Елбасының мақала-бағдарлама-сындағы түйткілді мәселелердің ешбірі сырт қалып жатқан жоқ. Өңір аудандары да өздерінің барын саралап, жоғын түгендегендей сипат алуда. Жақында осындай оң бағытты іс-шара Май ауданында өтті. Бәрін басынан бастайық...

Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын, баспасөзде жарияланған мақала мәтінінде «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген жолдар кездеседі. Алып-қосарымыз жоқ, салиқалы тұжырым осы болса керек. Біздің алған бағдарымызға да Елбасы сөзі түрткі болып, бағытымыз Май ауданына бұрылды. Баса айтуымыз керек, ұйымдастырушы - «Әбу Ханифа» қорының басы-қасында жүрген атпал азаматтар. Қордың төрағасы С.Байболатов, атқарушы директоры К.Кеңесбаев, қор мүшелері Ә.Түгелбаев, А.Жантөрин, Павлодар облысының өкіл имамы Нариман Исенов, Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Қанат қажы. Аталған іс-шараның басы-қасында аса белсенділік танытып жүрген «Ауыл» ХДПП өкілдері және облыстық филиал төрағасы Е.Байқұрманов та бар. Жақсының жақсылығын айту - парыз. Аудан әкімі Ардақ Қаңтарбаев және оның командасы біраз істерді атқарып жатқанын байқадық. Әсіресе, аудан аймағында жерленген абыз-әулие мен көріпкел-білгірлердің есімдері жаңғырып, қасиетті жерлерге деген қамқорлық пен ілтипат артты. Мұндайда ауыл ақсақалдарының рухани көмекке келетінін көріп, көңіліміз марқайды. «Ақшиман» ауылының ақсақалдары Қойшыбай Жұмашев атамыздың көрген-білгендері туралы айтқаны әр қатысушының жүрегіне жетті. Мұсайымғазы атамыздың берген батасы көңіл сергітті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Барит ағамыздың пікірі ертеңге деген сенімді арттырды. Отырыста болған Темірболат Шайқұрманов, Пазыл сынды ағаларымыздың игі тілектері сапарымыздың тегін еместігін ескерткендей болды. Біздің төмендегі баяндайтындарымызды аталған азаматтар айтқан әңгіме-дүкеннің нәтижесі деп қабылдаған жөн.

Аудан орталығы Көктебе ауылынан Ақшиман ауылына апаратын күре жол бар. Бұл жол Уақап Сыздықұлының басшылыққа келген уақытында сол кісінің тікелей араласуымен төселген. Сол күре жолдың 65-70 шақырым шамасын өткеніңізде сол қолыңызда Шыңырау, Сарытау қыстаулары қарауытады. Садық қора қыстауының маңы мен осы қыстауларға нәр берген Түндік өзені де жай ағады. Бұлар алғашқыда көзге көрінбес те, бірақ дәл осы жер атауларының тарихы тұңғиық. Оның тереңдігі кеңестік солақай көзқарастың өлшемінде ғана деп қабылдайық. Әйтпегенде сол өңірге еңбегі сіңген Әбділдә Бытыұлының аты алысқа шапқан. Яғни айтқан өсиеті бір ғана ауылдың аймағында қалмай, берісі Баян, Семей, Қарағанды өңірін аралап кетсе, арысы Уфа, Қазан аумағына жеткен. Оқыған-тоқыған елдері де сүбелі: Бұхар, Мысыр елдері екен. Сол абыздың мәңгілік байыз тапқан жері осы киелі Май елі.

Атадан ұрпақ бар екен: Сабыр атты ұлынан туған Нәдірдің ұлдары, демек, шөберелері ата жұртын аялап өтуге бейім. Тек советтік салқындық санаға көлеңкесін түсірген. Олар біраз жайтқа сеніңкіремей өмір өткізген. Бірақ дуалы ақсақалдардың айтқандары түскен көлеңкені ысырып, үміт ұялатқан. Қазір барды бағалауды ойластырып отыр. Барды бағалау дегеннен шығады, тағзым еткен ата зиратының сөгіліп, кетеуі кеткен жерлері қатысушылардың барлығына ой салды. Әбділдә Бытыұлының басына зәулім мазар орнатуды, өзінің ұйғарымымен ашқан мешіт, медреселерінің орнын табуды және оларды халық қажетіне жеткізіп, іске асыруды ойластыру қажеттігін пәтуа қылып тарқасты.

Әбділдә Бытыұлы «Біті» немесе «Бітә» болуы да мүмкін, халық аузында, тіпті кейбір жазылған мәліметтерде «Ақ балық» деген атаумен таралып кеткен. Халық дәл осылай атап кетті дегенмен, атаудағы «балық» сөзін қабылдай алмадық. Көшпенділікпен өткізген өмірінде қазақ халқы, әдетте төрт түлік малға жақын болған. Ал балықты өткен ғасырдың ашаршылық қысқан уақытында да талғажау етпеген. Сондықтан «балық» сөзін «ақ» сөзімен айқындау ақындық әсірелеуде болмаса пайдаланылмаған. «Балық басынан шіриді» сынды мақал-мәтелдер - кейінгі отырықшылық заманының жемісі. Оның өзінде ондай нақылдар өзен-көлді жағалай қонған шағын қазақ ауылында болмаса, қаймағы қалың дала қазағының нақыл сөздерінде мұндай қолданыстар кездеспейді.

Бірақ бізге жұмбақ болып көрінген «халықтық атаудың» да шешімі оңай табылды. Қойшыбай Жұмашев атамыздың айтуынша, «Ақ балық хазірет» емес, «Ақпалы хазірет» екен. Жарықтық қазіреттің аузын ашқаннан-ақ төгілетін сөз бен сөйлемі үзілмей, бүкіл жұртты үйірген екен. Әрі әр шыққан лебіз, мейлі ол діни сипатты болсын, мейлі халықтық қолданыстардағы қанатты сөздер болсын, тек қана ақиқатты айтуға жұмсалған. Ақиқат пен әділдік, тазалық пен таным үйлескен ой-тұжырым халықтың көкейіне қонып отырған. «Сөзіне қарап ісін танитын» қазақ жұрты өз қазіретінің қасиеттерін «ақпалы» сөзінің мағынасына сыйдырып жіберген. Демек, ақ сөйлейтін, мүдірмей сөйлейтін, шешен сөйлейтін деген ауқымға сыятын сөз орайын халық өз қалаулысына ғана арнаған. Ал «ақпалы» сөзінің «ақ балық» болып айтылуға икемделуі - дыбыстық алмасулар мен дыбыс қосылуындағы фонетикалық құбылыстардың қызметінен туатын тілдік заңдылықтар.

Жалпы, осы отырыста «Ақпалы хазірет» жайлы әңгіме орынды қозғалды. Көп сұрақтың жауабын іздейтіндей пәтуа сөздер айтылды. Әсіресе, оның есімдеріндегі, лақап атындағы, туған және бақилық болған уақытындағы болжамдарды зерделеу ісін қаузау керектігі көзі қарақты жұртты ойландыратыны анық. Мұның сыртында оның бозбала шағынан бастап, елден жырақ кетіп, діни оқуларды тергендігі архивтік ізденулерді қажет етеді. Ел аузындағы әңгімелер Ақпалы қазіреттің үй болу, бала тәрбиелеу, ұрпақ өсірудегі қызметін жинақтауға итермелейді. Ал оның Құнанбай баласы Абаймен сөз қағысқаны шешендік ділмарлық қасиетін ашса, діни бағыттағы (мешіт салу, медресе ашу) еңбегі әлі де болса тірнектеп қызмет жасау керектігін қажет ететін сияқты. Десек те, сең қозғалды, жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, ендігі үміт ел азаматтарының бірлігі мен ынтымақтастығын ғана қажет етеді.

Қойшыбай ақсақал тағы бір әңгімесін Мақат қажыға қатысты өрбітті. Май ауданының Саты ауылына жақын жерлерде ескі қорымдар көп. Соның бірі Төбе құдықта Мақат қажының зираты бар. Оның да жатқан үйі күтімді қажет етеді. Тіпті, ел азаматтары бірлесе жатса, көз тартар мазар орнатса артық болмас еді. Дәлірек айтсақ, 1931-1932 жылдардағы ауыр зұлмат – ашаршылық кезінде қарамағындағы халқын Жер-ананы тел емген хайуанаттардың көмегімен арашалап алып қалған. Ел басына күн туған сол бір заманда халқын қасына жиып, тығырықтан шығар жолды мінәжет етуі мен оқыған дұғасынан тауыпты. Мақат қажы да дін оқуын тәмамдаған, ата-бабасынан қонған қасиеті де бар ма екен кім білсін, жиналған халқына бір ғана өтінішпен шығыпты.

- Ел тауқыметін тарқатар бір жол көріп тұрмын. Дала тағысы елік табынын осы ауылға келтіртемін. Олардан сауылған сүт бала-шағаның қарнын қампитуға жарар. Тек қана бір өтінішім сол, хайуанның енесіне де, лағына да қол жұмсамайсыңдар!

Қажы қалауымен ауылға енген елік сүтімен ел аузына ақ тиіпті. Күндер өте көптің ішінен шыққан әумесер біреу «қолда тұрған» еттің дәмін татқысы келіп, елік лағын сойып алған екен. Халқының ішінен шыққан қарау пендесіне не істесін. Тек қана еті қарынына кеткен пендеге мүжіген лақ сүйектерін жинап әкелуді тапсырыпты. Түгелге дерлік жиналған сүйектен бір аяғындағы тұяқ жетпей қалыпты. Елден аулақтанып, киелі дұғасын арнап, киіктің лағын тірілтіп, үйіріне қосыпты. Бір аяғын сылтып басқан лақ үйірге еріп жүріп кетіпті деседі.

Жүрекке шым-шым жара салып өткен шағын әңгіме мұнымен де аяқталмады. Бертінгі күндердің бірінде әңгімеші ақсақалымыз Мақат қажының зиратын тауып, аты-жөнін жазып, басына белгі орнатады. Ол белгі әлі де болса сол қорымда сақталған екен. Кейіннен бір жолы түсіп, қажы басында құран бағыштапты. Сол маңда жүрген қойшы: - Ақсақал, таңға жуық осы қорымға бір киік келеді. Қорым ішінен осы зиратты тауып алып, осы жазылған белгітасты иіскелеп, қайтадан өрісіне кетеді, - дейді.

Бұл әңгімені айтқан, сол жазуды жазған Қойшыбай ақсақал да, тыңдап отырған қауым да таң қалысты. – О, ғажап! Неткен керемет! – деп таңдайын қағысты. Біздің көкірегімізді де бір ащы, бір тұщы кермек дәм тырнап өтті. Ащысы әумесер жамағайынның пендешілігі де, тұщысы Мақат қажының қасиетті әрекеті еді. Мақат қажы аруағының да бір аунап түсіп, халқының қайтарымын көрер күні жақын болсын деп тіледік.

Біздің шағын мақаламыз Ақпалы қазірет пен Мақат қажының барлық үлгілі-өнегелі қасиетін толық ашуды мақсат еткен жоқ. Олай тұжырымдауымызға газет бетінің сұранысы да жауап бермейді. Әрі ол әлі де болса терең зерттеуге тартатын қомақты дүние деп білеміз. Бір ойландыратын жайт, Ақпалы қазірет пен Мақат қажының өмір сүрген уақыттары біздің заманымызға сәйкеседі. ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басы деуге келетін пенделік ғұмыр тарих үшін кеше мен бүгіннің арасы ғана. Ал бұл біздің айтарымыздағы зерделеуді жинақтап алуға мүмкіндік береді деп білеміз.

Қалай болғанда да, Май ауданындағы қастерлі де қасиетті жерлер, ал ондай жерлердің тізімін жасау - көп күттірмейтін мәселе, Н.Ә.Назарбаев мақаласындағы «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасындағы сұраныстарға жауап беруге толық даяр.

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

saryarka-samaly.kz