Биылғы маусымда осымен үшінші рет кездескен сыралғы қарсыластар кездесуді аса сақтықпен бастады. Тоқсан минут бойы бірін-бірі аңдысқан қос команда қателіктерге бой алдырмауға тырысты. Себебі, бұл ойын екі команда үшін де аса маңызды еді. Ойынның 24-минутында «Ертіс» футболшысы Карлос Фонсека әріптесі Аслан Дарабаев сәтті берген допты ұтымды пайдаланып, есеп ашты. Алайда жерлестеріміздің қуанышы ұзаққа созылмады. Араға 5 минут салып алаң иелерінің қателігін пайдаланған чемпионаттың үздік сұрмергені Жерар Гоу таразы басына теңестіріп кетті. Бұл - аяқдопшының осы чемпионаттағы 22-голы.

Бірінші кезеңнің соңында ереже бұзып, бас төреші Денис Измайыловтың назарына іліккен қайраттық Елдос Ахметов алаңнан қуылды. Екінші кезеңде он ойыншымен қалған алматылық командадан жерлестеріміз айласын асыра алмады. Осымен үшінші мәрте қос команда тең ойынға қанағат тұтып, тарқасты. Үш ойынның екеуінде «Қайрат» клубы он ойыншымен өнер көрсетуге мәжбүр болғандығын айта кетейік.

- Бүгін тактикалық тұрғыда жүйені дұрыс құрдық деп ойлаймын. Командамыз айшықты ойын көрсете білді. Тек бізге сәттілік жолдас болмады. Жігіттердің жеңіске деген құштарлығы басым болғанымен, нәтиже көңіл көншітпейді -
деді «Ертістің» бас бапкері Вячеслав Грозный.

«Ертіс» футбол командасы келесі кездесуін 15 қазанда сырт алаңда «Астанаға» қарсы өткізеді.

Әзірлеген - Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz