Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаевтың айтуынша, биыл өңірдегі егіс алқабы 990 мың гектардан асады. Қазірде егін ору жұмыстары қарқынды жүруде. Аудандарда астықтың 73-75 пайызы жиналды. Облыс әкімі Болат Бақауов бұл бағыттағы шараларды 8 жұмыс күні ішінде, яғни 25 қыркүйекке дейін бітіруді тапсырды.

Картоп пен көкөніс те жиналуда. Бірақ көрсеткіш аса жоғары деп ауыз толтырып айтуға болмас. Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтарда өнімділік төмен. Шаһар басшысы Нұрлан Дүйсембинов ұсынған ақпаратқа сүйенсек, осы уақытқа дейін картоптың 60 пайызы жиналып, гектарынан 260 центнер өнім алынды. Бұл көрсеткіш аймақ басшысының көңілін көншітпей, мәселенің анық-қанығын анықтауды тапсырды.

Бұл ретте Ораз Дүзденбаев аймақ шаруаларымен бірқатар меморандумға қол қойылғанын атап өтті.

- Жергілікті кәсіпкерлермен 40 меморандум жасалды. Келісімге сәйкес, келесі жылдың 1 сәуіріне дейін әлеуметтік дүкендер мен жәрмеңкелерге жеткізілетін картоптың бір келісінің бағасы 50 теңгеден аспауы тиіс, - деді О.Дүзденбаев.

Ал мал азығы 1,5 жылға жетерліктей етіп әзірленді. Нақтысы, облыста 904 мың тонна шөп шабылып, дайындалды. Сондықтан қара күзден көктемге дейін қорадағы төрт түлік азықтан тарықпауы тиіс.

Атап өтелік, егін, шөп жинау жұмыстарын сапалы ұйымдастыру үшін жыл басынан бері 399 жаңа техника сатып алынды. Облыс әкімі Болат Бақауов ауыл шаруашылығы техникаларына қажет жеңілдетілген дизель отынын тасымалдау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz