С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Театр. Мәдениет. Руханият. Қазіргі заман» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған республиканың, сондай-ақ өңіріміздің белгілі ғалымдары мен мәдениет саласының өкілдері, Жұмат Шаниннің немересі
Болат Шанин мен шөбересі Тоғжан Шанина арнайы қатысты.

- Жұмат Шанинге халық берген атақты санасаңыз саусақ талады. Ғұмыры қысқа болғанымен оның еңбегі мен есімі байтақ Қазақстанды былай қойғанда, Ресей мен Алатаудың арғы жағындағы айыр қалпақты ағайындарымызға жақсы таныс. Омбыдан бухгалтерлік білім алып, әскерге аттанып, майдан даласында от пен оқтың арасынан аман-есен елге оралады. Бірақ бәрібір қатал тағдыр Шананың немересіне бар-жоғы 46 жыл ғана ғұмырды нәсіп еткен екен. Тау тұлғаның кіндік қаны тамған Күркелі ауылының атауы биыл ғана Жұмат Шанин есімімен аталды. Кешіккеніне іштей қапаланамыз. Десе де, тілегіміздің орындалғанына шүкіршілік етеміз. Оңтүстік Қазақстан облысының академиялық қазақ драма театрының Ж.Шанин есімімен аталғандығы біз үшін зор мақтаныш. Жұмат Шаниннің Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезінде 1931 жылы «Қазақстанның Халық артисі» атағын алуы да көп нәрсені аңғартады, - дейді филология ғылымының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы.

1920 жылдары Жұмат Тұрғынбайұлы мәдени ағарту саласында еселі еңбек еткен. С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесалары Жұматтың режиссурасымен қойылады. «Арқалық батыр» туындысын сахналау кезіндегі Жұмекеңнің тапқырлығын Зейтін Ақышев өзінің естеліктерінде былай жеткізеді. «Ол кезде үлкен қағазға афиша жазып шығару әдетке айналмаған. Жұрттың көп жиналатын жері әрине базар ғой. Жұмекең астына ауыздығымен алысқан боз шұбар ат мініп, үстіне батырдың киімін киіп, сауыт-сайманын асынып, базарға шауып кіреді. Бұрын мұндайды көрмеген халық опыр-топыр болды да қалды. Кешке қарай қарақұрым адам клубтың ішіне сыймай кетті», - дейді.

- Атамыз 1936 жылы 26 ақпанда «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен. Атамның қыршын қиылған тағдыры мені үнемі толғандыратын. Еліміз тәуелсіздік алған соң Жұмат Шанин не үшін атылды? Оған қандай айып тағылды? деген сұрақтарыма жауап іздеп тиісті органдардың есігін қағумен болдым,
- дейді Болат Шанин.

Бұдан ары қарай салтанатты шара Жұмат Шанинге арналған кітап көрмесімен жалғасын тапты. Бұл күні Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде арнайы экскурсия ұйымдастырылса, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» қойылымы сахналанды. Тарихи драма кешегі қазақтың жаугершілік заманынан сыр шертеді. Шығармада зұлымдық пен сатқындық, махаббат пен Отанға деген сүйіспеншілік айқын көрініс тапқан.

А.ӘБДІЛҰЛЫ

saryarka-samaly.kz