Сұлтанбет сұлтан үй-жайының салтанатты ашылу рәсіміне ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері мен батырдың ұрпақтары арнайы қатысты.

- Сұлтанбет сұлтан туралы бұрын біз көп біле бермеуші едік. Аймағымызда екі жылдан бері «Ұлы Дала Елі» фестивалі өткізілгендігін баршаларыңызға мәлім. Былтырғы жылы аталған фестиваль Кенжекөл ауылы маңында тойланған еді. Тарихшыларымыз осы орында өткен ғасырларда Сұлтанбет сұлтанның қыстағы болғандығын айтып, есімі көмескі тартқан бабаның атын қайта жаңғырту туралы ұсыныс тастаған еді. Облыс әкімі Болат Бақауов та тарихи жәдігерлердің жаңғырып, жаңаруына үнемі қолдау білдіреді. Тарихшыларымыз елім деген ерлеріміздің еңбегі сіз бен бізге осындай тамаша рухани тарихи-мәдени орынды сыйлап отыр. Бұл болашақ ұрпағымызға үлгі-өнеге болары анық, - дейді Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Алтынбек Нухұлы бұл орын тек баһадүр есімімен аталатын музей ғана емес, жергілікті ғалымдардың қарқынды жұмыс істеуіне жол ашатын орынға айналатынын айтты. Болашақта ғалымдар өлкетану бағытындағы зерттеу жұмыстарын осы жерге жинап, мұрағаттық құжаттар мен құнды жәдігерлерді осында сақтауды жоспарлауда.

Зерттеуші Виталий Сирик Ресейдің Омбы, Орынбор қалаларына 3 мәрте барып, Сұлтанбет Сұлтанға қатысты 400-ге жуық құнды құжатты елге алып келген. Тарихи хаттармен танысқан зерттеуші тұлғаның сол кездегі қазақ халқының алдындағы бет-беделінің биік болғандығын баяндады. Ол солтүстіктегі қазақтардың тыныштығы үшін көршілес мемлекеттердің басшыларымен үнемі дипломатиялық қатынаста болған. Зерттеуші Абылай ханның немере ағасы болған батыр есімін толықтай ашу үшін әлі де уақыт керектігін айтты. В.Сирик көршілес мемлекеттерде тағы да баһадүрге қатысты тарихи құжаттардың бар екендігіне сенімді. Егер мұрағаттағы дүниелер толығымен қолға түссе, сұлтанның нақты өмір сүрген жылы мен жерленген орны белгілі болар еді дейді.

Тарихтағы деректерге сүйенсек, Сұлтанбет сұлтанның 18 ұлы болған. Сұлтанның ұрпақтары - Тілек, Жақып, Ермек, Оразалы сынды ағайынды Атимовтер
1990 жылдардағы қиын кезеңдердің өзінде бабаның есімін ел арасында насихаттау туралы бастама көтерген. 1995-1996 жылдары белгілі тарихшылар Зиябек Қабылдинов пен Мейрам Исин Ресейдің Омбы қаласындағы мұрағаттан Сұлтанбет баһадүрдің Ресей патшайымы II-Екатеринаға жазған хаттарын тапқан.

Бүгінде «Сұлтанбет сұлтан» атына құрылған арнайы қор жұмыс істеп тұр. Қордың төрағасы – сұлтанның ұрпағы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Қанапиянов.

Игі бастаманың іске асуына ұйытқы болып жүрген азаматтардың бірі - жергілікті кәсіпкер, Сұлтанбеттің ұрпағы Жұмабек Қамзин.

- Бүгінгі шараны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласын іс жүзінде қолдаудың айқын көрінісі деп білерсіздер. Сұлтанбет сұлтан бабамыз - ІІ Екатеринаның қолынан алтын қылыш пен алтын төсбелгісін алған адам. 1771 жылы Балқаш маңында қазақтар мен қалмақтар арасында болған атақты «Шаңды жорық» шайқасына қатысқан. Алпыс жастан асқан шағында Ертіс өңірінен 50 мың қолды бастап, Абылай ханға қолдау көрсеткен батыр баба осы жорықтан кейін баһадүр атағына ие болады. Батыр есімін ұлықтау бұрыннан бері ойымызда жүретін. Осыдан екі жыл бұрын танымал ағамыз Шота-Аман Уәлиханов батыр бабаның есімін көпшілікке таныту үшін Павлодар өңірінде жүйелі түрде жұмыс жасау керектігін айтқан еді. Міне, бүгін бауырларымыз «жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын» дәлелдеді, - дейді Ж.Қамзин.

Сонымен қатар тарихи тұлғаның жұра-ғаттары – Ахмедниязовтар, Қанапияновтар, Қамзиндер, Бексұлтановтар да осы бастамаға сүбелі үлес қосқан. Ағайынды Тасболат, Бекболат Әбуғожиновтар, Тілеубек Нұрсейітов, Тоғжан Мұзафаров, Амангелді Бейсенбиновтар да істің нәтижелі болуына атсалысқан.

Санаңызды серпілтіп, қарт тарихтан сыр шертетін бұл орын мәдениет пен тарихтың қайнар көзіне айналарына сенім мол.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz