«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің негізгі тақырыбы жасыл энергетиканы дамытудағы жетістіктер болды. Айта кетелік, көрмені өтізу құқығын Қазақстан дәл осы бірегей тақырыпты ұсынғаны үшін ұтып алған болатын. Яғни, ең алдымен көрмеде паш етілген жобалар энергетика саласына қатысты. Павильондарды аралау барысында жұртшылық Германия, Израиль, Жапония, Тайланд секілді бірқатар елдердің табыстарына таңдай қақты. Әрине, посткеңестік елдердің жетістіктері қомақты. Бір ғана Беларуссияның электрлі троллейбус алып келгені неге тұрады?

Бірақ технологияға тамсанып қою аз. Тың дүниені өзіміздің тәжірибемізге енгізуіміз керек.

100-ден астам технология сұрыпталуда

Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев ЭКСПО-2017 халықаралық маман-дандырылған көрмесінің нәтижелері бойынша баспасөз конференциясында мәлім етті.

Оның сөзінше, ҚР Энергетика министрлігі «Нұр-Әлем» ұлттық павильонында орналастыру үшін 28 отандық әзірлемені таңдады. Аталған жобалар келесі бағыттарды қамтиды: жаңартылатын энергия көздері (Альберт Болотов, Марат Кошумбай, Николай Буктуковтың жобалары), қалдықтарды басқару саласында (Александр Устименко, Сергей Требуховтың жобалары), энергиялық тиімділік (Амангелді Таукенов, Асқар Арынгазин, Диас Байсеитовтің жобалары) және тағы басқалары.

Айта кетелік, «Нұр-Әлем» ұлттық павильонында павлодарлық ғалым Жұмабай Бәкеновтің де жобасы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туралы өткен жылы «Сарыарқа самалы» газетінде жазған едік. Жерлес ғалым смартфондарға арналған, ұзақ қызмет ететін батареялар жасауды ойлап тапқан болатын. Бүгінгі күнде көпфункциялы ұялы телефондардың қуаты тез-ақ таусылып қалатыны рас. Бұл ыңғайсыздықты жоюдың жолын Ж.Бәкенов теориялық тұрғыда тауып, кейін Назарбаев университетінің инеженерлік мектебі студенттерін тарта отырып іске асырған. Оның ұсынған батареясы әдеттегіден 10 есе ұзақ қызмет етеді.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, ЭКСПО көрмесінің өту барысында шетелдіктер ұсынған Энергетика бағытындағы жобаларды қарастыру бойынша Сарапшылардың жұмыс тобы құрылған болатын. Оның құрамына «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансГаз», KEGOC және басқа да ұлттық компаниялардың 40-тан астам жетекші сарапшылары, сондай-ақ энергетиканың түрлі секторларының сарапшы-талдаушылары, министрлік пен ведомствоға қарасты құрылымдардың өкілдері енгізілді. Жұмыс тобының мүшелері көрменің барлық павильондарында болып, ұсынылған жаңа технологияларды бағалады. Осы бағалау жұмыстарының нәтижесінде Австрия, Германия, Нидерланды, Ресей, Финляндия және тағы басқа елдерден 105 технологиядан тұратын тізім әзірледі. Ерекшеліктеріне қарай аталған технологиялар 4 бағытқа бөлінді:

– мұнай және газ – 27 технология,

– көмір және атом өнеркәсібі – 5 технология,

– электр энергетикасы, энергияны үнемдеу және ЖЭК – 44 технология,

– экология, соның ішінде қалдықтарды басқару, су тазалау, ауа сапасын бақылау – 29 технология.

Қазіргі уақытта 105 технологиядан 42 технология 9 отандық компанияда толық зерттелуде, 14 технологияны 2 университет және 12 жобаны 2 әкімдік қарастыруда.

ҚР энергетикасына оң әсерін беруі мүмкін жоба ретінде Smart greed атты неміс технологиясы аталып өтті. Ол электр энергиясы жүйесіне қуатты алыс қашықтықтарға жіберген кезде шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстандық электр энергиясы жүйесі үшін бұл - өте өзекті мәселе.

- Инновациялық идеялардың басым бөлігі электр қуатын өндіру саласына қатысты. Мәселен, неміс павильонында Smart greed жобасы таныстырылған еді. Бұл электр қуатын ұзақ қашықтықтарға энергияны жоғалтпай таратуға арналған жүйе болып табылады. Қазақстанда бұл тақырып өте өзекті. Себебі оңтүстікте электр қуаты тапшы болса, солтүстікте керісінше артылып асады. Сондықтан «Смарт грид» арқылы біз ел ішіндегі электр қуатын бірдей байланыстыру мүмкіндігіне ие боламыз», – дейді Энергетика министрлігі өкілдері.

Сондай-ақ, неміс павильонында геотермалды жаңартылатын энергия көзінің технологиясы ұсынылды. Оның көмегімен жылу және электр энергиясын алу үшін жер бетінің әрі жерасты суларының жылуын пайдалануға болады. Халықаралық бағалаулар бойынша Қазақстанның жаңартылатын энергетиканың осы түрі бойынша зор әлеуеті бар, оны үй шаруашылығында, фермерлік шаруашылықта, өнеркәсіптік нысандар мен елді мекендерде пайдалануға болады.

Сонымен қатар вице-министр мысал ретінде «Турбосфера» Беларусь энергия үнемдеу технология-сын атап өтті. Ол табиғи газдың артық қысымын пайдаға асыра отырып, жеке қажеттіліктерге жұмсалатын электр энергиясын алуға мүмкіндік береді. Аталған технологияны Қазақстанның мұнай-газ секторының кәсіпорындарында қолдануға болады.

Ал ағын суларды тазалау бойынша фин технологиясы қайта өңдеу кезінде судың сапасын арттыруға, онымен қоса ағын су тұнбасын тыңайтқыш ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл технологияны қазақстандық ТКШ кәсіпорындары мен өңірлік кәсіпорындарға қолдануға болады. Бұдан өзге, «Голубой уголь» поляк технологиясы зиянды заттардың шығарылу көрсеткіштерін 80%-ға төмендетуге, сонымен қатар көмір жағу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда көмір шығару 70%-дан астам деңгейді құрайтынын ескерсек, қоршаған ортаға зиянды әсерді төмендету мәселелері аса өзекті.

Осылайша, министрлік өзге мемлекеттер паш еткен «жасыл» технологияларды өз елімізде өндіреміз деп отыр. Қазір ведомствода ғылыми идеялар мен инновацияларды коммерциялық бағытқа бейімдеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл мақсатта арнайы жол картасы әзірленіп, оның аясында мұнай және газ, көмір өнеркәсібі мен атом өнеркәсібі секілді энергетикалық салаларды «жасылдандыру» ісі қолға алынған.

15 елден - 66 технология

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде көптеген жобалар ауыл шаруашылығына қатысты болғанын айту керек. Сол Тайланд мемлекеті көрме павильонының басты символы ретінде жүгеріні алғанының өзі біраз нәрседен хабар береді. Басқа да павильондарда әртүрлі дақылдар мен шөптердің құрамынан табиғи қуат алуға болатынын дәлелдеп жатты.

Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінде ұсынылған инновациялық технология-ларды Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені саласында қолдану мүмкіндігі қандай? ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, «ЭКСПО-2017» агротехнологиялар саласына да қатысты инновациялар алаңына айналды.

- ҚР АШМ аса қызықты жаңа технологияларды іріктеу мақсатында арнайы жұмыс тобын құрды. Бұл топ бірнеше рет ауыл шаруашылығы саласындағы алдыңғы қатарлы технологияларды таныстыруға қатысты семинарлар мен кездесулерге қатысты, — деді Г.Исаева.

Қазақстанда қолдану ықтимал-дығымен ауыл шаруашылығы үшін 15 елден
66 жаңа технология іріктеліп алынды. Олардың арасында ауыл шаруашылығы қалдықтарынан энергия және жанғыш материалдар алу, балдыр биомассасын, тыңайтқыштар алу технологиялары, дәнді дақылдар өсіру технологиялары, ауыл шаруашылығы аймақтары үшін бейне-мониторингтің ұшқышсыз авиациялық кешендерін пайдалану және т. б. инновациялық жобалар бар.

Іріктеліп алынған технологиялар ғылыми-сараптамалық баға алу мақсатында салалық институттарға жіберілді.

Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» аясында әлемдік жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарымен және әзірлеушілермен ынтымақтастық орнатылды. Көрме ауыл шаруа-шылығын дамытуға ықпал ететін және Қазақстан мен өзге елдер арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға көмек беретін заманауи инновациялық агротехнологияларды бағалауға үлкен мүмкіндік берген.

Сарапшылар алдымен барлығын тексерістен өткізіп, іріктеу жасайды. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаеваның айтуынша, біздің елді Беларуссия, Нидерланды, Финляндия және Ресейдің инновациялық технологиясы қызықтырды. Болашақта жел мен энергетикасы қолданысқа енгізіледі. Сонымен қатар су мен ауаны тазалау, қалдықтарды өңдеп, тыңайтқыш әзірлеу тәсілдері де назардан тыс қалмайды.

- Жақын арада Ауыл шаруа-шылығы министрлігі жалпы құны 4,2 миллиард теңге ақшаға үлкен жобаларға конкурс жариялайтын болды. Сол конкурстың ішіне біздің таңдаған дүниемізді де жоба ретінде береміз, сол арқылы тексеріп алатын біздің мүмкіндігіміз бар, - дейді «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» ҚЕАҚ басқарма төрағасы Асқар Наметов.

Ал «ҚазАгро» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлназ Атамқұлованың айтуынша, қазақ-стандық инновациялық агрожобалар ЭКСПО-2017 көрмесінде үздіктер қатарында болған. Г.Атамқұлова сонымен қатар «жасыл» технологияларды ауыл шаруашылығында қолданудың тиімділігін және Қазақстанның органикалық өнімдер өндірісіндегі әлеуетін көрсеткен «ҚазАгро» холдингінің экспозициясы туралы да баяндады. Келушілер отандық АӨК дамуының заманауи кезеңімен және Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығы перспективаларымен танысқанын, ресурс үнемдейтін технологиялар қолданылатын «ҚазАгро» жобаларына виртуалды саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, ЭКСПО қонақтары құрғақ бие сүті өндірісімен танысу және күркетауық еті өндірісі мен қайта өңдеудің толық циклін көру, Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жылыжайды, сондай-ақ ем-дәмдік сүт өнімдері өндірісін аралау мүмкіндігіне ие болған.

Айта кетелік, «Нұр Әлем» ұлттық павильонында павлодарлық жобалардың да ерекшелігі туралы паш етілді. Солардың қатарында біздің облыстан Павлодар жылыжай комбинаты (өнім жинау және сұрыптау), «Грин Хауз» жылыжай кешені (раушан гүлдерін өсіру) және «Пахарь» ЖШС-нің алқап суару және мал шаруашылығына қызмет көрсету кешені жобалары көрсетілді.

Г.Атамқұлова «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезеңінде холдингтің экспозициясын әлемнің әртүрлі елдерінен 10 мыңнан астам адам аралағанын да атап өтті. Сондай-ақ, көрме аясында 2017 жылғы 25 тамызда «АгроИнвестФорум 2017» ұйымдастырылған. Форумға әлемнің 18 елінен 200-ден астам қатысушы, оның ішінде ірі шетелдік инвестициялық қорлар мен қаржы ұйымдарының 40-қа жуық өкілі, сонымен қатар қазақстандық және шетелдік агробизнес өкілдері қатысқан. Форумның қорытындысы бойынша Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестициялар тарту, оны экономикалық әртараптандыруға қолдау көрсету бойынша бірқатар маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылған.

Түйін:

Әзірге ЭКСПО-2017 көрмесінің нәтижелерін енгізу мәселесі туралы Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері мәлімдеді. Көрменің ықпалы мультипли-кативті, яғни әрбір салаға (мәдениеттен бастап құрылысқа дейін) қатысы болғанын ескерсек, алдағы уақытта басқа да министрліктер өздерінің шешімдерін жария-лайды деп күтеміз.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

 

saryarka-samaly.kz