Табиғат тылсымын, сырын бағзы заманнан түсініп, тұрмыс-тіршілігіне арқау ете білген халқымыз ауа райын шеберлікпен болжай білген. Туған өлкесінің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгендігі сондай, Айсыз түнде жұлдыздарға қарап жол тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ертерек қамданып отырған екен.

Бір жылда он екі ай бар. Осы он екі айдағы табиғат құбылысына орай қалыптасқан қағида бойынша әрқайсына атау қойған. Соның бірі – күз мезгіліндегі мизамшуақ. Мизамшуақтан бұрын жыл бойғы аталатын кезеңдерге қысқаша тоқтала кетейік.

Өліара деген бар. Өліара – екі айдың арасы. «Өліарада жауын-шашын болса, келесі айдағы ауа райы да солай болмақ» дейді. Бұл болжам дәл келіп отырған.

Амал. Жыл бойына айналып соғып отыратын ыстық пен суық, қар мен жаңбыр, жел мен боранды «амал» дейді.

Құс қанаты. Наурыздың соңғы күндерінде жылы жаққа жыл құстары келе бастайды. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр, жел тұрады. Мұны амалға жатқызып, «құс қанаты» деп атаған.

Қызыр қамшысы. Сәуірдің ортасынан аса алғаш найзағай ойнайды. Мұны халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептеген. Осы секілді «Құралайдың салқыны» (киіктің төлін өргізуі), «Үркердің батуы» деген бар. Үркер жерге түскенде күн қатты қызады. «Үркер жерге түспей жер қызбайды» деген. Бұдан соң «Қырық күн шілде» деп аталатын амал келмек. Қырық күн бойы қатты ыстық болатын күндерді осылай атаған. «Үркердің толғағы» деп, мал мен жанға жайлы кезең – шілде айының ортасын айтады. Үркер туып, жер құрғап, шөптің буыны қатып, сарғая бастайды. Бұл – күздің қарсаңы. Содан тамыздың ортасында ауа райы салқындап, қою бұлт пайда болып, күз нышаны біліне бастайды. «Таразы туса – таң суыр» деген сөз содан шыққан. Осыдан кейін біз сөз еткелі отырған «мизамшуақ» (кей өңірде кемпіршуақ дейді) келмек.

Мизам – араб сөзі, таразы, өлшеуіш дегенді білдіреді, дейді зерттеушілер. Ислам дінінде адамның сауаптары мен күнәсін өлшейтін таразы деп те айтады. (Латын тілінде Libra делінеді). Мизам - 12 зодиакті шоқжұлдыздардың бірі. Жұлдызды аспанның Оңтүстік жарты шарындағы Бикеш және Сарышаян шоқжұлдыздарының арасында орналасқан. Мизам шоқжұлдызы көктемде еліміздің орталық және оңтүстік аймақтарында айқын көрінеді. Жалпы, біздің халықтың күнтізбесінде мизам шуағы деген түсінік қалыптасқан. Бұл - күз айларындағы жаймашуақ жазға бергісіз, көк аспаннан күн нұрын аямай төгетін жып-жылы күндер мен желсіз түндер деген ұғымды білдірсе керек. Мизамшуақ қыркүйек айында әр жылы әрқалай, бір-екі апта әрі немесе бір-екі апта бері бола береді. Кей жерлерде тіпті қазанның алғашқы онкүндігіне дейін созылады. Далада ұзыннан ұзақ мизамдар шұбатылады. Міне, халқымыздың мизамшуақ дейтін кезеңі осы.

Қыркүйек айының екінші онкүндігінен бастап күн салқындайды. Жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Кей-кейде күн жаймашуақтанып, жып-жылы болып тұрады. Бұл кезеңде жиын-терін қызып, қамбаға астық толады, мал семіріп, құлын-тай ойнақтап, дала сары қоңыр реңге боялады.

Мизамшуақтан кейін халық болжамы бойынша Сүмбіле тумақ. «Сүмбіле туса – су суыр» дейді халық қағидасында. Қыркүйек айының соңғы онкүндігінде күз күшіне еніп, суық, жаңбырлы күндер басталады.

Табиғаттың осынау тылсым сырын қазақтың әр баласы білуі тиіс.

Әзірлеген – Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz