Ел Тәуелсіздігінің ең басты құндылығы - оның мемлекеттік тілі екені баршамызға аян. Қазақстан үшін қазақ тілі қаншалықты құнды болса, осында өмір сүретін халықтардың өз ана тілдері де сондай қажет. Сондықтан болар, қыркүйек айының үшінші жексенбісі Қазақстан халқы тілдері күні болып аталып өтілуде.

Облыстық тілдерді дамыту басқарма басшысы Сәуле Османованың сөзінше, тілдер күнін ұлықтау сол күнге ғана тиесілі емес. 22 тамыздан 22 қыркүйекке дейінгі бір ай тілдер айлығы деп жарияланып, әртүрлі рухани маңызы зор шаралар өтуде.

- Қазақстан халқы тілдері күні елімізде 1998 жылдан бастап аталып өтілуде. Бұл - елімізде тұратын өзге ұлттар арасындағы достықты, татулықты нығайтатын бірден-бір мереке. Жалпы, айлық шеңберінде өңірімізде 200-ден астам шара жоспарланған болатын. Мәселен, таяуда белгілі жыршы Даниял Әсенов бастаған зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, Абай шығармаларын тыңдап, кездесу кешін өткіздік. Барлық мектептерде тіл тақырыбында сынып сағаттары, кітапханаларда көрмелер өткізілді. Облыстық деңгейде Оралхан Бөкей көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы, мемлекеттік қызмет көрсету салаларының қызметкерлері арасында байқау ұйымдастырылды. Сонымен бірге, үш тілді жетік меңгерген студент жастар арасында жуырда «Тіл-дарын» облыстық байқауы өтіп, қазақ және өзге ұлт өкілдері қатысып, бақ сынады, - дейді Сәуле Ғабдулжапарқызы.

Айлық шеңберінде өзге ұлт жастары арасында Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай оқулары» облыстық байқауы өтіп, оның жеңімпаздары
«Ұлы дала елі» мерекесі қарсаңында марапатталды. «Ой-сана» деп аталатын білімділер байқауы өткізіліп, үздіктер анықталды. Бұл - орыс халқының қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын сайыс.

Тілдер мерекесін әр ұлттың тілін оқытып үйрететін Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебі де айрықша атап өтеді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблея-сына қарасты өзге ұлттардың этномәдени бірлестіктері де өз үлестерін қосып келе жатқандығын атаған жөн.

Алдағы 22 қыркүйек күні Тілдер айлығы «Достық үйінде» «Тіл - достық құралы» деген атаумен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған мерекелік концертпен қорытындыланбақ.

Жалпы, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас болуымен айтулы жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, Павлодар облысында «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша жұмыстар 2012 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Мемлекеттік тілді меңгерсем дегендердің саны жыл сайын артып келе жатқанын аталмыш тестілеуден өтуге ниеттілердің артуы- нан аңғарамыз.

Нақты цифрға кезек беретін болсақ, 2012 жылы – 672 адам, 2013 жылы – 2132, 2014 жылы – 1403, 2015 жылы – 1615, 2016 жылы 3086 адам және биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша 4001 адам тестілеуге қатысқан.

Ал облыс бойынша қазіргі таңға дейін жалпы саны 12909 адамның 12348-і диагностикалық, 561-і сертификаттық тестілеуден өтіп үлгерген. Оның ішінде 7584-і яғни 59%-ы мемлекеттік қызметшілер. Қалғаны - мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері мен бюджеттік сала қызметкері.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османованың айтуынша, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тексеруге бағытталған тестілеуге кез келген адам қатыса алады.

– Бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін салада жұмыс істейтіндерге баса мән берілмек. Оларға республикалық тестілеу орталығының мамандары баға береді. 2016 жылы 3086 адам қатысып, 150 адам сертификат алса, биыл ПМУ-де өткен соңғы тестілеуде 31 адам сертификат алуға ниет білдірді. Қалғандары диагностикадан өтті. Сертификаттың бағасы – 4841 теңге. Қазіргі таңда көпшілік мемлекеттік тілді білмеген жағдайда мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу, мансап жолында көтерілу оңайға соқпайтындығын жақсы түсінеді, - дейді Сәуле Ғабдулжапарқызы.

Атап өтер жайт, қазіргі таңда Елбасының бастамасы болып табылатын қазақ графикасын латын әліпбиіне көшіру мәселесі төңірегінде де үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары қолға алына бастады. Тіл жанашырлары мен зиялы қауым өкілдерінен арнайы топтар құрылып, аудан-ауылдарға барып аталмыш бастаманы түсіндіруге кірісіп кеткен.

Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүріп келеді. Олардың әрқайсысының ана тілі мен ата дәстүрі бар. Қазақстан Республикасының
«Тіл туралы» Заңының шеңберінде елімізде тұратын қандай ұлт болса да өз ана тілдерінде сөйлеуге, оны дамытуға құқығы бар. Бұл біздің мемлекеттегі тіл тәуелсіздігін, тіл еркіндігінің зор екендігін білдіреді.

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ

saryarka-samaly.kz