Облыс әкімі Болат Бақауов бастаған делегация Қытай Халық Республикасына аттанды. Бірінші күні аймақ делегациясы қытайлық ірі кәсіпорындардың бірі - YEMA корпорациясының өкілдерімен кездесті. Аталмыш кәсіпорын Үрімшіде жоғары технологияларды дамыту және меңгеру өндірістік аймағында орналасқан. Корпорацияның жарғылық капиталы 150 миллион қытай юанін құрайды.               20 жылдан астам уақыт қызмет ететін компания сыртқы экономикамен, қаржы институттарымен, мәдени туризммен және салааралық қызметпен айналысады. Сапалы қызметі үшін бірқатар марапатқа да ие болған. Мәселен, «Басты кәсіпорын», Синьцзян банк консорциумының «Несие бойынша адал кәсіпорны» және «Партиялық құрылыс пен шаруашылық бойынша мықты кәсіпорын» аталымдарына лайық де танылған. Қазіргі таңда корпорацияның сыртқы сауда-экономикалық платформасында 8 еншілес фирмасы бар. Негізгі сауда серіктестері - Орталық Азия елдері мен Ресей.

YEMA басшысы Чен Ганның айтуынша, бүгінгі таңда Қытай мен Қазақстан арасында шекараның 5 учаскесі ашық, сондықтан мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты дамытып, инвестиция салуға еш кедергі жоқ.

- Алдымен ірі қытай компанияларымен байланысты, ауылшаруашылығы саласында ынтамақтастықты орнату үшін көпір ретінде қызмет етуге дайынбыз. Сіздердің өнімдеріңіз экологиялық тұрғыдан ең таза, сондықтан бізге аса қажет. Сонымен қатар, битум өндіресіздер, оны Қытайда саудалауға болады,                     - деді Чен Ган.

Өз кезегінде облыс әкімі Болат Бақауов қытайлық әріптестерге жылы қарсы алғаны үшін алғыс білдіріп, аймақтың әлеуеті туралы кеңінен атап өтті.

- Бүгінде Павлодар облысындағы қытай компаниялары көбіне мұнай өңдеу зауыттарындағы құрылыс жұмыстарымен айналысады. Біз қытайлық кәсіпкерлерді инвесторлар ретінде көргіміз келеді. Павлодарда жұмыс істейтін арнайы экономикалық аймақта іс бастауға ниет болса, біз жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Мұнда инвес-торлар үшін барлық жағдай жасалған. Ол үшін сіздерге не қажет екенін және біз қандай көмек бере алатынымызды әбден саралап алған жөн. Сіздердің қытайлық кәсіпорындармен байланыстарыңыз оң жолға қойылғандықтан, облысымызға өзге де инвесторларды тартуға қолдау көрсетесіздер деген ойдамын, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар, павлодарлық делегация Шаньси провинциясында ауыл шаруашылығы тауарларын сату бойынша Қытай көрмесінің бесінші сессиясына
қатысып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, бірқатар меморандумға қол қояды деп күтілуде.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz