Біз сөз еткелі отырған «Ақсәулем» әні де міне қырық жылдан бері ел жадынан өшкен жоқ. Алдымыздағы сенбі - 16 қыркүйек күні Павлодар қаласындағы Ертіс өзенінің жағалауы - Өзен портының аумағында «Ақсәулем» әніне арналған флэш-моб өтпек. Облыс музыканттары арасынан 70 гитарашының сүйемелдеуімен И.Байзақов атындағы облыстық филармония мен «Шаңырақ« халық шығармашылығының әншілері осы әнді орындайды. Бұл әннің авторлары Май ауданынан - белгілі сазгер, қолөнерінің шебері, Мәдениет қайраткері Амангелді Ыдырысов пен ардагер журналист әріптесіміз Серік Мұхтаров. Флэш-мобқа 70 гитарашының таңдап алынуы тегін емес, Амангелді Ыдырысов 70 жастың желкенін керді.

Өмір-өмір, өмір деген қатал-ақ,
Өмірге адам келмейді ғой қайталап.
Қиын екен, қиын екен сонда да
Өмірдегі ең алғашқы махаббат.
Ай-ай-ай-ай-ай, ай-ай-ай-ай, Ақ сәулем... деп басталатын ырғақты биге лайық осы ән 1977 жылы жарық көрген. Сол кездегі жастар алпысыншы жылдардың басынан кең тараған Шәмші ағаның салтанатты вальстерінен бастап, «Неге солай», «Ақ шағала», «Перронда», «Күткенде», «Жасқанам», «Алматы түні», «Әдемі-ау», «Жұлдызым», тағы басқа да көптеген әндермен тербелді. Сөзі мен әні саф алтындай құйылып түскен, орындаушысын тапқан осынау ретро әндер бұл күнде сағынышқа айналды. Солардың қатарында, әрине «Ақ сәулем» де бар еді. Бұл әнді кезінде, тіпті қазір де «Алтаевтар» отбасылық ансамблі орындап келеді, әнші Өктем Алтаевтың да репертуарына енді. Дегенмен жаңғыртып, жарқыратып ел алдына қайта алып шығатын уақыты жеткен секілді. Өйткені алдағы күндер жастарына да тап осындай әндер керек боларына сенеміз.

А.Ыдырысовтың бұдан басқа да бірқатар әндері бар. Олардың ішінде «Алға, жастар«, «Желбіре туы қазақтың« әндері үшін 2013 жылы «Қазақстан патриоты« медалімен марапатталған болатын. Сондай-ақ сазгер Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай қобыз бен домбыра жасаушылар байқауында жеңімпаз атанды, Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бірлік. Тәуелсіздік. Достық« фестивалінде «Облыстың үздік сазгері» атағына ие болды.

Иә, ән - адам жанымен егіз! Сөздері маржандай, әр нотасында қиялды алысқа, артта қалған жастық шаққа жетелейтін, іштегі мұң-сағынышты қозғайтын жанға дәру сыршыл әндер, рас, өміршең болмақ.
Кезінде Бекен Жамақаевтың:

«Кезсем-дағы қай өлке, қай даланы,
Самал жел сені аңсап аймалады.
Махаббаттың көрдің бе құдіретін -
Жердің өзі бір сен деп айналады.
Аялап тербеткен,
Сұрашы жер-көктен...» деген әні («Сен ғана») қандай еді?! Бұл ән де бүгінгі орындаушысын күтіп жатыр.

Өмірге деген құштарлықты оятып, жан дүниеңді ізгілікке жетелейтін «Ақ сәулем» секілді әндер көбірек болса деп тілейсің. «Сүйдім-күйдім», «жалғыз қалдым», «жүрек өртенді», «өлетін болдым» деп бақырып-шақырып айтатын, сөзінен де орындалуынан да шошитын әнсымақтар қандай, «Сырғаңды қайық қылып өткіз мені» деп жігіттің назын сыршыл сазбен жеткізген баяғының әні қандай?!

Бүтін бір буын ұрпақтың жастық шағын махаббат бесігінде тербеткен Амангелді ағамыздың «Ақ сәулемі» де жоғарыда айтып өткен ретро әндердің қатарынан ойып орын алды, халыққа кеңінен тарады. Қазір сол кездегі той, би кештері еске түссе, санада «Ақсәулем» де жаңғырады.

«Бұл әннің музасы кім екен?» деген сауал да көкейде еді. Қалай десек те, «Ақ сәулем» әуелей берсін!

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz