Тастеке Павлодар облысы Сарышығанақ ауылының (бұрынғы Калинин совхозының) «Үш ағаш» бөлімшесі, қазіргі «Жаңа шаруа» ауылында дүниеге келген. Бойына дарыған ерекше қасиеті үшін ел-жұрты оны «Тастеке әулие» атап кеткен. Руы - Бура Найман ішінде - Қырбас. Бұл ұрпақтың шежіресіне зер салар болсақ, былайша тарқатыла береді: Баяннан - Байту, Шөлән. Байтудан - Тана, Елеу, Көркембай, Қыстаубай, Шоқпар. Шоқпардан - Сағындық, Сағынай. Сағындықтан - Мұсылманқұл, Мұсылманқұлдан - Біржан. Бәйтудің інісі - Шөлән. Шөләннан - Жантай, Балтай. Жантайдан - Тасмұхамбет, Қожа. Тасмұхамбеттен - Байназар. Байназардан Төлеубай, Төлеубайдан - Қосман, Әубәкір, Шайрамазан. Ал, Қожадан - Қибат, Таштенбек. Қибаттан - Қабылда, Қабылдадан - Жапар, Аманжол (қайтты). Бүгінде Таштенбек Қожаұлының аталас інілерінен Жапар
(70-тен асқан адам) мен Біржан (57-58 жаста) бар. Екеуі де Павлодар қаласында тұрады.

Таштенбек Қожаұлының нақты туған және қайтыс болған жылдары белгісіз. Бірақ, әкелері, одан әрі аталары бір ауылда туып-өскен Шарапиден Шақаевтың айтуынша, Тастеке әулие Шақайдың (1884-1966 жж.) інісі Нұрыммен жас жағынан шамалас болған. Екеуі жаз айларында есік алдында отырып тоғызқұмалақ ойнайды екен. Әулиенің өзі: «мен - үлкен Тастеке, сен - кіші Тастекесің» деп кеңкілдеп күліп отырады екен дейді. Сондай-ақ, Шарапиден аға әкесі Шаймарданның (1916-2005 жж) 8-9 жасында әулиені көзбен көріп, оның ерекше қасиеттері туралы үлкендердің айтқан әңгімелерін көп естігенін айтады. Әулие өзінің өлетін күнін біліп, ағайын-туғандарымен қоштасуға бара жатып, көктемде, бұрынғы Сиыр өлген жайлауының жанында көз жұмған. Ауылға суық хабарды сол маңда мал жайып жүрген малшылар жеткізеді. Ертеден көршілес жатқан апай-найманның беделді ақсақалдары ақылдаса келе (апайдан - Әйтім, Нұрым, найманнан Бақыштың Иманқұлы) «екі елдің теңдей еркесі еді, мәңгілік мекені де екі елге ортақ болсын» деп Құлайғыр мен Сиыр өлген жайлауларының арасындағы биік дөңге жерлеген екен. Әулиені арулап, жер қойнына тапсырғандардың бірі - Бақыштың Иманқұлы, 1926 жылы желкесіне күйдіргі шығып қайтыс болған. Осыған орай, Тастеке әулиенің өмірден өткен уақытын шамамен 1924-1925 жылдар деп топшылауға болатын секілді.

Әулиенің қасиеттері жайында...

Тастеке әулие - орташа бойлы, аққұба өңді, өте мейірімді, сауаты болмаса да, тылсым күштен қуат алған, жаратылысы бөлек жан болса керек. Әсіресе, балаға деген ықылас-пейілі ерекше болыпты. Дүние жимаған, шаңырақ құрмаған, өзінен қалған ұрпақ жоқ. Жыл-он екі ай бойы ақ көйлек, ақ дамбалмен жалаң аяқ ел аралап, диуаналық құрып жүре берген. Жұрттың берген тиын-тебені мен киім-кешегін жағдайы нашар жандарға таратып кетіп отырған. Жүргенде «гүр-гүр» етіп, қаңылтыр, темір-терсектен алқа тағып, сарт-сұрт еткізіп жылдам жүреді екен. Бірде Қызылжар-Құрымсы ауылында үлкен той болады. Тойға Тастеке әулие де шақырылады. Жол-жөнекей оның жанынан ат-арба жеккен бай адамдар қуып жетіп, тоқтамай өте шығады. Алайда олар той болып жатқан үйге кіріп келгенде төрде қадірлі мейман болып отырған Тастекені көріп таң қалысады.

- Оу, біз пар атпен жаңа жеткенде, сен жаяу жүріп қалай бізден бұрын жеткенсің? - дейді. Тастеке өзінің кеңістік пен уақыт арасындағы ауысуын түсіндіре алмапты. Бірақ, сұрағандарға: «Маған бір жерге жылдам жету керек болса, дауыл тұрып, үлкен бір қарақұс ұшып келеді де: «көзіңді жұм да арқама мін, қорықпа» дейді. Ал барар жеріме жетіп, көзімді ашқанда ғайып болады,» - депті.

Емшілік қасиетінің шарапаты

Тастеке әулие - ең алдымен, емшілік қабілетімен, қасиетімен танымал болған жан. Ол науқасты (адам болсын, төрт түлік мал болсын) түшкіріп, күбірлеп айналып жүріп емдеген. Кеңес өкіметі кезінде совхоздың малын бағып жүрген Қайыр Данияров, Әлиакбар (тегін әлі білмедім), Шоман Байахметовтардың отары топалаң тиіп, қатты қырылған екен. Сол кезде «совхоздың малын қасақана қырдың» деп соттап жіберетін де заң болыпты. Малының үсті-үстіне кеміп бара жатқанын көрген шопандар зәрелері ұшып, үлкендердің айтуымен, қойларын әлиенің зиратына түнетеді. Осылайша қойшылар да, үш отар қой да Тастеке әулиенің шарапатынан аман қалған екен. Осы күнге дейін адамдар ата жатқан көне қорымның жанынан тоқтап, бет сипамай өткен емес. Өйткені, олар осыған дейінгі орын алған талай жайсыз жағдайларды ұмытқан жоқ.

Біз - асылын ардақтаған елміз

Тастеке әулие туралы 2014 жылдың жазында Ақсу қалалық «Ақсу жолы» газетінде тілші болып жүргенде естіп, білдім. Бұдан кейін атамызды ардақтап, басын көтеруді өзімнің парызым деп түсіндім. Артынша әулие туралы білген, естіген адамдарды іздеп тауып, мәліметтер жинадым. Қала әкімі Қайрат Нүкеновтің қабылдауында болып, кесене тұрғызу мәселесін көтердім. Ұйымдастыру комитетін құрып, сол маңдағы Қызылжар, Сарышығанақ, Жаңа шаруа, Жолқұдық ауылдарында халықпен кездесу өткіздік. Сол кезде мені қолдап, жанымнан табылған Қабдырахман, Шарапиден ағаларыма айтар алғысым шексіз. Іле, кесененің эскизін ойластырып, суретін салдырдым. Шарапиден ағай сметалық жоспарын жасады. Бірақ қаржылық жағы шешілмей, жоспарымыз тоқырап қалды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, бастаған ісімді жарты жолда қалдыра алмадым. Жақында, дәлірек айтқанда осы жылдың 30 тамызында өзімнің ұйымдастыруыммен, әулие атамыздың жерлестерінің, әріптестерімнің қолдауымен арманым жүзеге асты. Қабіріне Баянауылдың табиғи тасын орнатып, ас бердік. Әулиенің зираты қоршауға алынды. Ылайым, атамыздың аруағы риза болып, баршамызды желеп-жебеп жүргей...

Айгүл МОЛДАШ,
Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz