Жол ашты

Мәселен, Елбасының Қытай еліне соңғы сапары кезінде қандай келісімдер жасалды? ҚР Президенті Қытай тарапының екі жақты қатынас турасында біздің еліміз алға тартқан ұсыныстарға қызығушылық танытқанын, мүдделі екенін айтқан еді. Бұған дейін жасалған, яғни заманауи бірлескен кәсіпорындар салу жөніндегі уағдаластықтардың барлық аспектілері бойынша екі тарап келісімге келгенін атаған болатын. Қазақстанда екі елдің бірлесе салатын 51 нысанының тізімі түзілді. Жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсететін компанияаралық, екі мемлекет арасындағы бірлескен Қазақстан-Қытай қорлары бар. Мысалы, Жібек жолын дамыту қоры бар.

Президентіміз көліктік-коммуникациялық байланыстар мәселесін әлі де шешу керектігін айтқан еді. Өйткені Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің аумағы арқылы өтетін жүк тасымалы жыл сайын артып келеді. Бұл бағытта біраз жұмыс қолға алынған. Қытайға жеткізілетін мұнай көлемін арттыру қарастырылуда. Бұл дегеніңіз алда екі ел арасындағы тауар айналымының жаңа деңгейге көтерілетінін білдіреді.

Айтпақшы, осы сапарда энерге-тикалық және технологиялық салаларда ынтымақтастық жөнінде де келісімдер жасалды. Алда ауыл шаруашылығы бойынша да өзара ықпалдастық жөнінде мәмілеге келді екі ел мемлекет басшысы. Демек, бізден бидай, дәнді және бұршақты, майлы дақылдар Қытайға тасымалданса, жергілікті диқандарға тәп-тәуір табыс әкелмей ме?! Бастысы, Қытай тарапы қоятын фитосанитария және тауар сапасы талаптарына еліміздің өндірушілері төтеп бере алса болғаны.

Бұдан кейін көрші елдің Көшбасшысы Си Цзиньпин де Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Осы кездесулер кезінде Елбасымыз қос мемлекет арасында дипломатиялық қатынастың орнатыла бастағанына биыл 25 жыл толатынын тілге тиек етті. Ал Си Цзиньпин Қазақстанмен қатынас сенімді серіктестікте өрбіп келе жатқанын айтқан болатын. Бұл сапар барысында Президенттер екі ел байланысын арттыратын, түрлі салада әріптестік орнатуға жол ашатын 12 құжат қабылдады. Оған қоса, екі елдің арасында бес бірдей шекаралық бекет ашылды. Бұл да алыс-берісті айтарлықтай алға бастырары анық.

Таза өнімнен татуға асық

Жоғарыда айтқанымыздай екі ел арасындағы уағдаластық бүгінде қос елдің өңірлерін жалғайтын көпірге айнала бастады. Алысқа бармай-ақ қояйық, айқын дәлел - аймағымыз. Осы аптада Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Әлбетте, әуелгі мақсат - инвестиция тарту. Бұған дейін хабарлағанымыздай, сапардың алғашқы күні облысымыздың ресми делегациясы Қытайдың ірі кәсіпорындарының бірі, Үрімшіде ең озық технологияларды игеру және дамыту бойынша индустриялық аймақта орналасқан YEMA корпорациясының өкілдерімен кездесті. Мұнда қос тарапты да қызықтырған жобалар табылды. Олар ірі кәсіпорындармен қатынас орнатуда «алтын көпір» болуға уәде берді. Сондай-ақ, қытайлықтар ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасуға ынта білдірді. Олар біздің экологиялық таза өнімімізді алуға ниет танытты. Сондай-ақ, өңірімізде өндірілетін битумды сатып алуға да мүдделі. Б.Бақауов қытайлық инвесторларды аймағымызға келуге шақырды. Ниеттіге жеңілдіктердің аз еместігін айтып кетті аймақ басшысы.

Шаньсимен шекті келісім

Өңіріміздің Қытайдың Шаньси провинциясымен байланысы да жалғасатыны байқалды. Мұнда екі өңірдің басшылары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат сауда және экономика, энергетика, ауыл шаруашылығы, ғылым мен білім, техника мен мәдениет, туризм салаларында тәжірибе алмасып, ықпалдасуға бірлесе күш салуды көздейді. Байланыстың қалыпты дамуына, ортақ мүдденің орындалуына кедергі келтірген тұстар болса, оның түйінін де екі жақтап тарқатады.

Болат Бақауов осы кездесуде Елбасының бұған дейін екі ел арасында сенімді ынтымақтастықты тереңдетуді атап өткеніне тоқталды.

- Президенттер кездесуінде салықтардың бірқатар түрлерін алып тастау турасында мәмілеге келген болатын. Құрылыс пен көліктік қатынас саласында белгіленген жобаларды одан әрі жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Елбасымыз өзге ешбір елмен дәл осы Қытаймен бірлескен көптеген кәсіпорын ашпағанымызды айтты. Бұл сапарымызды екі жақты қатынастарды дамыту бағытында Президентіміздің бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырып отырмыз, - деді Болат Бақауов.

Осылайша, сапар сәтті өтуде. Мәселен, Павлодар облысының инвестиция тарту агенттігі мен Шаньси провинциясының халықаралық сауданы дамытуға ықпал ету жөніндегі комитеті арасында шекті келісімдерге қол қойылды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Екібастұз бен Хэцзинь қалалары арасында да достық және ынтымақтастық туралы уағдаластық жасалды.

Өңірімізден барған делегация Шаньсиде өткен ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жөніндегі Қытай көрмесінің бесінші сессиясына қатысты. 35 мың шаршы метр аумақты алған ауқымды көрмеде аймағымыздың айтулы азық-түлік тауарлары тұтынушыға ұсынылды. Облыс делегациясы ұнды қытайлықтарға ұсынбақ еді, шекарада белгілі бір қиындықтар туындайтындықтан, макарон, кондитерлік және шұжық өнімдерін апарды. Айта кетерлігі, олардың біразы алып елдің нарығына сатыла бастаған екен. Көрмеге келушілерге павлодарлық бал қатты ұнапты.

Болат Жұмабекұлы CCESCC химиялық корпорациясы мен «нөмір 5-ші теміржол құрылыс инженерлік корпорациясы» компаниясының басшылығымен жүздесті. Облыс әкімі Шэнси провинциясының губернаторы Ху Хэпиннің ресми қабылдауында болды. Провинцияның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тынысымен танысты, озық тәжірибелерін ойға түйіп алды. Қытайлықтар Павлодардан ет жеткізуге мүдделі екендерін жасырмады. Ху Хэпин мырза Жібек жолы екі елдің өңірлеріне ынтымақтастық пен қос тарапқа тиімді даму бағытында айтарлықтай ыңғайлы екенін атап өтті. Көмір химиясы, ауыл шаруашылығы бойынша қоян-қолтық араласуға дайынбыз, деді Қытай елінің өкілі.

Қуатымызға қызыққанда...

Алдағы жарияланған ақпарат-тарымызда Қытай тарапы өңіріміздегі электр қуатының құнына қызыққанын айтқан болатынбыз. Неге қызықпасқа? Біздегі қуат құны олардан алты есеге арзан екен. Міне, осы айырмашылық қытай-лықтардың біраз жобасын біздің өңірде жүзеге асыруға мүмкіндігі мол болып отыр. Мәселен, қытайлық майнингтік компания Павлодарда криптовалюта шығаруды ұсынды. «Maye» компаниясына бұл идеяларын жүзеге асыруға өңіріміздегі электр қуатының көптігі мен арзандығы «жағып тұр». Бұл жөнінде компанияның өкілі Дван Джу Ни мен облыс әкімі Болат Бақауов арасындағы кездесуде айтылды. Аталмыш компания әлемге әйгілі «биткойн» криптовалютасын шығарады. Дван Джу Нидің мәлімдеуінше, майнингтік хаб құру үшін қытайлық компанияда дата-орталық бар. Хаб үшін жыл сайын сағатына 300 миллион кВатт электр қуаты тұтынылады. Облыс әкімі Б.Бақауов мұндай көлемде электр қуатын беруге өңіріміздің қауқары жететінін мәлімдеді. Оған қоса бағасының да арзандығын еске салды. Бірақ әлгі биткойнді бізде өндірудің әзірше өміршеңдігіне күмән келтірді облыс басшысы Б.Бақауов. Себебі өзге елдердегідей Қазақстанда мұндай валюта соншалықты танымал емес. Сонымен қатар мұндай өнім шығармас бұрын еліміздің заңнамаларын ескере отырып, егжей-тегжейлі зерделеу керек, деп қысқа қайырды Болат Жұмабекұлы.

Айта кетейік, криптовалюта – бұл виртуалды ақша түрі, оны қолға алып көру мүмкін емес. Кәдімгі валютадан сонысымен ерекшеленеді. Мамандардың айтуынша, бір артықшылығы оны алаяқтардың жасанды жолмен шығаруына жол жоқ. Өйткені бар мәліметі шифрланған, қайталау мүмкін емес.

Қарап отырсақ, ширек ғасыр бұрын, яғни еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бастап қалыптасқан Қазақстан-Қытай қатынасының тамыры күн санап терең тартуда. Екі ел арасындағы байланысты өрістету деп жүріп, бүгінде қос мемлекеттің дамуы мен бағыты ұқсас аймақтары арасындағы қатынастың қарқын алғанына куә болып отырмыз. Демек, алда талай бірлескен жобалардың жүзеге асқанын көреміз. Бастысы бұл байланыстардан есеміз кетпей, ұтарымыз ұлғая түскенін тілейміз.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz