Тәртіпсіз сақшылар

Жаз мезгілінде жағымсыз әрекеттерімен әлеуметтік желіні шулатқан тәртіп сақшы-ларының қатысуымен болған бірқатар жағдайды тізіп көрейік. Мәселен, маусым айының соңында YouTube желісінде «Павлодар полициясы» деген атаумен видеожазба жарияланған болатын. Ғаламторға жүктелген көріністе полицейлердің әлдебір ер азаматпен теке-тіресі бейнеленген. Онда полиция қызметкерінің тұрғынды бетінен шапалақпен ұрғанын анық көруге болады. Сөйтіп әлгі азаматтың қолын қайырып, көлікке кіргізеді. Кейін мәселеге оның әйелі араласады. Жұбайы арашаға түскенімен, ұрыс біразға дейін созылады. Кейін анықталғандай, 43 жастағы ер азамат мас күйде болған. Алайда полиция қызметкері ашуға бой алдырып, жөнсіз әрекет жасаған. Бұл бір.

Тағы бір жанжалды оқиға, қызмет бабын асыра пайдаланып, дәмхананың бірінде келушілермен жаға жыртысқан тәртіп сақшыларының әрекетін барлық жұрт жақсы біледі. Атышулы бейнеролик әлеуметтік желілер арқылы бірден тарап кетті. Видеода полиция қызметкерлерінің жас жігіттерді ұрып жатқанын көреміз. Тәртіп сақшылары шақырту бойынша дәмханаға келушілер арасындағы жанжалды тоқтату үшін келген. Нәтижесінде құқық қорғау органының қызметкерлері заңбұзушылыққа барып, азаматтарды соққыға жыққан. Аталмыш жағдай тамыз айында орын алған болатын. Оқиғаға 4 бірдей ішкі істер саласының маманы қатысқан еді. Заң бойынша, мемлекеттік қызметші тәртіпсіздікке жол берген әріптесін тоқтату үшін шара қолдануы керек еді. Бірақ аталмыш жағдайда олардың ешқайсысы мұндай әрекетке бармаған. Жаға ұстатарлық оқиғалар мұнымен шектелмейді.

Қызмет бабынан тыс оғаш қылық көрсеткен полицейдің мына бір әрекетіне не дейсіз? Еңбек демалысында жүрген Ақсу қаласындағы тәртіп сақшысының оғаш қылығы әлеумет назарын тез аудартты. Полиция капитаны араққа сылқия тойып, темір тұлпарымен 5 бірдей көлікті соққан. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Тәртіп сақшысы оқиға орнына жеткен өз әріптестеріне, яғни полицейлерге де бағынбай, көлігіне тығылған. Сондықтан бұзақыны темір тұлпар терезесін бұзу арқылы құрықтауға тура келген.

Жауапсыздар жазаланады

Облыстық ішкі істер басқармасының мамандары жоғарыдағы қызметкерлерінің бұл әрекеті құқық қорғау органдарының абыройына орасан нұқсан келтіргенін айтады. Сол себепті қоластындағы қызметкерін бақылай алмаған бөлім басшылары да қатаң жауапкершілікке тартылмақ. Әлгі дәмханадағы жанжалға қатысқан 4 қызметкер де жұмыстан босатылған.Дәмхана келушілеріне күш қолданған қызметкердің әрекеті «лауазымын асыра пайдаланған» деп бағаланады. Сондай-ақ, ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне бағынбағаны және күш қолданғаны үшін осы оқиғаға қатысы бар азаматтар да жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық істі тергеу барысында оқиға орнынан алынған видеожазба негізге алынған. Тәртіп бұзған сақшылардың басшылығы, яғни жол-патрульдік полицейі, батальон командирі және олардың тәрбие жөніндегі орынбасарлары, взвод командирлері жоғарыдағы қызметкерлерінің жағаұстатарлық әрекеті үшін де тиісті жазаға тартылған.

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Марат Қожаев қызмет бабын асыра пайдаланған кез келген қызметкер жұмыстан босатылатынын айтады. Сонымен қатар, заңсыз әрекетке барған тәртіп сақшысының бөлім басшылары, командирлері де қатаң сөгіс алады.

Генерал-майор аталмыш жағдайлардың орын алуын басқа бір себеппен түсіндірді.

Ол ішкі істер саласына жұмысқа тұрғысы келетін қызметкерлердің сапасына алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарында қызмет етуге ниет білдірген азаматтарға моральдік тұрғыдан, мінезіне қатысты аса жоғары талап қойылмайды. Арнайы білімі мен Отан алдындағы борышын өтесе болды. Созылмалы ауруға шалдықпаған болуы керек. Павлодар - қуатты өндіріс аймағы. Жастардың барлығы еңбекақыны жақсы төлейтін кәсіпорындар мен зауыттарға қызметке орналасады. Сондықтан құқық қорғау органы жоғары жалақыға қол жеткізе алмаған қыз-жігіттерді жұмысқа қабылдауға мәжбүр. Мәселен, 2017 жылы ішкі істер органдарында 330 бос жұмыс орны ұсынылған. Барлығы 193 азамат жұмысқа тұруға ниет білдірді. Алайда оның 35-і немесе 18 пайызы ғана іріктеуден өткен.

Тағы бір себеп. Марат Шәдетханұлының сөзінше, Павлодарда тәулік бойы ішімдік саудалайтын сауда нүктелері өте көп. Биыл алғашқы 7 айдың ішінде шаһардағы дәмханалардан 100-ден астам өтініш түскен.

- Спирттік ішімдіктерді саудалайтын дәмхана маңында қылмыс пен құқық бұзушылықтың орын алатыны жасырын емес. Солардың бірі «Арай» ЖШС басшылығына қылмыстар жасауға себеп болатын жағдайларды жою туралы бірнеше рет ұсыныс жолданды. Бұдан бөлек, тамақтану орнының жұмыс уақытын шектеу немесе спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салу жөніндегі ұсыныстар өкілетті органдарға да жіберілді. Бұл полицейлердің құзіретіндегі мәселе емес. Павлодар қаласында осындай бағыттағы дәмханалардың санында шек жоқ. Біз шағын және орта бизнестің ісіне қарсылық білдіре алмаймыз. Бұл жағдайды атқарушы органдар ғана қолға ала алады. Шу шыққан кезде шақырту түскен бойда қызметкерлеріміз жедел түрде оқиға орнына барып, тиісті шара қолданады. Бірақ қызметкерлер қызмет бабын асыра пайданбауы тиіс. Заңсыз әрекетке жол берген мамандар тиісті жауапқа тартылады, - деді М.Қожаев.

Күш қолдануға құқылы

Дұрыс-ақ. Жауапкершіліктен құтылмайды делік. Бірақ облыстық құқық қорғау саласында кадр мәселесі тапшы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мамандардың сөзінше, бүгінгі күні 300 жұмыс орны бос тұр! Ол дегеніңіз - 300 адам. Демек, мұндай жауапты қызметке келген қызметкер жоғарыдағы заңсыз әрекеттерді қайталамайтынына кепілдік жоқ. Жалпы, полицейлердің тәрбиесін қадағалайтын мамандар бар ма? Олардың әрекеттері қалай бақыланады?

Павлодар облыстық ішкі істер департаменті кадрлар басқармасының басшысы Ренат Шайков қатардағы қызметкерлерге тәрбие сағаттары ұйым-дастырылып тұратынын айтады. Тіпті, мұндай бағытта республикалық, облыстық жарыстар да өткізіледі екен.

- Ішкі істер саласында қызмет еткісі келетін үміткерлер арнайы іріктеуден өтеді. Қатарға алынған маман кемінде 3 жылдық тәжірибесі бар қызметкердің тәрбиесінде болады. Полицей арнайы күнделік бастап, бір жыл бойы оның тәртібін қадағалайды. Жас маманның міндеттері анық көрсетіледі. Психолог мамандар да жұмыс жасайды. Бекітілген қызметкер қарауындағы маманмен бірге кезекшілікке шығады. Тіпті, отбасылық жағдайымен танысуға да міндетті. Ақыл-кеңестерін ұсынады. Ішкі істер саласындағы әр бөлім басшысы қатардағы қызметкерлеріне тәрбие жұмыстарын жүргізуге міндетті. Кадр бөлімі бұл бағытқа бақылау жасайды. Егер әлдебір қызметкер тәртіп бұзса, алдымен офицерлер кеңесінде талқыланады. Ардагерлер кеңесі де бар. Әріптестер арасында спорттық жарыстар мен мерекелік кештер де жиі ұйымдастырылады. Жеке қауіпсіздік құрамымен бірге профилактикалық шаралар да өткізіледі. Рейд барысында қызметкер-лердің жұмыс орнындағы жүріс-тұрысы мен киім киісі, тұрғындармен қарым-қатынасы басты назарға алынады, - дейді ол.

Мамандардың сөзінше, полицей өз формасына ұқыпты болуы керек. Жұртшылықпен дөрекі сөйлеспеуі тиіс. Қызмет бабында ішімдік тұтынбауы қажет.

«Құқық қорғаушылар қандай жағдайда күш қолдануға құқылы?» деген заңды сауал туындайды. Р.Шайковтың сөзінше, полиция қызметкерлеріне белігі бір жағдайларда күш қолдануға заң жүзінде рұқсат берілген.

- Заңға сәйкес, полицейлер күрес әдістерін, қолындағы таяғын, тіпті қаруын қолдана алады. Кей кездері тәртіп бұзушылар біздің қызметкерлерімізге қарсы шығып, жағдайды ушықтырып жатады. Талапқа көнбей, жұдырық ала жүгіретіндер де бар. Мұндай жағдайда құқық қорғаушылардың қарап тұрмасы анық. Бұзақыны тезге салу үшін жоғарыда аталған әдістерді пайдаланады. Алдын ала ескерту жасамауға құқылы екенін атап өткен жөн. Барлығы арадағы жағдайға байланысты, - дейді Р.Шайков.

Ренат Зейнішұлы Павлодар өңірінде полицейлер тапшылығының тағы бір себебін айтты. Оның сөзінше, жол-патрульдік қызметі мен учаскелік полицейлерге сұраныс көп. Мәселенің ушығуына зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер себеп. Өткен жылы аймақтың ішкі істер қызметінен 280 адам құрметті демалысқа кеткен. Оның себебі де жоқ емес. Бұдан былай, офицерлер аралас еңбек өтілімен зейнетке шығады. Бұған дейін сержанттық құрамда мұндай мүмкіндік болмайтын. Ал былтырдан бастап олар қарапайым офицерлермен теңестірілді. Яғни енді оларда 12 жарым жыл полицейлік және 12 жарым жыл азаматтық қызметтегі өтілі болса, құрметті демалысқа шығуға құқылы. Осыған байланысты сержанттық құрамнан зейнетке кетушілер саны артты. Сондықтан аталмыш бос орынды толықтыру, жас мамандарды даярлау ісі оңай болмай тұр.

Тобықтай түйін:
Осылайша, жауапты тұлғалар тәртіп сақшыларының арасындағы тәртіпсіздік кадр тапшылығы мәселесіне қатысты деп отыр. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні» белгілі. Бірақ «маман жетпейді» деп құқық қорғау саласына жұмысқа көлденең көк аттыны қабылдай беруге бола ма? Қабылдаған күннің өзінде олардың тәрбиесімен мұқият айналысқан жөн болар. Шенділердің шектен шықпауы мұқият қадағаланса дейміз. Заң барлығына - ортақ.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz