Қастерлі Баянауыл елінің атқа қонар азаматтары алғашқы болып қимылдап, дүбірлі жырдың дүлдүл рухын Ақбеттау баурайына алып келді. Олай дейтініміз, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылған жыр аламанының негізгі ауыртпалығын елдің кәсіпкер азаматтары көтеріп алған. Бәрекелді делік!

Бұл жолғы айтыс Алаштың бағы болған алыптар дүниеге келген Баянауылдың тумасы, қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің 125 жылдығына орайластырылып өткізілді. Аламанға еліміздің әр өңірінен 10 ақын келді. Ал біздің өңірден 6 бірдей ақын қатысып, айтыс көрігін қыздырды.

Атақты Арқалықтың ақыны Айбек Қали, Шығыстан келген Рүстем Қайыртай мен Әсем Ереже, қарағандылық Дидар Қамиев, Мақсат Ақанов, Астанадан арнайы ат басын бұрған Еркебұлан Қайназар, Мейірбек Сұлтанхан, алматылық Шұғайып Сезімхан, Қалижан Білдәшев, Оңтүстік Қазақстаннан келген Дәурен Ақсақалов сынды елге әйгілі кіл жүйріктер төл өнерімізге сусап отырған жұрттың мейірін қандырды. Сонымен қатар, өңір намысын ту еткен ақындар арасында «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев, Қуанышбек Шарманов, Оңғар Қабденов, Тілек Сейітов, Нұрғанат Қайрат, Мәрес Байрон сынды от ауызды, орақ тілділер болды. Аталған төрт жүйріктің Баянауылдың тумасы болуы елдің мерейін тағы бір өсіріп тастады.

Айтыстың басталуынан бұрын аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов құттықтау сөз сөйлеп, демеуші азаматтарға елдің зор алғысын жеткізді. Бірқатар ел азаматтары мен өнер және мәдениет қайраткерлеріне ауданның Құрметті азаматы атағын табыстады. Қазақтың аты аңызға айналған актері, Қазақстанның Еңбек Ері - Асанәлі Әшімов және алты Алаштың айтысының атасы атанып кеткен ақын Жүрсін Ерман Баянауыл ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. Сонымен қатар, салтанатты шара барысында аталған құрметке ауданның рухани-мәдени өміріне ұзақ жыл үлес қосқан Ғалия Әубәкірова, Бағдат Әбенов, Хасен Солтанбаев, Теміртай Ізбастин, Смбат Микаелян сынды бірқатар құрметті атаққа ие болды.

Жыр аламанында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай, дәулескер ақын Дәулеткерей Кәпұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, күрескер ақын Арман Қани, белгілі ақын Сайлау Байбосын, баянауылдық құрметті ақсақалдар Қорабай Шәкіров, Балтабай Сыздықов бастаған сөз сүлейлері өрелі ақындардың өнеріне баға берді.

Сонымен қатар, Жұмат Шаниннің немересі Болат Шанин Алматыдан арнайы келіп, көпшілікпен бірге айтысты тамашалады.

Әу дегеннен аламанды бастаған Айбек Қали мен Қуанышбек Шармановтың айтысы жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Алғашқы жұп боп ортаға шығудың жауапкершілігі мен ауыртпалығын сахнада жүрген сүлейлер жақсы сезінді. Келелі ой, келісті сөз айтуға тырысып бақты. Одан кейінгі жұптар да іркіліп қалған жоқ. Кесек-кесек ой өріп, орайы келгенде жұрт көңілін серпілтер әзілге де кезек берді. Мәселен, Әсем Ереже мен Мақсат Ақанов қыз бен жігіттің тамаша айтысын жасаса, Оңғар Қабденов пен Рүстем Қайыртаев арасындағы құрдастар айтысы көпшілікті күлкіге қарық қылды.

Не керек, бірінен кейін бірі шыққан дүлдүлдер арасынан қазылар алқасының белгілеген ұпай санымен айтыстың екінші айналымына бабы мен бағы келіскен алты ақын шықты.

Атап айтар болсақ, Айбек Қалиев, Аспанбек Шұғатаев, Әсем Ережеқызы, Дидар Қамиев, Еркебұлан Қайназаров сынды дүлдүлдер өзара тартысқа түсті.

Сонымен, қазылар алқасының шешімімен бас жүлде ақтық айтыста Аспанбектің жол беруімен Мақсат Ақановқа бұйырды. Бірінші орын Баянауыл топырағының бүгінгі мақтанышы Аспанбек Шұғатаевтың еншісінде қалды. Екінші орынды Еркебұлан Қайназаров еншілесе, үшінші орынды Дидар Қамиев пен Әсем Ережеқызы өзара бөлісті. Ал жыр аламанның арнайы жүлдесі Арқалықтан келген ақтаңгер ақын Айбек Қалиевке табысталды.

Кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті анықтау қазылар алқасына да оңай болмағандығын айтыс төрешілері өз аузынан айтты.

Айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерман айтулы аламанға өз бағасын берді.

- Ертіс-Баян топырағында мұндай дүбірлі айтысты өткізу біздің де көкейімізде көптен жүрген ой болатын. Бүгін міне, сол тілегіміз, елдің тілегі толық орындалған секілді. Жалпы, өлең сөз деген - ғайып дүние. Бірде бар да, бірде жоқ. Бүгінгі аламанда да қай ақынның бабы келісіп, бағы жанып тұр, солар жеңімпаз атануда. Менің риза болғаным - осы сіздердің өңірлеріңізден жалындап жыр айтып, жанып тұрған жас ақындарды тапқаным. Анау Оңғар Қабденов, Тілек Сейітов, Нұрғанат Қайрат сынды жігіттер көңілімнен ерекше шықты. Ал Қуанышбек, Аспанбектер бұрыннан жүрген жүйріктер ғой. Олардың орны бір төбе,- деді ол.

Еске сала кетер жайт, жыл басында белігілі айтыскер ақын Асығат Тұрғанбекпен сұхбаттасқанымызда Ертіс-Баян жерінде ел ішінде «Жүрсіннің айтысы» атанып кеткен жыр додасының көптен бері өтпегендігі туралы мәселе көтерген болатынбыз. Ойымызды іліп әкеткен баянауылдық азаматтардың игі бастамасы көңілдегі сол түйткілді толық тарқатып, жұртшылық мерейін тасытты.

Қара өлеңнің қайнары болған Баянауыл баурайындағы айтыс аймақтағы өнерсүйер қауым мен өскелең өнерпаздарға айықпас әсер қалдырды. Жүрсіннің жүйріктерімен тізе қағыстырып сынға түскен өңір ақындарының да өрелі сөзге, өлеңді сөзге таласы бар екендігін көрсетті.

Жарқынбек АМАНТАЙ
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz