Ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрайтын жері» деп атап кеткен киелі мекен көзді арбар сұлулығымен де ерекше. Үңгір қыратты жерде орын тепкен. Әфсана бойынша «Қоңыр әулие» үңгірі
Нұх Пайғамбар заманынан бері аталып келеді. Жер-дүниені шарпыған су тасқыны орын алған сәтте үш көріпкел Нұхтың кемесіне сыймай қалған көрінеді. Сонда ол үшеуі тәуекелге бел буып, бөренені кемеге байлап, ілгері қарай жылжи түседі. Алып кеме бүкіләлемдік ағыс бойымен солтүстіктен оңтүстікке қарай бет түзейді. Әулиенің үлкені Құланның бөренесі алғашқы болып тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл жерді жұрт Әулие тау деп атайтын Қызылтау маңында болған деседі. Ортаншы әулие Қыранның да Биік Ақбет тауына соғылған бөренесі сол жерде қалады. Кіші әулие Қоңыр су қайтып, таулар мен шоқылар ашыла бастаған шаққа дейін аман-сау жүреді. Ол мінген бөрене біз айтып отырған үңгірге дейін жетеді. Әулие сол жерді қоныс етіп, өз тіршілігін жүргізе бастайды. Осыған байланысты үңгір ертеден киелі мекеннің бірі саналып кеткен деген де аңыз бар ел арасында.

- «Қоңыр әулие» үңгірі туралы әфсаналар өте көп. Сонымен қатар дәл осындай атаумен аталатын үңгірлер Түркия мемлекеті мен еліміздің өзге де аймақтарында кездеседі. Ерте заманнан Жаратқаннан адамдардың тілек тілейтін орнына айналған бұл жер - адам мүрдесі жерленбеген табиғи құрылым.
Тіпті, 18-ғасырдың аяғында осы үңгір жайлы еуропалық және ресейлік патша шенеуніктерінің жазбаларында кездеседі. 1790 жылдары «Оренбургская топография» кітабының авторы Петр Рычков Қоңыр әулиеде болғанын жазады. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің жазба-ларында бар. 1920 жылы Қаныш Сәтбаев та киелі мекен жөнінде көп дерек қалдырған. Кеңес үкіметі кезінде дінге қарсы науқан жүргізілген уақытта бұл жер аман сақталып қалған. Үңгір түкпіріндегі қазан тәріздес шұңқырдан су құрғамайды. Бірақ келген адамдарға ол суды ішкізбейміз. Себебі біреулер бетін жуса, енді бірі қолын шаяды. Ал қыркүйек айының соңына қарай мұндағы су өз-өзінен тасиды. Міне, сол уақытта ішуге болады, - дейді Баянауылдағы ұлттық парктің мемлекеттік инспекторы әрі үңгірдің шырақшысы Алтынбек Құрманов.

Үңгірдің кіре берісінде келушілер қолтаңбасын қалдыратын кітапша қойылған. Мұнда қонақтар өздерінің алған әсерлері туралы жазып, түрлі ой-пікірлерін қалдырып отырады. Байқағанымыздай, осы жылы Франция, Англия, Польша, Венгрия, АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей елдерінің өкілдері көптеп келген. Олардың мақсаттары да әртүрлі: біреулер дертіне дауа іздесе, енді бірі Жаратушыдан перзент сұрайды. Әсіресе, жұма және жексенбі күндері мұнда келушілердің саны күрт артатын көрінеді.

- Бұл жерде Қоңыр әулие бұлағы бар. Жүз метр ағып, жер астына жоғалып кетеді. Қыста қатпайды. 2000 жылдан бастап Баянауыл ұлттық паркі Қоңыр әулие үңгірін туризм бағыты бойынша 11-маршрут ретінде ашты. Жерден үңгірге дейін көтерілетін жолдың 220 метрінде ағаштан салынған баспалдақтар бар. Оның өзін 10 жыл бұрын тұрғындар «тәу етіп келушілерге оңай болсын» деген ниетпен салған болатын. Қазіргі таңда оның да тозығы жетіп тұр. Осы жылдан бастап ұлттық парктің директоры Сүйіндік Ахметжанов бас болып мекеме қызметкерлері аталмыш баспалдақтарға жаңарту жұмыстарын жүргізу үстінде. Тақтайлары мен темірден орнатылған таяныштар ауыстырылып, екі демалатын күрке тәрізді орын жасалды. Келер жылғы көктемге дейін қалған бөлігін толықтай жаңартудан өткіземіз. Ал бұл мақсатқа бюджеттен қаражат қарастырылмаған,
- дейді А.Құрманов.

Қоңыр әулие шатқалы ерекше қорғалатын аймақ болып саналатын-дықтан, мұнда жол, құрылыс салуға және электр желісін тартуға қатаң түрде тыйым салынған және туристерге машинамен кіруге болмайды. Себебі табиғи баланс бұзылады. Демалушылар инспектордың қадағалауынсыз ұлттық парктің өзге аймағына өте алмайды. Себебі өрт қаупін тудыруы бек мүмкін.

Ал мемлекеттік инспектор тау шатқалында бой көтерген жалғыз үйін жарықтандыру мақсатында күн батареясын орнатуды қолға алыпты. Оның айтуынша, табиғи энергия шырақшы үйінің екі бөлігін қатар қамтиды. Тәжірибе жүзінде ЭКСПО көрмесіне қойылған құрылғы 2018 жылы орнатылмақ.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz