Өткен жылдың сәуір айында бастау алған мәдени шараға облыстың барлық ауданының көркемөнерпаздары мен қолөнер шеберлері қатысып, бақ сынады.

- Бұл фестиваль 2008 жылдан бері 2 жылда бір рет өткізіліп келеді. Мұнда аймақтағы барлық мәдени ұжымдардың атқарған істерінің нәтижесі көрсетіледі. Фестивальде өнерпаздардың репертуарларын ғана емес, сахналық костюмдерінен бастап барлық жағынан сынға аламыз. Сонымен қатар, орындалатын әндердің барлығы жанды дауыста болуы шарт. Осы ретте мені ерекше таңқалдырған Железин ауданының хор ұжымы болды. Олар 3 дауыста Біржан мен Сараның операсынан үзінді орындады. Бұл көбіне 2 дауыста ғана орындалатын туынды еді. Және де аудандардан шыққан оркестрлердің жұмысын да атап өткен жөн. Бір өкініштісі, биылғы жылы бас жүлдеге лайықты өнер көрсеткендер болмады, - дейді облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени сауық қызметі орталығының басшысы Ермұрат Тілегенов.

Қазылар алқасы жүлделі орындарды қалалық және аудандық көркемөнерпаздар ұжымдары арасында бөлек үйлестіруді шешіпті. Сонымен, ауылдық көркемөнерпаздар арасында І орын Екібастұз ауылдық аймағына бұйырса, ІІ орынды Ақтоғай мен Железин аудандары өзара бөлісті. Жүлделі ІІІ орынға Баянауыл, Ертіс, Шарбақты аудандарының өнерпаздары ие болды. Ал қалалық ұжымдар арасында І орынды Екібастұз қаласы, ІІ орынды Павлодар қаласы және ІІІ орынды Ақсу қаласы өзара бөлісті.

Аталмыш шараның сәнін кіргізген қолөнер шеберлері де назардан тыс қалған жоқ. Олардың арасынан Май ауданының шеберлері І орынды, Ақсу ауылдық аймағы мен Качир ауданы ІІ орынды, Павлодар, Успен, Лебяжі аудандары ІІІ орынды еншіледі. Сонымен қатар, «Жырлаумен өткен жылдар-ай» атты ретро ақындар айтысының қатысушыларына да құрмет көрсетіліп, сыйлықтар табыс етілді.

Гала-концертті көруге келген қала тұрғындары мен қонақтары әуелі қолөнер шеберлерінің сиқырлы саусақтарынан туындаған түрлі жанрдағы бұйымдарды тамашаласа, үздік көркемөнерпаздар ұжымы өз өнерлерін ортаға салды.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz