда алғашқы құймаларын шығарды. Сапар барысында М.Құл-Мұхамед өңіріміздің өндіріс жағынан елімізде көш басында екенін атап өтті.

Сонымен қатар мәртебелі мейман арнайы аймақтағы «АгроХимПрогресс» ЖШС-нің де аяқ алысымен танысты. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы Ә.Марғұлан атындағы орталықта болып, ондағы бірқатар құнды жәдігерлерді көрді. Мәртебелі мейманға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймағымызда атқарылып жатқан шаралар туралы ақпар берілді.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz