Бүгінде ағаштан ұлттық нақышта жасалған түрлі бұйымдар мен күнделікті тұрмыстық заттарды тұтыну әдетке айналып барады. Солардың ішінде ең көп сұранысқа ие заттар – астабақ пен тостақ ыдыстар және түрлі бейнедегі кәдесыйлар. Бұл заттар да біздің кейіпкердің топтамаларында көптеп кездеседі.

- Негізгі мамандығым - еңбек пәнінің мұғалімі. Ұзақ жылдар мектепте ұстаз болып, алдыма келген шәкірттеріме қолөнердің қыр-сырын барынша үйретуге тырыстым. Осы жылдар ішінде оқушыларыма кәдесыйлардың жасалу жолдарын көрсеткеніммен, өзім тұрақты түрде қолға алмаппын. Бірақ қаныңда бар қасиет жібермейтіні рас екен. Қолым қалт еткен кезде қасық, ожау, табақ, тостақтар жасап жүрдім. Кейіннен тарихи дүниелерімізге назар аудардым. Мысалы, «Алтын адам» бейнесін әзірлеу үшін арнайы Алматыға барып, мұражайдағы мүсінді көріп келдім. Оны 3 айдың ішінде толықтай жасап шықтым. Мұның материалы - біртұтас үйеңкі ағашы. Ол ойып, кескенге өте ыңғайлы болып келеді. Себебі менің туындыларым біртұтастығымен ерекшеленеді. Мәселен, «Жасыбай батырдың» бейнесін алып қарайық. Мұнда тек мүсіннің тұғыры ғана бөлек жасалып қосылған. Ал батырдың қолындағы қылышы, қалқаны, астындағы аты мен өзге де кіші детальдардың барлығы бір ғана ағаштан жасалған. Бұл үлкен жігер мен төзімді қажет етеді, - дейді Алпыс Шалабаев.

Осы уақытқа дейін ағаштан ойылып жасалған 40-тан астам коллекциясы бар шебердің еңбегі түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Бір қызығы, өнерін кәсіп көзіне айналдыруды көздемеген А.Шалабаев оны тек өзінің отбасы мен туғандары үшін ғана жасайды екен. Шебердің әкесі Есенбай Шалабаев та қолөнердің хас шебері болыпты.

- Әкемнің жолын тым кеш қудым. Жасым 50-ге жақындағанда ғана тұрақты түрде қолға алып, қол-
өнердің қасиетін түсіне бастадым. Әуелде қарапайым бұйымдар жасасам, қазір қазақ батырларының композициясын жасау ойымда бар. Сол арқылы қазақ қолөнерін өзгелерге дәріптей отырып, ата-баба тарихымен таныс-тырсам деймін, - дейді шебер.

Қарағай мен үйеңкіге жан бітіріп, көптің көзінің жауын алатын бұйымдар жасап жүрген шебердің алған қойған мақсаттары айқын. Ендеше, ел сүйсіне қарайтын ұлттық нақыштағы кәдесыйларыңыз көп болсын!

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz