55 жылдық мерейтойын қатарынан 2 күн атап өткен білім ордасы павлодарлық ақын Аманжол Шамкеновтің 90 жылдық мерейтойына орай жерлесіміздің өлеңдерінен орыс тілінде алғаш рет 2 томдық жинақ шығарып, институт қабырғасынан ақынға арналған бұрыш ашты.

- Еліміздің мақтанышы, ақын Аманжол Шамкенов атамыздың 90 жылдық мерейтойын ел болып атап өтіп жатқан тұтса біздің білім ордамыздың үлессіз қалуға құқы жоқ деп білемін. Мұндағы басты мақсатымыз – кейінгі ұрпақ тарихта аттары алтын әріптермен жазылған тұлғаларымыздың өнері мен өмірі жайлы біліп жүруі керек. Себебі Аманжол Шамкенов - өзінің өнегелі ісін ұрпағына жазуымен мирас еткен адам, - деді ПМПИ ректоры, химия ғылымдарының докторы Алтынбек Нухұлы.

Айтулы мерекеге А.Шамкеновтің балалары арнайы қатысып, оқу орнына ақынның 5 томдық жинағын сыйға берді.

- Шынымды айтсам, әкемізді жоғары оқу орындарында ұлық-тап, еске алады деп ойламаппын. Өшкенімізді жандырып, қазақ мәдениеті мен әдебиетінде Аманжол Шамкеновтің барын ұмытпаған ұжымға айтар алғысымыз шексіз, - деді ақынның ұлы Ернар Аманжолұлы.

Сонымен қатар, институтта алғаш рет «ПМПИ қолжазбасы» атты мұражай экспозициясы көрермен назарына ұсынылды. Онда білім ордасының іргетасы қаланғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихи сәттер топтастырылған.
55 жылдық мерейтойды институтымыз үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр, деген ректор Алтынбек Нухұлы осы жылы республика бойынша педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары арасындағы рейтингте 2-орынға көтерілгендерін атап өтті.

- Институт үшін 19 қыркүйек өткен жылдан бастап дүбірлі мерекеге ұласып келеді. Мәселен, былтыр «Марғұлан» орталығын ашсақ, биыл мерейтойға орай атқарған істеріміз ауқымды. Мұнда «Аманат» кітаптар сериясымен 25 кітапты оқырмандар назарына ұсындық. Біздің ұжым үшін биылғы жыл табысты болып отыр. Мысалы, осы оқу жылында 700-ге жуық грант ұтып алдық. Бұл - бұрын-соңды ПМПИ тарихында болмаған оқиға. Олардың 18-і - «Алтын белгі» иелері. Сондай-ақ, алғаш рет шеттегі қазақ жастарын дайындайтын даярлық курсына 50 грант берілді. Біздің ұжымның биіктерді бағындырып, жоғарыдан көрінуіне алдыңғы буын ағалардың салып кеткен сара жолы себеп болса, бүінгі ұжымның қажырлы еңбегінің арқасы деп білемін. Бәріңізді институттың туған күнімен құттықтаймын, - деді А.Нухұлы.

Салтанатты жиын барысында институттың ардагер педагогтары «Ұстаздар ордасы - 55 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар институт түлегі,
фотосуретші Александр Пархоменко-ның «Адамдар мен оқиғалар» атты шығармашылық жұмыстарының көрмесі де дәл осы мерейлі мерекеге орай көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, студенттер арасында тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, шахмат, дартс, кір тасын көтеру мен қазақ күресінен бақ сынаса, он саусағынан өнер тамған тәлімгерлер өздері жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдас-тырды. Салтанатты жиын соңы мерекелік концерт пен отшашуға ұласты.

Туған күніңмен, ПМПИ!

Гүлбарам НАУРАЗБАЕВА, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының басшысы, институттың 1975 жылғы түлегі:

- Мен институтқа 1971 жылы алғаш рет оқуға келдім. Ол кезде бәрі басқаша болатын. Қазіргі студенттерге жасалған жағдай бізде болған жоқ. Бірақ ұстаздарымыздың біліктілігімен оқып шығып, маман болдық. Бүгінде оқимын, ізденемін, нағыз педагог боламын деген жастар үшін сан түрлі жаңа технологиялар бар, материалдық базасы мығым, даму бағдарламасы бір жүйеге келтірілген. Облыс тарихында бұл қара шаңырақтың алатын орны ерекше. Барша ұжымды мерейлі мерекелерімен құттықтаймын!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ 

saryarka-samaly.kz