Ауқымды басқосуға Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының қалаларынан, ауылдары мен кенттерінен, ауылдық округтерінен 500-ден астам делегат жиналды. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов қатысып, ой бөлісті.

Форумға қатысушылар жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, нақтысы, бюджеттік үдеріске тұрғындарды барынша тарту жөніндегі мәселелерді талқылады. Мұндай қадамдар елді мекендердің мәселелерін жедел шешуге септігін тигізеді. Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдық округтер деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың жеке бюджетін енгізуді тапсырған болатын. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде тұрғындарының саны екі мың адамнан асатын бір мыңнан астам елді мекеннің жеке бюджеті қалыптасады. Оны ауылдықтар өздері кәдеге жаратуға құқылы болады. Ал 2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық 2 444 әкімшілік-аумақтың бірлігінде жеке қазынасы болады. Мәселен, Павлодар облысында тұрғындар саны 2 мыңнан асатын 32 елді мекен, ал Шығыс Қазақстан облысында мұндай санатқа жататын 100 ауыл бар. Олардың барлығы әзірше жеке бюджет енгізуге толық дайын емес.

- Қазіргі таңда қадағалаушы органдармен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Олар 1 қаңтардан бастап ауылдарға шығып, кемшіліктер болса, түсіндіреді.
Қай тұсқа назар аудару керектігін айтып береді, - деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.

Ауыл әкімдерінің өздері де жаңашылдыққа үлкен үміт артып отыр.

- Шығыс пен кірісті бөлуге тұрғындардың өздері қатысады. Бұдан билікке деген сенім де артады, - дейді Павлодар ауданына қарасты Красноармейка ауылдық округінің әкімі Амангелді Зәкарьянов.

Форум қатысушыларының тақырыпты талқылауынан кейін ауыл әкімдері арнайы семинарларға аттанды.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz