Былтырғы жылы «Ақтоғай ауданын- дағы Түлкі өзені ағысының бастауынан Алға ауылына дейін қайта жаңғырту» бағдарламасы бойынша өзеннің 23,6 шақырым аумағын тазарту жоспар- ланған болатын. Аталған басқарманың бөлім жетекшісі Дияр Қайыркеновтің айтуынша, жоғарыдағы жоба өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Келер жылға дейін жалғасады.

- Түлкі – Ертістің толып жатқан сағаларының бірі. Осы тазарту жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 160 миллион теңге бөлінді. Оның 810 миллионы биыл игеріледі. Жұмыс 2018 жылы аяқталады деп жоспарлаудамыз. Біз қоршаған ортаны қорғауға және орын алып жатқан олқылықтарды толтыруға тиістіміз. Мақсатымыз - Ертістен бөлініп ағатын Түлкі өзенін табиғи қоқыстардан тазарту. Соңғы жылдарда бұл өзен таяз- данып кеткен. Яғни түбіне лай батпақ араласқан табиғи қоқыстар жиналып қалған. Өзеннің бетін құлаған ағаштар жапқан, - дейді Дияр Қайыркенов.

Аталған жоба жұмысын бақылау жөніндегі комиссияның мүшесі Серік Байбосынов тазалау жұмыстары жүргізілген аумақтарда өзен бұрынғы қалпына келе бастағанын айтады. Шаралар дер кезінде қолға алынбағанда өзеннің кейбір аумақтары қиын жағдайда қалар еді. Ал Түлкі өзені тартылып қалса, өзен жағалаған шаруалардың зардап шегетіні анық. Мәселен, Ақтоғай ауданындағы ең ірі шаруашылықтың бірі «Ақтоғай-Агро» ЖШС 500 гектарға жуық егістік алқабын осы өзеннің суымен суарып отыр. Бұдан басқа да шаруашылықтар өзеннің суын күні бүгінге дейін пайдаланып келеді.

Ауқымды жобаны Павлодар қаласындағы «Өзен порты» АҚ жүзеге асыруда. Түлкі өзенінің жалпы ұзындығы 40 шақырымды құрайды. Аталған жоба бойынша соның 23,6 шақырым аумағына тазалау жұмыстары жүргізілуі керек. Оның 12,5 шақырымы биылғы жылы аяқталады деп жоспарланған. Десе де, атқарушы тарап қазірдің өзінде жоспарды 2-3 шақырымға артық орындап отыр.

Өзеннің жағасына шығарылған табиғи қалдықтар тиісті орындарға жиналып, жақын маңдағы ауылдардағы зейнет- керлер мен мұқтаж жандарға отын ретінде тегін таратылмақ.

- Ертіс өзеніндегі қалыпты жағдайдың бұзылуы табиғи апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Баға жетпес байлығымызды барында бағалауға тиістіміз. Қауіптің алдын алу үшін осыдан үш жыл бұрын жаңғырту жұмыстарының жобалық- сметалық құжаттарын дайындаған едік. Қажетті қаражат бөлінген соң жобаны бастап кеттік. Қазір Түлкі өзенін тазалауға арнайы 5 техника жұмылдырылып, 20-дан астам адам жұмыс істеуде, - дейді «Өзен порты» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Төлеген Күлжанов.

«Өзен порты» АҚ бұдан бұрын Павлодардағы Усолка, Ақсудағы Ертіс сағасын, Баянауылдағы Сабындыкөл секілді өзен-көлдерге тазалау жұмыстарын жүргізген.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz