Мәселен, Баянауыл ауданында бассейн салу үшін 650 млн. теңге қажет. Мұндай қомақты сома жергілікті бюджетте жоқ. Сондықтан қалта көтерерліктей жоба қарастырған жөн. Ал Павлодар қаласындағы колледждердің бірінде спорт алаңын көлденең салу салдарынан жатақхана жобасының құны қымбаттап отыр. Аппараттық жиында облыс әкімі Болат Бақауов мұны басшылардың салғырт-тығы деп бағалады.

- Алаңның дұрыс салынбауы өзге жобаның қымбаттауына әкеліп отыр. Бұған кім кінәлі? Құрылыс барысын бақыламайтын басшылар кінәлі. Жалпы, спорт нысандары жобаларының бағасы шарықтап тұр. Сондықтан осы орайда екі бағытты қарастыру қажет: біріншісі – мемлекеттік–жеке меншік әріптестік,     «Туған жер», «Мектебіме тағзым» бағдарламалары аясында нысандар салып, материалдық-техникалық базаны жақсарту.Екіншісі – жабылып қалған мектептер ғимаратында спорт нысанын немесе балабақша ашу, - деді Б.Бақауов.

Бұл ретте өңірдегі 45 мек-тепте спорт залы жоқ екенін атап өту керек. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітованың айтуынша, бұл оқу орындарында 10-24 шәкірт қана білім алады. Ал аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы ауыл спортына көп көңіл бөлу қажет екенін баса айтты.

- Чемпиондар ауылдан шығады. Елді мекендегі балалардың, жастардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдайды жасау қажет. Качир, Баянауыл, Май аудандарында балалар-жасөспірімдер клубтарын ашу мәселесін де саралаған жөн, - деді Б.Бақауов.

Айта кетелік, қазіргі кезде Тереңкөл, Қызылжар ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. Ал Павлодар қаласында футбол манежін салу қажеттілігі туындап отыр. Себебі облыс орталығы оқушыларының қыс кезінде футбол ойнауы айтарлықтай қиындықтар тудырады.

Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев президенттік тест тапсыруда тұрғындар белсенділігі төмен екенін де бүгіп қалмады. Әсіресе, Екібастұз қаласы мен Баянауыл, Павлодар аудандарында бұл көрсеткіш көңіл көпшітпейді. Сонымен қатар, Лебяжі, Павлодар аудандарында бұқаралық спортпен айланысатын адамдар қатары аз.

Жиынды түйіндей келе, облыс әкімі Болат Бақауов облыста спортты дамытудың нақты тұжы-рымдамасы жоқтығын сынға алды. Олқылықтың орнын толтыру үшін жауапты қызметкерлерге 1 ай уақыт берді. Осы мерзім аралығында павлодарлықтарды бұқаралық спортқа тарту, саламатты өмір салтын сақтайтын тұрғындар қатарын арттыру бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарды жүйелеу қажет.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz