Куәгерлердің айтуынша, таңертеңгі сағат 10.50 шамасында «КамАЗ» көлігін тізгіндеген жүргізуші ішінде 18 жас спортшы бала бар автобус келе жатқан қарсы бағытқа шығып кеткен. Мұны байқап қалған қағылез полиция, Баянауыл аудандық полиция басқармасының қызметкері Мұрат Нұрсейітов балаларды құтқару үшін өзі отырған «Лада Гранта» автокөлігімен «КамАЗ»-дың алдына келіп, көлденең тоқтай қалған. Полицияның көзсіз ерлігінің арқасында автобустағы балалар мен 4 тәрбиеші аман қалды.

Қуантарлығы, жол апатының салдарынан ауыр соққы алған полицейлердің жағдайы жақсы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Мұхамадиеваның айтуынша, Павлодар қалалық №1 аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан полиция қызметкері Мұрат Нұрсейітов қазіргі таңда есін жиған. Жағдайы бір қалыпты. Алдағы бір-екі күннің ішінде оны санитарлық авиацияның көмегімен Астана қаласындағы №1 қалалық ауруханаға жеткізу жоспарлануда. Ал оның серіктесі, полиция сержанты Баянбек Жүнісов денсаулығына еш қауіп төнбегеніне байланысты медициналық көмектен бас тартқан.

Бейбіт күнде ерлік жасап, балалардың өмірін аман алып қалу үшін бастарын қатерге тіккен екі полицияға демеушілер 10 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті, деп хабарлайды бақ өкілдері.

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, әзірге апаттың нақты себебі белгісіз. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетерлігі, қауіп-қатерден аман қалған балалар шахматтан облыс чемпиондары атанды.

Н.АҚЫТЕГІ.

saryarka-samaly.kz