Қабылқақ ҚАПЕНОВ, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты:

- Ауыл және қала жастарының өзіндік айырмашылығы бар. Ауылдан шыққан бала қалада қызмет атқара алмайды деген талап жоқ. Егер қызмет бабымен қалаға аттанса, оған неге кедергі келтіруіміз керек? Астанадағы жұмысшылар дауына қалаға келген ауыл жастары кінәлі емес. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Ауыл азаматтары еріккеннен қалаға ағылып жатқан жоқ. Барлығы күнкөрістің қамы. Жұмыссыз отырған адам жанұясын асырауы тиіс. Сол үшін қалаға барып, ауыр жұмысқа жалданып, нәпақасын табуға тырысады. Жастар ауылға барғысы келмейді дейді. Оған себеп, жоғары және орта білімі бар жастар ауылға барып, жұмыс істеуге қызықпайды. Жалақының аздығына байланысты ұсынған жұмыстан бас тартады. Егер оларға толық жағдай жасалса, дайын қызметтен кім қашады? Жұмыс істеймін деген адам кез келген жерден екі қолға бір күрек таба алады. Ауылда дәрігер, мұғалім, ветеринар мамандары тапшы. Жастар алдымен баспанамен қамтылуы керек. Жалақы мөлшері де аз болмауы тиіс. Осылайша ұсыныс пен сұраныстың сәйкес келмеуінен, жұмыссыздық және маман тапшылығы мәселесі шешілмей келеді.

Мұрат ӘБЕНОВ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары: (пікір әлеуметтік парақшасынан алынды).

- Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен Владимир Божконың пікірімен келіспеймін. Ауыл жастарының қалаға келу деңгейін азайту бұрын КСРО уақытындағы жағдайды еске салады. Ол кезде ауыл тұрғындарының қалаға көшуін тіркеу құжаты арқылы шектеп, өзге республикадан қоныс аударғандарға жағдай жасалған еді. Сол замандағы жағдайды қайталаудың не қажеті бар? «Абу-Даби Плазадағы» төбелестен кейін Қазақстан жастарын ауылдан шығармау деген пікір дұрыс емес. Сонда барлық жағдайды шетелдіктерге жасау керек пе? Керісінше, ауылдан шыққан жастарды көбірек көшіріп, қызметке орналастыру керекпіз. Егеменді елміз ғой. Ауыл жастарының құқығын шектеген дұрыс емес. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Серпін» бағдарламасы арқылы жастардың ауылдан қалаға көшуі жөнінде тапсырма беріп, оларға барлық жағдай жасауды жүктеді. Жұмыс және баспанамен қамтуға міндеттіміз. Сондықтан жоғарыдағы ұсыныстық конституцияға сәйкестігін тексеру қажет деп ойлаймын.

Фарида МҰҚАШЕВА, заңгер:

- Өз басым ауыл жастарының қалаға көшуіне шектеу қоюға қарсымын. Заң бойынша бұл жағдайда ауыл азаматтарына ешкім қарсылық білдіре алмайды. Заңгер ретінде жоғарыдағы бастама адам құқығын шектеу- мен тең екенін айтқым келеді. Ауылдық азаматтардың конституциялық құқығын бұзу болып саналады. Ата Заңымыздың 14-бабында: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп анық жазылған. Сонымен қатар, 21-баптың 1-тармағына сүйенсек, Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар. Сондықтан асығыс шешім қабылдамаған жөн.

saryarka-samaly.kz