Павлодардағы өзен вокзалында аудандар мен қалалардан жиналған гитарашылар А.Ыдырысовтың құрметіне орай оның «Ақсәулем» әнін шырқады. Шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

- Бүгінгі күн біз үшін ерекше. «Ақсәулем» әнін білмейтін адам жоқ деп айта аламын. Флеш-мобқа аймақтағы кәсіби музыканттар, студенттер және мектеп оқушылары арнайы келіп отыр. Бұл - біздің өнер иесіне деген тартуы- мыз. Бүгін ән авторының туған жері Май ауданында осы айтулы датаға орай дүбірлі мереке болып жатыр, - дейді И.Байзақов атындағы облыстық филармония басшысының орынбасары Латипа Құрақбаева.

Ал мерекелік шараға қатысқан өңірдегі бард әншілер тобы мүшелерінің ең үлкені Нұраш Бейсембаева болса А.Ыдырысов өзінің сүйікті авторларының бірі екенін атап өтті.

- Менде музыкалық білім жоқ, дегенмен, өнерге өз күшіммен келіп, үйрендім. Жастайымыздан сүйіп орындап, қазіргі күнге дейін репертуарымыздан тастамай айтып жүрген әндеріміздің авторы павлодарлық екенін бірі білсе, бірі білмейді. Өз басым Амангелді Жәкенұлының жерлесім болғанына қуанамын, - дейді
Н.Бейсембаева.

Айта кетелік, қазақтың көрнекті композиторларының бірі, қолданбалы қолөнер шебері, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Амангелді Жәкенұлы 1947 жылы 13 қыркүйекте Май ауданы Көктөбе ауылында туған. Ол өз талантының арқасында бірнеше мәрте Құрмет грамоталармен және дипломдармен марапатталған. Ұлы Жеңістің 70 жылдығында ол қобыз және домбыра жасаушылар конкурсында жүлделі орын алған, 2007 жылы «Мәдениет қайраткері» атағы берілді. 2013 жылы «Алға, жастар» және «Желбіре, туы қазақтың» әндері үшін «Қазақстан патриоты» медалімен марапатталды.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz