Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Зейнішевтің айтуынша, «Атамұра» клубының ашылуы ауданға жаңа басшы Серік Батырғұжиновтың келуімен тікелей байланысты болған. Аудан әкімі қариялардың талап-тілектерін тыңдап, жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің екінші қабатында бос тұрған екі бөлмені күрделі жөндеуден өткізіп, қолданысқа берген.

- Бұрын зейнет жасындағы замандастарым жиналып, әңгіме-дүкен құратын орын таппай қиналатын. Қазір клубта зейнеткерлер жиі жиналып, газет-журналдар оқып, қоғамдағы болып жатқан түрлі жайттарды талқылайды. Мұнда дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, бильиярд ойнауға да мүмкіндіктер бар. Тіпті спортпен айналысамын деушілерге де спорттық құралдармен жабдықталған арнайы бөлме жұмыс істеп тұр. Дәрігердің көмегіне жүгініп, тегін медициналық кеңес алуға да болады, - дейді Х.Зейнішев.

Ардагерлер клубының ашылуына жергілдікті кәсіпкерлер де өз үлесін қосқан. Теледидар, тоңазытқыш, тағы да басқа қажетті жиһаз жабдықтардың барлығын сыйға тартқан. Бүгінде Бауыржан Нұрғазинов жетекшілік ететін ардагерлер клубының алдына мақсат етіп қойған жоспарлары бар.

- Аудан бойынша 2800-ден астам зейнеткер бар. Олардың жартысына дерлігінің бұрын жұмыс жасаған орындары бүгінде тарап кеткен. Осындай азаматтардың еңбектері елеусіз қалуда. Биылдан бастап аталған зейнеткерлерге барынша көңіл бөлуді жоспарлаудамыз. Мәселен, «Қарттар күні» қарсаңында осы азаматтарға жергілікті кәсіпкерлер арнайы сый-сыяпаттар жасап, мұқтаж жандарға көмек қолын созуды көздеп отыр. Біздің ауданда өнерлі ардагерлер өте көп. Аудандық, облыстық деңгейде түрлі сайыстарда топ жарып жүргендері де кездеседі.
«Ақ әжелер», «Ардагерлер» әншілер топтарын жалпақ жұрт жақсы таниды. Болашақта ардагерлер арасында спорт түрлерін дамытуды да қолға алмақпыз. Оның ішінде үлкендер арасында кенжелеп қалған тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойынымызды дамыту ойымызда бар, - дейді клубтың директоры
Бауыржан Нұрғазинов.

Биыл Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалауға Ертіс ауданының 50 зейнеткері мүмкіндік алған. Жергілікті биліктің қолдауының арқасында ірі шараны көздерімен көргендеріне ақсақалдар дән риза.

Аудандық ардагерлер кеңесі мен «Атамұра» ардагерлер клубы жастармен жиі байланыста. Оларға жол көрсетіп, жөн сілтеп отырады. Елдің бірілігі мен ынтымағын ойлаған, келешекке өшпес өнеге қалдыруды мақсат тұтқан аға буынның өнегелі істеріне сәттілік тілейміз.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz