Бұл күні Ақтоғай, Лебяжі, Успен және Павлодар аудандарының 50-ден астам шаруа қожалығы және 50-ге жуық тұрғыны сүт пен көкөністі кіші айналма жол ауданында, етті «Квазар» және «Керуен» базарларында саудаға шығарды.

Качир сүт зауыты мен «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүттің бір литрін 100 теңгеден сатты. Картоп, қырыққабат, сәбіздің бір келісі 50 теңгеге, қызанақтың бір келісі 80 теңгеге, лебяжілік қарбыздың бір келісі 40 теңгеге бағаланды. Жалпы, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 9 тонна картоп, 4,5 тонна қырыққабат, 1,7 тонна сәбіз, 300 келі қызылша, 2,2 тонна пияз, 1,9 тонна қызанақ және 19 тонна бақша өнімдері сатылды.

- Қазіргі уақытта көкөністердің бағасы төмен. Тұтынушылар осы жағдайды пайдаланып, қысқа дайындалып үлгергені жөн. Осы мақсатта төрт ауданның шаруа қожалықтары мен жеке аулаларының қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Кәсіпкерлер де, тұтынушылар да риза, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Татьяна Нагула.

Салыстырар болсақ, облыс орталығындағы дүкендерде картоптың бір келісі орта есеппен 70 теңгеден, пияз 90 теңгеден, қызанақ 110 теңгеден саудалануда. Яғни, жәрмеңке өнімдері анағұрлым арзан. Айта кетелік, көктемнен күзге дейін бел жазбай еңбек етіп, бау-бақшасында көкөніс өсірген кәсіпкерлер мен тұрғындар бір күндік жәрмеңкеде барлығы 15,9 млн. теңге табыс түсірді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz