Қаласаң мейлі сөз етпе,
Айналды бір жайт себепке.
Кисем де үлде-бүлдемді,
Сүйретсем де құр сүлдемді,
Тұрамын ылғи кезекте.

Дүкенге кірдім ақырын,
Анайы болу - жат ұғым.
Кезектің айтсам көлемін,
Ұзыннан-ұзақ шақырым.

Емделу болып арманым,
Аруханаға барғанмын.
Кезектен ернім кезеріп,
Екі көз тұздай безеріп,
Өліп-ақ кете жаздадым.

Өртенді жанның өзегі,
Адамзат бірақ төзеді.
Жылжымай қойды жыландай,
Тұрғын үйдің де кезегі.

Алаң да алаң, алаң да,
Тыныштық мынау заманда.
Кезегі келмей жүретін,
Адамдар аз ба қоғамда.
Алты жыл күткен мен түгіл,
Бала бақшаны балам да.

Қырға барсаң да сол кезек,
Ойға барсаң да сол кезек.
Ақ тілек айтар сәттерде,
Тойға барсаң да сол кезек.
Қолыңа талдан таяқ ап,
Қойға барсаң да сол кезек.

Жаныңды солай мезі еткен,
Өкініш көрем өзектен.
Өмірдің өзі байқасам,
Тұрады екен-ау кезектен.

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz