Келіссөзге Шаньси провинциясының 30-ға жуық кәсіпорынның басқарушы менеджерлері мен қаржылық органдарының өкілдері қатысты. Провинцияның реформа және даму комитеті басшысының орынбасары Чен Цзэенің айтуынша, Шаньси көмір өндіру, электр энергиясын өңдеу, кокстау, тау-кен жабдықтары мен көмір-химия өндірісінде кешенді әрі біріктіріліген дамытуға барынша күш салуда. Ол машина жасау, қазіргі заманғы көмір-химия өнеркәсібі, жаңа материалдар өнеркәсібі мен арнайы азық-түлік өндірісі қарқынды даму алғанын атап өтті. Озық жабдықтарды қолданудың арқасында түскен кіріс - 141,8 миллиард юань.

- Біздің облыс сіздер сияқты көмір өндірумен және химия өнімдерін шығарумен айналысады, - деді Чен Цзэе. – Менің ойымша, біздің провинция мен Павлодар облысы арасында ынтымақтастық орнату үшін әлеует жеткілікті.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов екі елдің қос өңірі мұнай-химия, көмір-химия және логистика салаларында жұмыс істей алатынын бөле-жара атады.

- Себебі, екі өңір де өз мемлекеттерінде көмір өндіруден көшбасшы болып есептеледі, - деді Болат Бақауов. – Дегенмен статистика көрсеткендей, соңғы бес жылда бұл тауарды тұтыну көлемі 10 пайызға түсіп қалған. Сондықтан бүгінгі таңда көмірді терең өңдеу мәселесі тұр. Сіздер бұл салада белгілі бір тәжірибеге қол жеткіздіңіздер. Шаньси провинциясы көмірді газға және әрі қарай сұйық отынға өңдеу технологияларын табысты қолданатынын білеміз. Біз үшін сіздердің компанияларыңыздың тәжірибесі өте маңызды.

Кездесу барысында «Kazakh Invest» компаниясының өңірлік филиалының директоры Олжас Рыскелді Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығы мен экспорт-тық әлеуеті туралы айтып берді.

Сонымен қатар, кеше облыс әкімі Болат Бақауов Шэньси провинциясының губернаторы Ху Хэпиннің ресми қабылдауында болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

saryarka-samaly.kz