(Немесе инкубаторлық балапан)

Кейбір нәзік жандардың
Ұл-қызы бар, байы жоқ.
Тура аспан секілді,
Жұлдызы бар, айы жоқ.
Көрсем болды соларды,
Көңілімнің жайы жоқ!

Талай сәби кекілді
Арманы тумай кетілді.
Жетесіз қуыс құрсақта
Некесіз өсіп, жетілді.
Әкесін білмес балапан
Инкубаторлық секілді.

Әрине ана баладан
Өлшеусіз ғұмыр, бақ табар.
Некесіз туған балалар
Тірлік пе бірақ мақтанар?
Сұрасаң егер өзінен,
Мін таппайсың сөзінен.
«Белімді бекем будым» деп,
«Өзім үшін тудым» деп,
Алдыңда сенің ақталар.

Ал басқа жұрт баласын,
Біреу үшін туа ма?
Кір баспаса санасын,
Дәл осылай қуа ма?

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ

saryarka-samaly.kz