- Александр Витальевич, Павлодар ауылы аудан орталығына айналса, елді мекенге не береді?

- Қала маңындағы ауданды жеке аудан орталығымен қамту идеясы кенеттен әрі кеше ғана пайда болған жоқ. Бастаманың айтылғанына талай уақыт болды. Бұл аралықта барлық мәселелер, қажеттіліктер мен түрлі жағдайлар зерделенді. Оның ішінде географиялық орналасуы да назардан тыс қалған жоқ. Жан-жақты талдау Павлодар ауылының ең оңтайлы екенін аңғартып отыр. Бұл - ірі елді мекен, мұнда жеті мыңнан астам адам тұрады. Облыс орталығының шекарасынан 6 шақырым жерде орналасқан. Өсу болашағы да зор. Бірақ ол өсім тек қомақты қаржы құйған жағдайда болатынын ұғыну керек. Осы мәселеге біз тыңғылықты талдау жасай келіп отырмыз. Ең өзекті әлеуметтік әрі экономикалық бағыттарды қамтитын Павлодар ауылын дамыту тұжырымдамасын әзірледік. Ең бастысы ауылдықтардың өмірін сапалық тұрғыдан жақсарту үшін аудан орталықтарының белгіленген стандарттарына сәйкес жасамақпыз.

- Мысалы?

- Әрбір аудан орталығында жеке Мәдениет үйі болуы керек. Павлодар ауылында мұндай мекеме жоқ. Аудан орталығы мәртебесі берілсе, 200 орынға шақталған концерттік залы бар Мәдениет үйі салынады. Мәдениет ошағының музыкалық студиясы, хореграфиялық залы, көркемөнер ұжымдарына арналған бөлмелер болады. Сахналық әсем киімдер мен кәсіби тұрғыдан жарықтандыру да қарастырылады. Жаңа Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының тынығуына ыңғайлы мәдени ордаға айналады. Бұл – бір деңіз.

Елбасы өз сөзінде «Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті болады» деген ойын қадап айтқан болатын. Ауылдықтардың спортпен шұғылдануы сөзсіз қажет. Ал Павлодар ауылында спортты дамытудың жаңа қарқыны денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуға жетелейді. Онда 25 метрлік бассейн, заманауи жаттығу жабдықтарымен жасақталған спорт залы, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлеріне арналған секциялар қарастырылады. Бұл – екі!

Тұлғаның әлеуметтенуінің ең маңызды да алғашқы сатысы – балалардың мектепке дейінгі тәрбиесі. Бүгінгі таңда Павлодар ауылында балабақша мен шағын орталықта 150 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ал елді мекенде 2 жастан 5 жасқа дейінгі 317 бала тұрады. Демек, заманауи жабдықтармен, балалар бассейнімен қамтылған, мемлекеттік және орыс тілінде тәрбие беретін топтары бар, 320 орынға шақталған жаңа балабақша салу қажеттілігі айқын көрініп тұр. Балабақша аумағында балалардың ойын және спорт алаңдары орын тебеді. Айта кетейін, дәл осы үшінші себеп болып отырған нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.

Төртіншіден, ауыл тұрғындары денсаулығының басты кепілі – сапалы медициналық көмек алу. Бүгінгі таңда Павлодар ауылында ауылдық дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Аудандық орталық мәртебесін алса, сәйкесінше тұрғындар саны артады. Нәтижесінде алғашқы, оның ішінде диагностикалық медициналық қызметтер ауқымы кеңи түседі. Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты бүкіл облыс тұрғындарымен қатар Павлодар елді мекенінің халқында да Павлодар қаласының кез келген, соның ішінде жекенің қолына өткізілетін (облыстық диагностикалық орталық, №1 және №2 Павлодар қалалық емханалары) медициналық мекемелерден сапалы медициналық қызмет алу мүмкіндігі болады.

Бесіншіден, ауылда энергиямен қамту ресурстарының тапшылығы мәселесінің де түйіні тарқайды. Қолда бар энергия қуатының көлемі қазіргі таңда тұрғын үйлер, коммерциялық және әлеуметтік-экономикалық нысандар салуға қолбайлау болып отыр. Энергия қуатын ұлғайту үшін жаңа қосымша станция салу қажет. Мұндай жобаны жүзеге асыруға қатысты ҚР Энергетика министрлігі деңгейінде алдын ала келісімдер бар. Энергия қуатының мөлшерін арттыру жеке тұрғын үй қатарын еселеуге, жоспарланып отырған әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысын жүргізуге жол ашады. Ауылдағы шағын және орта бизнесті дамытуға қарқын береді. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру да айтарлықтай жақсара түседі.

Ауылдықтардың өмір сүру сапасын арттыратын негізгі стандарттардың бірі - орталықтандырылған су желісінің болуы. Бүгінде Павлодар ауылында тұрғындар ұңғымадан келетін суды тұтынады. Ал тіршілік көзі су сорғылары арқылы жиналады. Аудан орталығының стандарттары орталықтандырылған су құбыры желісінің болғанын талап етеді. Ауыл аудан орталығы мәртебесін алса, бұл жоба да жүзеге асады. Яғни әр шаңырақта жайлы жуыну бөлмелері, ыстық сумен қамтитын су жылытқыш құрылғылар пайда болады. Бұл жобаның да алдын ала жобалық-сметалық құжаты дайын. Осы жаңалық ауыл үшін алтыншы ауқымды жоба болмақ.

Жетіншіден, ауылды жылумен қамту. Өркениеттің осы игілігінсіз жайлы өмір жайында айтудың өзі артық. Әсіресе, қыс кезінде күніне бірнеше рет көмір мен ағаш тасу жалғыз тұратын зейнеткерлерге аса ауыр. Ал аудан орталығы мәртебесі орталық қазандық құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді, әр үйге жылу тартуға жол ашады. Яғни аязды қыстан ауылдықтардың қысылмай шығуына жағдай жасалады. Бұл мәселені шешу бүгінде жылыжай жұмысымен айналысып жүргендерге де кәсібін кеңейтуге жәрдемдеседі.

Сегізіншіден, жол мәселесі. Егер жол тақтайдай болса, бұл жүргізушілерге жағып-ақ кетеді. Оған қоса жолдың дұрыстығы елді мекеннің көркін келтіреді. Қазіргі таңда Павлодар ауылында 97 шақырым ауылішілік жолдың 11,7 шақырымына ғана асфальт төселген. Ауылдың аудан орталығы мәртебесіне сай келуі үшін асфальтталған жол үлесі 50 шақырымға жеткізіледі. Су, жылу, жолдар бойынша түйткілдер шешілсе, бұл өзгерістер тұрғын үйлер мен коммерциялық жылжымайтын мүліктердің құнын арттыратыны сөзсіз. Келісетін шығарсыздар, одан ауыл тұрғындары ұтпаса, еш ұтылмайды.

Тағы да айта кетейін, бүгінде Павлодар ауылы тұрғындарының облыс орталығына еш қиындықсыз қатынауын қамтамасыз ететін №44 автобус бар. Жолаушылар тасымалдайтын көліктің қазіргі қатынау тәртібі көңілге қонымды. Алайда аудан орталығы үшін бір ғана жолаушылар тасымалы көлігінің аздық ететіні анық. Яғни Павлодар ауылы мен облыс орталығын байланыстыратын автобустар саны көбейтіледі. Сонымен бірге келешекте автовокзал салу көзделіп отыр. Ауылды Павлодар облысының өзге аудандық орталықтарымен байланыстыру мүмкіндігі туады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындармен жасалған меморандум қолымызда тұр. Бұл – тоғызыншы себеп дер едім.

- Александр Витальевич, әлбетте, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қалыпты инфрақұрылымы ауыл үшін өте тамаша. Бастысы, бюджеттен бұл мақсаттарға қаржы табылса болғаны. Павлодар ауылында әрбір үйде дерлік жылыжай барын білеміз. Бұл кәсіпті дамытуға ықпал етуден бөлек кәсіпкер-лікті өркендету тұрғысында қандай жоспар бар?

- Павлодар ауылы Қазақстанды Ресейдің Батыс Сібір өңірлерімен байланыстыратын Павлодар-Омбы тас жолының бойында орналасқан. Оған қоса, елді мекеннің облыс орталығына жақын орналасуы мұнда ірі логистикалық орталық құруға мүмкіндік береді. Енді сол мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауылдықтар өздеріне жеміс-көкөніс өнімдерін сатудың қосымша нарықтарын аша алады. Бұл енді – оныншысы.

Бірақ елді мекеннің эстетикалық келбетін естен шығармау керек. Абаттандыру – ауылды дамытудың маңызды компоненті. Павлодар ауылында саябақ жобасы жүзеге асырылады, яғни жолдарға кеспе тастар төселіп, шамдар орнатылады. Климаттық жағдайларға бейім ағаштар мен әсемдік өсімдіктер егіледі, гүлзарлар ұйымдастырылады. Келешекте ауылды дамыту тұжырымдамасының 11-тармақшасына сәйкес кәсіпкерлердің бастамасымен аквапарк салу жоспарлануда.

Ал Павлодар ауылының Ертіс өзенінің жайылымында орналасуының қолайлылығы туристік қызметтердің кең спектрін дамытуға мүмкіндік береді. Яғни, тиісті инфрақұрылымдары бар демалыс үйлерін салуға жағдай бар. Мұндай өзгерістер - ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орны, көкөністерін өткізетін нарық.

Мемлекеттік органдардың кеңесі мен мемлекеттік қызметтер алу кезіндегі жеделдік пен қолайлылық – әр сәт секундпен есептелетін XXI ғасырда азаматтар үшін аса маңызды фактор. Сондай-ақ аудан орталығын құру кезінде әкімшілік қалашық бой көтереді. Онда халыққа қызмет көрсету орталығы, жергілікті атқару органдары, аудандық ішкі істер бөлімі, прокуратура, сот орналасады. Осылайша, Павлодар ауылының тұрғындарында мемлекеттік қызметтерді бір жерден әрі бір-бірінен таяқ тастам жерде орналасқан мекемелерден алу мүмкіндігі пайда болады. Бұл дегеніңіз алтын уақытты айтарлықтай үнемдеуге септігін тигізеді.

- Керемет. Ал бұл жұмыстарға қанша қаражат қажет?

- Электр қуатының қосалқы станциясын салуға 3-4 миллиард теңге, су құбырына 2,5 миллиард теңге, көшелерді асфальттауға шамамен 800 миллион теңге және тағы сол сияқты шығындарды ескерсек, алдын ала есептеу бойынша, барлық жоба-жоспарларды жүзеге асыруға он миллиард теңгеден астам қаражат қажет. Бірақ бастысы қазіргі кезде республикалық бюджеттен қаржы тартудың мүмкіндіктері мол.

- Осы өзгерістерге Павлодар ауданы мүдделі ме? Аудан орталығы керек пе?

- Иә. Жеке аудан орталығының болуы ауданды бөгде аумақтан басқарудан бас тартуға жол ашады. Бұл дегеніңіз Павлодар ауданының әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына қыруар инвес-тиция құйылады. Аудандық конференция қорытындысы бойынша аудан тұрғындарының басым бөлігі, яғни 87%-ы өзгеріске оң көзқараста, тек 4%-ы қарсылық танытқан. Ал тұрғындардың 9%-ы дауыс беруден қалыс қалған.

- Ал Павлодар ауылының бойынша жағдай қалай?

- Павлодар ауылы тұрғындарының негізгі бөлігі жаңалықты қалыпты қабылдады. Мәселен, бүгінде Павлодар ауылы облыс орталығының іргесінде тұрса да мұнда құрылыс салынбаған 1065 жер телімі бар. Көп адамның іргедегі елді мекенде тұруға ниетті екені сөзсіз. Ал ол жерлерде құрылыс қарқын алуы үшін қосымша электр қуаты қажет. Міне, біз осыны қолға алмақ ниеттеміз. Тағы айта кетерлігі, Павлодар ауылы аудан орталығына енеді, демек орталықтандырылған су желісі бойынша «Ақ бұлақ» бағдарламасының игілігін көру мүмкіндігіне ие болады. Ауылға аудан орталығы мәртебесі берілген соң қандай тың өзгерістер орын алатыны, өмір сүру сапасы қалай жақсаратыны түсіндірілгенде, тұрғындар жаңалыққа түсіністікпен қарауда. Әлбетте, ауыл тұрғындарын да түсінуге болады, көбі өзгерістен қорқады. Ал біз ауқымды өзгерістерді уәде еткен нысандар құрылысынан, өмір сүрудің сапалы жағдайын жасаудан бастаймыз. Яғни олар жоспарланған жобалардың нақты іске асқанын көруі, ұғынуы тиіс. Елімізде мұндай оң мысалдар жетерлік. Мәселен, Ақмола облысында Малиновка, қазіргі Ақмола ауылы Целиноград ауданының орталығына айналдырылған. Тоғыз жыл ішінде бұл елді мекен халқының саны екі есеге өскен, ал ауыл түрленіп шыға келіпті.

- Демек, тұрғындардың күдігін сіздер толық сейілттіңіздер ме? Алаңдауға еш негіз жоқ па?

- Солай деуге болады. Аудандық тіркеумен денсаулық сақтау, еңбекпен қамтылу жағына кейбір тұрғындар үреймен қараған мәселелер болашақта болмайды. Жалғыз ғана күрмеулі жағдай Павлодар қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандарға қатысты болып отыр. Мұндағы мәселе былай, ауылдан 162 азамат тұрғын үй кезегінде тұр, олардың 62-сі - аз қамтылғандар санатында. Бірақ Тұрғын үй кодексінің 73-бабына сәйкес тіркеудің өзгеруіне байланысты оларды ешкім кезектен алып тастамайды. Ал қалғандарына келетін болсақ, біз олардың қалада тіркеуге алынуларына күш саламыз. Басқа жағынан қарап көрейік, қазіргі таңда облыс орталығында 14 мың адам тұрғын үй кезегінде тіркеуде, олар қашан баспаналы болады? Ал ауылда жақын аралықта өсім болады. Ауылдықтардың қалаға ағылуына жетелейтін өркениет игіліктері ауылда да пайда болады. Оған қоса, тұрғындар саны артқанда үйдің құны да еселене түседі. Бос жатқан мыңнан астам жер телімінде құрылыс жүрсе, ол да үлкен серпіліс береді. Павлодар ауылын дамытудың тұжырымдамасы жайында айтқаннан кейін, біз де орындалуы тиіс міндеттемелерді мойнымызға аламыз емес пе?!

- Мұның бәрі қашан әрі қалай жүзеге асады?

- Әкімшілік-аумақтық шекаралардың өзгеруі Павлодар қаласы мен Павлодар ауданына тиеді. Жергілікті конференцияларда дауыс беру шарасынан кейін қалалық мәслихат пен әкімдіктің, аудандық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен қаулысы қабылданады. Содан кейін Үкіметпен келісіліп, облыстық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен қаулысы қабылданатын болады.

- Қысқасы, Павлодар ауылы қайнаған өмірдің ортасына айнала ма?

- Бәрі де мүмкін. Ірі қалалардан халық қала іргесіндегі елді мекендерге, табиғатқа жақын жерлерге шоғырлана бастауы бекер емес шығар.

Сұхбаттасқан - Алтынгүл САҒИТОВА

saryarka-samaly.kz