Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі (1858-1931)
(Баянауыл ауданы, Ескелді мекені)

Тарихи тұлға, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп бабамыздың кесенесі 2006 жылы бой көтерген. Халқымыздың болашағын болжаған дала данасы Асан қайғы бабамыз Баянауыл тауларын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады», – деген екен. Расында да, жері қасиет пен құдіретке тұнған бұл мекенге келіп, тәу етпеген қазақ жоқ шығар, сірә... Ал Баянауылға барған ағайын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне ат басын бұрмай кетпейді.

Көне түркі дәстүрі бойынша жасалған кесене жобасын дайындауға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мамандары мұрындық болған. Университет ғалымдары қолға алған жоба ежелгі түркі та йпаларының сәулет ерекшелігі, ислам дінінің өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Кесене зиратхана және көрхана атты екі бөліктен тұрады. Көрханада әулие бабамыздың жатқан жері, сандықтасы, құлпытасы қойылып, шамшырағы орнатылған. Әрбір бөліктің көлемі – 8/8 шаршы метр, ал кесененің биіктігі 14 метр болады. Салмағы 9,5 тонна болатын құлпытасы мен сандықтасы мәрмәр тастан жасалған. Айшық темірлері әрленіп, алтынмен жалатылған. Кесененің кіре-берісінде Құраннан аяттар жазылған.

Исабек Ишан хазірет кесенесі (1792-1871)
(Екібастұз қаласы)

Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл–Жайылмада жерленген Исабек Ишан хазірет пен Жандарбек қожа кесенелері 2010 жылы салынды. Үш күмбезді кесенеде Исабек Ишанның өзі және оның жалғыз ұлы Нұрмұхамед пен бауыры Мұхаммед Нияз жерленген. Қасында бір күмбезді кесене бар, ол Исабек ишанның ұрпағы Жандарбек қожаның бейітінің орнына тұрғызылыпты. Ақ тастардан қаланған екі кесененің бірінің биіктігі 9, екіншісі, 7 метрге жетеді. Мәрмәрдай ақ тастар 362 әулие мекендеген Маңғыстау даласынан 5 вагонмен жеткізілген көрінеді. Сөйтіп, өткен жылдың күзінде зираттар орнына келіп, тәу етуші халық үшін шырақшы үйі салынды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі
(Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылы)

Орналасқан жері: Торайғыр ауылы, Баянауыл ауданы. Шағын ғана музейде ақын тұтынған тұрмыстық бұйымдар, әр жылдардағы фотосуреттері, шығармалары, басқа да заттарын қосқанда 300-ге жуық жәдігер бар.

Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы кесенесі
(1853-1926) (Шарбақты ауданы)

Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы өз заманының танымал адамы болды. Адалдық пен әділдікке, ізгілік пен мейірімділікке бастайтын Ислам дінін тереңінен меңгеріп, оны халық арасында насихаттады.

Ғабдыл-Уахит хазірет 1853 жылы өмірге келді. Әкесі Тіленші еті тірі, пысық, заман ағымын қатарластарынан ерте түсінетін, өмірге деген ұстанымы берік болды. Балаларын қалың бұқара ортасында сауатсыз қалмас үшін оқытып, сауатын ашты. Ғабдыл-Уахит хазірет ең алдымен алты жасынан бастап ауыл молдасынан дәріс алды.

Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы білімін одан әрі жетілдіру үшін 1873 жылы Бұхара қаласындағы «Мір Араб» медресесіне қабылданып, мұнда 15 жыл оқиды. Туған жеріне оралған хазірет ислам дінін насихаттаумен, шәкірт оқытумен шұғылданды.

Өмірінің соңғы жылдарында Шарбақты ауданының Арбиген ауылының оңтүстік шығысындағы «Келдіқыз» жайлауына өзі салдырған Алла үйінде ұстаздық жұмысын жалғастырды.

Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы 1926 жылы өмірден өтті. Өмірін дін жолына арнаған хазіретті соңында қалған ел-жұрты «Келдіқыз» жайлауына жерлеп, басына бөренеден мазар тұрғызды.

Қалмаққырылған тауы
(Май ауданы, Ақшиман ауылының маңы)

Халқымыздың асқан ерлігін, жерін, елін қорғауға деген батырлығын, табандылығын айғақтайтын дәлел-деректер толып жатыр. Солардың бірі - Павлодар облысы Май ауданы аумағындағы Қалмаққырылған тауы. Аты айтып тұрғандай, бұл - қазақтың ата жауын жеңген жері.

Май ауданы, Ақшиман ауылы тұсында Қалмаққырылған деп аталатын тау бөктері бар. Ғасырларға созылған қазақ пен қалмақ арасындағы қанды қырғынның жаңаша беталған жері бұл. Яғни, Арқаның батырлары бастаған қол қалмақ қонтайшыларын қазақ жеріне қайтып келе алмастай қылып күйретті.

Естай Беркімбаев зираты (1874—1946)
(Ақтоғай ауданы)

Е.Беркімбаев ақының зират ескерткіші 1969 жылы тұрғызылды. Зират басындағы ескерткіш тас Павлодар сурет шеберханасында жасалған. Көлемі 3х1,2 м.

Е.Беркімбаев (1870-1946 жж.) – қазақ халық ақыны. Павлодар уезінде (қазіргі Өлеңті ауылдық округі) малшы-жалшының үйінде туған. 1888 жылдан өлең айтуды бастаған. Екі жылдан кейін өлең шығара бастап, кейіннен импровизатор ақын болды. Естайдың ән-өлеңдері шыншылдығымен, халық ойымен ұштасуымен ерекшеленеді. Бұлар: «Қарығаш», «Базына». Естай Беркімбаевке Қазақ ССР-нің Еңбегі сіңген қайраткері атағы берілген. 1969 жылы совхоздың тапсырысы бойынша Павлодар сурет шеберханасында ескерткіш тас жасалды.

Қоңыр әулие
(Баянауыл ауданы)

Қоңыр Әулие туралы да аңыздар көп. Белгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киелілігін дәріптеп, «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрайтын жері» деп өз көзқарасын білдірген. Қоңыр әулие үңгірі тау басына орналасқан. Оған баратын баспалдақтың биіктігі 110 метрді шамалайды. Онымен бойлай жүрсеңіз, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң алдыңыздан шығады. Үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метрді құрайды. Үңгір екі бөліктен тұрады. Кіре беріс мешіттің күмбезіне ұқсас болғандықтан, «күмбез» деп аталады, онан кейін Әулиенің отырған жері деп саналады. Бұл тас әйелдің жатқан бейнесі іспеттес. Бұл Қоңыр әулие үңгірінің дәл жанында орналасқан.

Әзірлеген - Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz