Айталық, жүргізушілер тарапынан зор сұранысқа ие АИ-92 бензинінің бір литрі облыс орталығындағы «ВІР» бекетінде 147 теңгеге, «Монолитте» 144 теңгеге және «Гелиосте» 145 теңгеге саудалануда. Сол сияқты, өзге де бекеттердің бағаны 2-5 теңгеге дейін өсіргені байқалады. Ал ауылдағы кейбір сатушылар     10-15 теңге қосқан көрінеді. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жанармай немесе дизельді отын бағасының айтарлықтай қымбаттауына себеп жоқтығын айтып, қысқа қайырды. Ал аталмыш ведомствоның мұнай өндірісін дамыту департаментінің басшысы Қуаныш Құдайбергенов себебін анық түсіндіріп берді. Оның айтуынша, жанармай бағасының еселенуі қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы жөндеуі мен ресейлік бензинге тәуелділікке байланысты.

- Зауыттарда кестеге сәйкес жұмыстардың жоспарлы тоқтауы болып тұрады. Тамыз айында Атырау зауыты жұмысын тоқтатқан еді, 18 қыркүйекте қайта жалғастырады. Ал 20 қыркүйектен 25 қазанға дейін Павлодардағы мұнай зауытында жөндеу жүргізіледі. Аталмыш зауыттар осы уақыт аралығында шығармайтын өнім көлемін Ресейден алуға мәжбүрміз. Анығын айтқанда,     АИ-92 бойынша импортқа тәуелділік 30 пайызды, дизельді отынға қатысты             15 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта ресейлік жанармай көлемінің артуы салдарынан баға да қымбаттады. Қазан айының соңында баланс теңестіріліп, жағдай тұрақталады деген ойдамыз, - деді Қ.Құдайбергенов.

Ал сарапшылардың пайымынша, мұның өзге де себебі бар. Мұнай саласындағы сарапшы, экономист Сергей Смирнов бұл – нарық талабы дегенді алға тартып отыр.

- Әдетте Қазақстанда бензин көктемде және күзде қымбаттайды. Күзде қымбаттауының себебі – өнім жинау, қызметкерлердің еңбек демалысында болып, жиі жол жүруі, көлік жүргізетін студенттер оқуының басталуы және тағысын тағылар. 2025 жылға қарай ЕАЭО аясында энергия ресурстарының бірыңғай нарығын құру туралы шешім де әсерін тигізгенге ұқсайды. Яғни, аталған мерзімге дейін қазақстандық және ресейлік баға бірдей болуы керек. Ал көрші елде жанармай бағасы 50 пайызға қымбат, - дейді С.Смирнов.

Сарапшылардың кей бөлігі бензиннің қымбаттауын тағы бір жаңашылдықпен байланыстырды. Оған сәйкес, келесі жылдан бастап еліміздегі барлық жанар-жағармай бекеті арнайы есепшоттар орнатуы тиіс. Сол арқылы бекеттің қандай көлемде бензин қабылдап, сатқаны анықталады. Бұл – көлеңкелі бизнес-
пен күресудің бір амалы. Десе де, мұндай есепшотты орнату үшін кәсіпкерге шамамен 5 млн. теңге жұмсауға тура келеді. «Олар мұндай қомақты соманы бензин бағасын еселеу арқылы жинауға ниетті» деген ойда сарапшылар.

Қалай болғанда да көлік отынының қымбаттауы барлық тұтынушының қалтасына салмақ салмай қоймайды. Мұндай өзгерісті мәселен такси жүргізушілері ауыр қабылдауда.

- Мен бір жолаушыны облыс орталығынан Ертіс ауданына дейін 2000-2200 теңгеге жеткізетінмін. Енді бензин қымбаттаған соң қызмет құнын 2500-2700 теңгеге дейін көтеруге тура келіп тұр. Әйтпегенде, шығынға батамын, - дейді Серік есімді такси жүргізушісі.

Бензиннің бағасы жол жүру құнына ғана емес, азық-түлікке де ықпалын тигізеді. Мәселен, ақтоғайлық саудагер Маржан Смайылова жұмыс істейтін сауда орнына кей тауарларды делдалдар жеткізеді. Олар да жол шығынын есепке алып, бірқатар азық-түлік бағасын қымбаттатқан. Саудагердің айтуынша, қант, макарон өнімдерінің құнына 5-10 теңге қосылды. Баға саясатындағы мұндай өзгерістерге тұтынушылар наразы.

- Бензин сәл қымбаттаса болғаны, барлық қызмет, тауар түрінің бағасы шарықтай түседі. Ол жанармай бағасы өзгеріске ұшырағанға дейін жеткізілген өнім болса да, сатушылар жағдайды пайдаланып, нәпақа табуды ойлайды. Кейді, тіпті, жанармай бағасы 5 теңгеге артқанмен, тауар 50 теңгеге қымбаттайтын кездер болады. Бұл – тұтынушыларды қанау әрі сылтау. Бензин бағасы түссе, сол тауарлар, қызмет түрлері арзандамайды. Мәселен, көктемде жанармай бағасы күрт өскенде қала ішінде таксимен қатынау 400 теңгеге дейін көтеріліп еді, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны, зейнеткер Төлеу Рахманқызы.

Осылайша, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы қоғамдағы барлық дерлік салаға әсер етіп отыр. Ал мұндай жағдайды жергілікті билік өкілдері бақылап, бағаны өсіруге тыйым сала алмайды. Себебі 2015 жылы АИ-92 бензині,           2016 жылы дизельді отын мемлекеттік реттеуден алып тасталған болатын. Яғни, нарық талабына көнуден басқа амал жоқ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz