Жыл сайын Ертіс-Баян жеріне өздерінің таңдаулы туындыларымен келетін С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры бұл жолы Павлодар жұртына
«Қаз дауысты Қазыбек би» тарихи драмасы мен «Абай мен Әбіш» қойылымын арнайы әкелген.

50 жыл театрда еңбек еткен режиссер әрі актер Кеңес Жұмабеков 1968 жылы Алматы театр студия- сын бітіргеннен кейін гастрольдік сапармен Павлодарға келіп, Чехов театрында алғаш рет өнер көрсетеді. Өнер әлемінде тұсауын кесіп, қанаттандырған Ертіс өңіріне режиссер зор алғысын білдірді.

- «Қаз дауысты Қазыбек би» тарихи драмасы осыдан 20 жыл бұрын жазылып қойған. Мұндағы актерлардың барлығы жастар. Қазыбек бабамыздың тарихи тұлға болып қалыптасуына әкесі Келдібектің еңбегі зор. Павлодарлық көрермендер қойылымды ерекше ықыласпен қабылдады. Ал көрермен назарына ұсынылатын екінші спектакль - Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша сахналанған «Абай мен Әбіш» қойылымы. Қазіргі жас режиссерлердің кейбірі атауын өзгертіп, «Замана, неткен тар едің» деп атап жүрген бұл драма 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай Жазушылар одағы мен Мәдениет министрлігі өткізген жабық конкурста бес сыйлықтың біреуіне ие болған. Біздің ұжым үшін Павлодар облысы ерекше ыстық. Әр кезде құшақ жая қарсы алып, шалқар шабыт сыйлайды, - дейді Кеңес Жұмабеков.

Осы жылы театр іргетасының қаланып, өнерсүйер қауымға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқанына 85 жыл толып отыр. Айтулы датаны өнер ұжымы 2 қараша күні кең ауқымда атап өтуді жоспарлауда.

Айта кетелік, «Қаз дауысты Қазыбек би» қойылымының премьерасы
21-22 қыркүйек күндері аталмыш өнер ұжымының 86-ыншы маусымының шымылдығын түріп берді. Сонымен қатар, өнер ұжымы балаларға арналған музыкалық ертегімен кішкентай көрермендерін қуантуда.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz