Өткен маусымның нүктесін қойған музыкалық комедияны бұл жолы да көрермен жылы қабылдады.

- Спектакльдің негізгі өзегі қыздардың қоғамдық өмірде бас бостандығының шектеліп, тек ата-анасы таңдап берген адамға тұрмысқа шығуы жайлы күйбең тірлікке құрылған. Десе де, автор күлдіре отырып, сол заманның ащы шындығын көрсетуде асқан шеберлік танытқанын атап өткен жөн. «Аршин мал аланды» театр сахнасында қайтадан жаңғыртуымыздың өзіндік себебі де жоқ емес. Яғни, бұл жолы театрдағы симфониялық оркестрді пайдалана отырып, әртістердің мүмкіндігін көрсеттік, - дейді осы спектакльдің режиссері, актер Бейбіт Шәнім.

«Аршин мал алан» – У.Ғаджибейлидің туындыларының ішіндегі ең үздік және кең танылған музыкалық комедиясы. Ғасырға жуық көрермен көзайымына айналған қойылым әзербайжанның классикалық музыкасының алтын қорына енген. Авторы бүкіл әлемдегі көрнекті, талантты композиторлардың қатарынан орын алған.

Ал театрға келген көрермендер арасында маусымды ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін спектакльдермен ашса жөн болар еді дегендер де табылды.

- Жасым - 63-те. Көп балалы анамын. Театрдың тұрақты көрермендерінің бірімін. Өнер ұжымының репертуары қазақ классиктері мен драматургтерінің қойылымдарына кенде емес. Маусымды солардың бірімен ашса, атына заты сай болар еді. Мысалы, «Арқалық батыр» тарихи драмасымен неге ашпасқа? Кезінде жыл сайын «Айман-Шолпан» қойылымымен шымылдық түрілетін еді, соңғы кездері ол үрдістен қалып барамыз. Десе де, алдағы уақытта бұл олқылықтың орны толар деген ойдамын, - дейді театр көрермені Зейніш Қожамұратова.

Айта кетелік, музыкалық комедияның басты рөлін театрдың белгілі әртістері Нұржан Сарқамбаев пен Руслан Нұғыманов сомдады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz