Айбат Қанғалиевтің айтуынша, жаңа вагондар бейнебақылау, Wi-Fi, GPS құралдарымен, телеэкрандармен және биодәретханалармен жабдықталған. Сондай-ақ, «Тұлпар-Тальго» пойызында мейрамхана, бар, жүк вагоны, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған вагон мен арнайы көтеру құралдары бар. Вагондардың ені, санитарлық-гигиеналық бөлмесі жолаушылардың кіріп-шығуына барынша қолайлы етіліп кеңейтілген.

- «Тұлпар-Тальго» вагондарының екі түрі бар. «Турист» вагондары креслолар және жүк қоятын орны бар. «Гранд-класс» вагондарында электрлі көтергішпен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханамен қамтылған. Пойыз жылдамдығы сағатына 200 километрді құрайды. Бұл жол уақытын 3-3,5 сағатқа дейін қысқартады. Яғни, бұрын Семей арқылы жүрген пойыз 28 сағат 32 минутта Алматы қаласына жетсе, енді жүрдек пойыз бұл бағытқа 25 сағат 6 минут уақытта жетеді. Бұл поездар 26 вагоннан тұрады. Жолаушыларға «Экспресс» ұйымының 254 қызметкері қызмет көрсетеді. Жуық арада Павлодар станциясында филиалы ашылады. Билет құны өзгеріссіз қалады. Белгілі бір бағытқа отырып баратын жолаушылар үшін орындар бағасы арзандатылады. Вагондардың жарамдылық мерзімі - 40 жыл. Айта кетейік, №31/32 пойыздардың сыйымды-лығы 600 адам болса, мұнда 480 жолаушыға ғана орын бар. Бұл алыс жолға сапарлаған жолаушылар үшін ыңғайлы болмақ, - дейді Айбат Қанғалиев.

«Тұлпар-Тальго» вагондары арнайы орталықтарда сынақтардың толық кезеңдерінен өткізілген. Түрлі жүктерді тиеу сынағы, ылғалды ауаға, жоғары қысымды және төменгі температураға, желдің жылдамдығына қатысты ауа райына шыдамдылығы жан-жақты сарапталған. Айта кетелік, жылжымалы құрамды жаңғырту аясында 2021 жылға дейін «Тұлпар-Тальго» жайлы вагондарынан жасақталған пойыздарды қосымша алты бағытқа жіберу жоспарланған.

Жиын соңында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары                   Дүйсенбай Тұрғанов қызмет сапасына риза екендігін жеткізіп, келер жылдың қаңтар айында «Павлодар - Алматы» бағытындағы жаңа пойыздың жолға шығуын салтанатты түрде атап өту керектігін айтты.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz