- Серік Кәрімжанұлы, білуімізше биыл ақпан айынан бастап тұтас елімізде аң аулауға тыйым салынды. Аңшылардың өкпе-ренішін тудырған бұл өзгерістің енгізілуіне не себеп болған еді?

- Иә, биылдан бастап Қазақстанда «көктемгі аңшылық маусым» деген жоқ. Оған тыйым салынды. Бұған негізгі себеп - су айдындарын мекендейтін құстардың соңғы жылдары азайып кеткені. Ерте көктемде 4-5 мың шақырым жерден ұшып, әбден сілесі қатып жеткен қаз-үйректі атып алу, меніңше, ойға сыймайды. Әрі бұл уақытта қауырсын қанаттылардың барлығы жұмыртқа басса, аң біткен төлдейді. Олардың өз ұрпағын көбейтуіне мүмкіндік бермей, бытырлатып ата берсек, не қалады? Сондықтан жергілікті популяцияны көбейту мақсат етілді. Негізі көктемнен күзге дейінгі аралықта аң атуға тыйым салу әлемнің көп елдерінде бар. Мәселен, Еуроодақтың 37 мемлекеті, Ресей бұл өзгерісті баяғыда қабылдап қойған.

Тыйым аз уақыттың ішінде өз тиімділін танытып үлгерді десем, сенер ме едіңіз? Рас, биыл жануарлар әлемінде, соның ішінде қауырсын қанаттылардың санында ұлғаю байқалды. Әсіресе, қаз-үйрек, шіл, балшықшы құс, бөденелер көбеюде. Соңғы мәліметтер бойынша өңірде 160 бұлан, 140 марал, 3356 елік, 40857 қоян, 13 мыңға жуық түлкі бар. Қауырсын қанаттылар арасында тек үйректің барлық түрі бойынша 919,7 мың (!) құс тіркелген. Бұған қоса 41 299 қаз, 157 мыңдай қасқалдақ, 100 мыңнан астам шіл саналды. Бұрынғы жылдары, әсіресе құстардың саны осыншама көп болмаған. Яғни, айдын көлдерде мылтықтың дыбысын естімеген қос қанаттылар үркімей, жерсініп қалды. Қыркүйектің 2-сінен құстарды аулауға рұқсат. Ендігісін қара суық түсіп, жылы жаққа қайтқанша рұқсат етілген құстың кез келген түрін аңшылар тиісті мөлшерде атып ала алады.

- Оқырмандарға түсінікті болуы үшін биылғы күзгі-қысқы аңшылық мерзімінің ерекшеліктерін айтып өтсеңіз...

- Бойында саятшылықтың қаны ойнап, ұңғысын оқ-дәріге толтырып жатқандарға айтарым, аңшылық маусымның ашылуы тек қауырсын қанаттыларға ғана қатысты. Қоян, қарсақ, түлкіні аулауға 1 қарашада рұқсат етілсе, сібір елігін қыркүйектің 20-сынан ғана ата аласыз. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген бұйрық бойынша ел аумағында аң аулау аңшылық ережесіне сәйкес өткізіледі. Біздің облыста сондай 38 шаруашылық бар, бірақ олардың 25-і ғана пайдаланушыларға бекітілген. Қалғаны иесіз, яғни жергілікті атқарушы биліктің қарауында. «Заң бойынша белгіленген аңшылық нысаны» деген ұғым бар. Ол дегеніміз белгілі бір аумақ ішінде ғана аң аулай аласыз. Ол жердің кіреберісінде бөгеттер, арнайы белгілер және карта орналасады. Рұқсаты бар азаматтар соның шегінде ғана әрекетін жүзеге асырады.

- Аң-құсты аулаудың қандай айрықша тәртіптері бар?

- Жануарлар әлемін қорғап, олардың санын азайтып алмас үшін бұл ретте біраз шектеулер қойылған. Әрі барлығы түрлі заңдар аясында әрекеттенеді. Мысалы, «әуесқой аңшы» деген ұғым бар. Қолына қару ұстай білетін кез келген адам анда-санда суыр, қоян, түлкі сынды аңдар мен қаз, үйрек, шіл секілді жабайы құстарды атып жүреді. Одан соң аң аулаудың қыр-сырын жетік меңгеруші «кәсіпқой аңшы» бар. Соңғысы «спорттық-әуесқойлық аңшылық» - аңдар мен құстарды белгілі тәртіппен аулап, табиғат аясында тынығу. Бізде көбі - әуесқой. Сол себепті әуесқойлық аң аулауға қойылатын талаптар да бар. Қазір ауыл айналасында саят құрудың өзіне аңшы куәлігі, салық заңнамасында бекітілген мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығын берген iшкi iстер органдарының рұқсаты, жыртқыш құстарды белгiленген тәртiппен тіркеу туралы құжат болуы тиіс. Бұлар болмаса аңшылық жасау браконьерлікке жатады.

Аңшы куәлігі жоқ азамат ішкі істер органдары тарапынан аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына ие болмайды. Жоғарыда айтқандай, аңшылық шаруашылықтар аумағында ғана аң-құс аулауға рұқсат. Олар үшін жолдаманы әлгі шаруашылықтың өзінен немесе аңшылық дүкендерден сатып алу қарастырылған. Биыл күзде Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс-тары басқармасымен өңір бойынша жалпы саны 4187 үйрек, 698 қаз, 935 қасқалдақ, 49 балшықшы құс, 582 шіл, 103 бөдене, 94 дала көгершінін атуға лимит берілді. Лимит шаруашылық нысандары арасында теңдей бөлінді.

- Осы жерде бір нақтылай кететін тұс - әр аңшы бір тәулікте қанша құс немесе аңды қарауылына іліктіре алады? Яғни шектік мөлшер бойынша азаматтар нені білуі тиіс?

- Біздің облыста аң-құс көбіне Баянауыл ұлттық паркі, «Қызылтау» қорығы,     «Ертіс орманы» резерваты, Ертіс өзенінің жайылмалары және өзге де қорғалатын аумақтарда ауланады. Олардың әрқайсының ерекшелігі бар. Жыл басынан біздің инспекторлар өңір-өңірді аралап, рейд шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде 22 заң бұзушылықты тіркедік. Заң бұзушылықтардың көбі - аңшылық шаруашылықтар жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы мен лимитке қатысты шектеулердің өрескел бұзылуы. Азаматтар белгілі бір аң-құсты аулар алдында оның тәуліктік рұқсат шегін білмей жатады. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2016 жылғы 24 қарашадағы №265 бұйрығы бойынша кәсіпшілік аң аулау- дан басқа, бір аңшыға шаққанда жабайы құс пен терісі бағалы аңның бір түрін аулаудың тәуліктік нормасын 5 дараққа дейін шектеу туралы нормасы бекітілді. Мәселен, қазіргі заң бойынша құстың бір түрі бойынша тәуліктік лимит - 5 дарақ. Одан асырсаңыз, әр қаз-үйрекке 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейсіз. Сондықтан абай болуды ескертеміз.

Аң-құсты заңсыз аулауға қатысты заң талаптары соңғы уақытта барынша күшейтіліп, айыппұлдардың көлемі өсті. Мысал үшін, елікті заңсыз аулағаны үшін - 250 АЕК, киікке - 350 АЕК. Салынған айыппұл мөлшері 100 АЕК-тен асса, ол қылмыстық іс болып саналып, құқық қорғау органдары тарапынан тиісті шаралар қабылданады. Атап өтерлігі, айрықша қорғауға алынғаны себепті сібір елігін ату үшін арнайы лицензия болуы шарт және міндетті түрде әуесқой аңшының жанында қорықшы жүруі керек. Десе де, абайсызда рұқсат етілмеген аңды атып, басы бәлеге қалып жатқан азаматтар соңғы уақытта азайды. Қазір көпшілік заңды сыйлау, тәртіпке бағынуды бірінші орынға қояды. Бұл жағынан аңшылық өркениеттің қалыптасып келе жатқанын айтпасқа болмас. Аңшылық барысында өрт қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз етіп, табиғатты тұрмыстық, кәсіптік қалдықтармен ластамау – басты шарттардың бірі.

- Соңғы уақытта қазақ үшін ежелден киелі жануар - киіктің (ақбөкен) Баянауыл мен Май өңірлерінде көбейе бастағаны айтылуда. Миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қалған дала тағыларының «Қызыл кітапқа» енгенін жақсы білеміз. Киіктерді браконьерлердің қорғасы-нынан қорғай аламыз ба?

- Ақбөкен Баянауыл мен Май аудандарында бұрыннан бар. Кеңес өкіметі жылдары мал, егін шаруашылығы дами түскенде аумақта киіктің қарасы да сиреді. Десе де, соңғы он-он бес жылда көрікті өлкеде тұрақты қоныс тепкен жануарлардың саны артып, инспекторлар бүгінде өңірде 2000-дай ақбөкен бар деп отыр. Көктемгі уақытта олардың саны екі есеге артады. Баянауыл ұлттық паркі мамандарының техникалық мүмкіндігі құла түзде жортқан киік секілді тағыларды аңшының мылтығынан сақтауға жете бермейтіні рас. Сондықтан 2005 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құрған болатын. Еліміздегі киіктің, сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар жабайы тұяқты жануарлар түрлерінің санын сақтау, қалпына келтіру және есепке алу бойынша жұмыстарды ұйымдастыратын мекеме жуықта біздің облыста тірек бекетін ашты. Бүгінде құрамы 9-10 адамнан тұратын топ мүшелері Қарағанды облысының шекарасынан бастап Баянауыл мен Май аудандарының сай-саласын күні-түні кезіп, ақбөкендер жиі жүретін аумақтарды бақылайды.

Осы уақыт аралығында ақбөкенді заңсыз аулауға әрекеттенген браконьерлер ұшырасқан жоқ. Алдағы уақытта да солай жалғаса береді деген үміттеміз. Киіктер өте жылдам жүгіретіндіктен, қасқыр ілесе алмай қалады. Сондықтан қауіптің зоры – екі аяқты пенделер. Оларды тиісті дәрежеде қорғай білсек, баяғыда қазақ даласында самсап жүрген ақбөкендердің табынын қайта оралтуға болады.

Бұған қоса Баянауылдың биік тауларын мекендейтін арқар да «Қызыл кітапқа» енген. Бүгінде оның саны 1195 деп есептеледі. Тұяқты жануарлардың өсімі де үнемі назарда.

- Сөз соңында оқырмандарға айтар нендей тілегіңіз бар?

- Орман мен жан-жануарлар әлемі - тез сарқылып қалатын дүние. Оларды көздің қарашығындай сақтау - біздің мекеменің жұмысы ғана емес, кез келген ел азаматының міндеті. Бізде айрықша қорғалатын аң-құстар мол. Сырттан келетін меймандарға айтып, мақтануын мақтанамыз да, оларды сақтап, көбейтуге келгендегі жүйені білмей жатамыз. Ағыл-тегіл байлық екен деп оңды-солды ата беруге болмайды. Мәселен, «Қызыл кітапқа» енген 15 қауырсын қанатты бар. Олардың көбін азаматтар білмейтіні өкінішті. Саны реттелуге жататын аңдардың ішінде қасқырлар бізде азайып кетті. Өңірде небары 186 қасқыр бар деп саналады. Қыста шынжыр табанды, жүйрік шаналар мінген аңшылардың оңай олжасына айналуда бөрілер. Бүйте берсек, ертең қасқырды зоопарктен ғана тамашалайтын күйге жетуіміз ғажап емес. Табиғат - шебер реттеуші. Бөрінің жергілікті популяцияны реттеп, эволюциялық тұрғыдан дамуына қосып отырған үлесі зор. Қазір қасқырдың малға шабу оқиғалары өте сирек. Адамдардың жүрдек техникасы мен алапат қаруының барын білетін ақылды тағылар аса ашықпаса, елді мекендерге мүлде жоламайды. Сондықтан аңның киесінен сақтану керек бізге. Ертең дала бөрісі жойылса, оның зардабы аз болмайды. Тек бұл ретте тұрғындардың сана-сезімі дұрыс болып, жануарларды қорғау ісіне бірлесе атсалысса деген тілек бар.

- Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен - Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz