Инвестиция тартудан тартынбаймыз

Үш есеге өсті

Аймақ басшысы өңірімізде атқарылған жұмыстардың барлығы Елбасының алға қойған нақты міндеттерін орындауға бағытталғанын атап өтті. Яғни, елдің әл-ауқатын арттыру көзделді. Әр салада оң нәтиже барын айтты. Өңір экономикасы тұрақты түрде алға басуда. Мәселен, облысымызда жалпы өңірлік өнім
5,6%-ға өскен. Нәтижесінде аймағымыздың республиканың жалпы өнім көлеміндегі үлесі 4,7 пайызға жетіпті. Өнеркәсіптің барлық бағытында даму қарқыны байқалады. Бозшакөл кен байыту комбинатының толық қуатқа шығуының нәтижесінде тау-кен өндірісі 12 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінің де ұпайы түгел.

Көп елдің «көңілі кеткен» электр қуатын өндіру де өңірімізде өріс жайды. Биыл электр энергиясын өндіру 23 пайызға ұлғайды. Жыл соңына дейін шет елдерге экспортталатын электр қуаты сағатына 6 млрд. кВт болмақ. Бұл дегеніңіз
2016 жылмен салыстырғанда үш есеге көп.

- Облыстық өнеркәсіптік кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеуде. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 980 жұмыс орны құрылды, инфрақұрылымы дамытылуда. Инвестиция тарту жағы да жетілдіріліп жатыр,
- деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Аймағымызда тамырлана бастаған тағы бір кластер – теміржол саласында.
Бұл бағыт Екібастұз қаласында өркен жайып келеді. Мәселен, екібастұздық «Проммашкомплект» кәсіпорнында 52 млрд. теңгенің инвестициясы игерілмек.

Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің кәсіпорындары технологиялық тұрғыдан жаңғыруға бет бұруда. Бүгінде облысымызда осы бағытта ірі өндіріс орындарының «Жол картасы» да түзілген. Бұл шаралардың түпкі мақсаты - өнімнің өзіндік құнын азайтып, бәсекеге қабілетті тауар шығару. Мысалы, «Шығыс» кенішінде көмір өндіруді автоматтандыруға арналған кешен енгізілуде. Бұл ретте, облыс әкімі жаңғырту жүргізуде экологиялық жүктемені төмендетуге мән беру талап етілетінін атап өтті.

ЭКСПО-дан енші алдық

Облыс әкімі инвестиция тарту жұмыс-тарының барысын да баяндады.
Бұл тұрғыдағы шаралар өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталуда.

- Әлеуетті инвесторлармен апта сайын кездесу өткіземіз. Олармен инвестиция тарту агенттігі тікелей жұмыс жасауда. Бұл бағытта биылғы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің септігі көп болды. «Invest in Pavlodar» көрме залында әлемнің 22 елінен 112 компания өкілімен жүздестік. Нәтижесінде, қазіргі таңда жасыл энергияның 2 жобасы, ауыл шаруашылығы, көкөніс өнімдерін өңдеу бойынша 3 жоба, химия саласы, машина жасау, туризм, білім бағыттарында бір-бір жобадан пысықталуда, - деді аймақ басшысы Б.Бақауов.

Дәл осы «ЭКСПО»-ның арқасында ауылдық елді мекендерде пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Галицкое» ЖШС қуаты 1 МВт болатын германиялық жел энергиясы қондырғысын орнатпақ. Одан бөлек, польшалықтармен бірлесіп, биомасса негізінде жұмыс істейтін қазандықтар орнату көзделіп отыр.
«Ақылды қала» элементі ретінде облыс орталығында өткелдерді жарықтандыруға кинетикалық энергия пайдаланатын жүйе енгізу ойда бар. Көрмеде өңіріміздің өнертапқыштары да жобаларын ұсынды. Шідерті кентінде жел генераторы қондырғыларының құрылысы бойынша жобаны инвестициялау жөнінде алдын ала келісімге қол жеткізілді.

Жолы іздестірілуде

Брифинг барысында облыс әкімі Болат Бақауов инвестиция тарту мақсатында Қытайдың үш өңіріне арнайы барып келгенін де айтты. Кездесулер кезінде металлургия, көмір өнеркәсібі, көмір химиясы және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда әріптестік орнату мәселелері қаралды.

- Ғылыми-техникалық үдерістің энергетикаға әрдайым әсері артып келеді. Көптеген елдер энергияның баламалы көзіне ауысуда. Ресейлік жылу энергия орталықтарында бұрын Екібастұз көміріне лайықталған жабдықтар тұратын.
Қазір жаппай жаңғырту жүргізілуде. Ол Павлодар облысындағы отынның дәл осы түрінің өндірісіне қатты әсер етуде. Ал біз үшін экономиканың бұл маңызды секторын сақтап қалу аса қажет. Сондықтан көмірді пайдаланудың жаңа жолдарын іздестірудеміз, - деді Б.Бақауов.

Бұл бағыттағы нақты қадамдар ретінде Қытайдың көмір химиясы саласындағы ірі өнеркәсіп өкілдерімен жүздесуді атауға болады. Мәселен, павлодарлық «Компания Нефтехим LTD» ЖШС кездесулерден кейін көмірді полимерлерге айналдыру мәселелерін қарастыруда.

Астананы «асыраймыз»!

Өңір басшысы брифингте облысымыз Астананы азық-түлікпен қамтуда алар орны айрықша екенін мәлім етті. Ол үшін өңіріміздің әлеуеті жеткілікті. Елбасы да ауыл шарушалығын ел экономикасының драйверіне айналдыруды тапсырған болатын.

- Қазіргі уақытта облысымыз азық-түліктің негізгі түрлері бойынша өзін-өзі толық қамтып отыр. Өзімізден асқанын шет елдерге аттандырамыз. Мәселен, аграрлық сектор тарапынан 200 мың тоннаға жуық өнім экспортталады. Оның ішінде көкөністің де үлесі артып келеді, - деді облыс әкімі.

Жалпы, елордалықтарды көкөніспен, ет және ет өнімдерімен қамтуда өңіріміз көш ілгері. Өйткені облысымыз Астанаға жақын орналасқан. Десе де, былтыр қыста ауа райының қолайсыздығынан Астанаға ет жеткізу жағынан біраз қиындықтар туындаған болатын. Облыс әкімі Б.Бақауов аймағымыз етпен қамтуға қауқарлы екенін, ал логистикалық мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын мәлім етті.

Аймақ басшысының айтуынша, өңірімізде кәсіпкерлік белсенділік артқан. Мәселен, істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,5 пайызға өсті. Олар өндіретін өнім 1,3 пайызға ұлғайған. Мұның бәрі - мемлекеттік бағдарламалардың жемісі, деді облыс әкімі. Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 95 жоба қаржыландырылыпты. Ал ісі әлдеқашан алға басқандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына қатысудан тартынып қалған жоқ. Бүгінде бұл бағытта 650 млн. теңгенің 6 жобасы бойынша келісім жасалған. Бұл қадамдар - бюджетке түсетін салмақты жеңілдетудің таптырмас жолы, деді өңір басшысы.

Облыс әкімі қазынаны толтыру мақсатында қолға алынып жатқан жекешелендіру жұмыс-тарына да тоқталды. Биыл бәсекелестік ортаға 24 ұйым шығарылатынын мәлімдеді. Қалған жиырмасы да жыл соңына дейін жекенің қолына өткізіледі.

Алпысқа жетіп жығылады

Аймақ басшысы ауылдық елді мекен-дерді таза ауызсумен қамту жұмыстарының да жайын айтып өтті. Облыс тұрғын-дарының үштен бір бөлігі ауылда тұратынын ескерсек, сапалы ауызсу мәселесі қашан да өзекті.

- Биыл 23 елді мекенге су тартылуда. Бұл мақсаттарға 9,6 млрд. теңге жұмсалады. Ал ол ауылдарда тұратын тұрғындардың жалпы саны – 45 мың адам. Аталған су құбырларының 11-і биыл қолданысқа беріледі. Осылайша, ауылдарды таза ауызсумен қамту көрсеткіші 22 пайызға жетпек, - деді облыс әкімі.

Өкінішке қарай, дәл осы көрсеткіш бойынша облысымыз - республикада төменгі орында. Облыс әкімі ауылдықтарды ауызсумен қамту мәселесінің барын жасырмады. Десе де, сумен қамтудың жалғыз жолы – су құбырларын тарту екенін баса айтты. Ал мұндай жұмыс бір жылда бітпейтіні анық. Қазіргі таңда бұл мақсатқа республикалық бюджеттен үш жылға қаражат бөлінгенін, нәтижесінде 2019 жылы ауылдықтарды таза ауызсумен қамту көрсеткіші 58 пайызға жеткізілетінін уәде етті.

Болат Бақауов облыс жолдарының жайын да сөз етті. Көптің көкейіндегі Павлодар-Астана тас жолының да қазіргі ахуалын баяндады. Айтуынша, бұл жол құрылысы 2018 жылы толық аяқталады.

Екі жылдан кейін - енді бір аудан

Естеріңізде болар, бұрнағы жылы Павлодар қаласында «Достық» шағын ауданының құрылысы басталатын аумақтағы саяжайлардың жер телімдерін мемлекет қажетіне сатып алу жұмыстары жүргізілген болатын. Брифингке қатысқан журналистер «енді бұл аумақта тұрғын үйлер қашан бой көтереді?» деген сауал тастады. Аймақ басшысы Болат Бақауов қазіргі таңда «Сарыарқа» шағын ауданында құрылыс қарқынды жүріп жатқанын айтты. Бүгінде мұнда 8 үйде қоныс тойы тойланды. Оған қоса, қосымша бөлінген қаражат есебінен тағы 9 үйдің құрылысы басталады. Облыста жалдамалы тұрғын үйлер де салынуда. Құрылысы жүріп жатқан мұндай 4 үйдің биыл екеуі қолданысқа берілмек. Ал Павлодар қаласында «Достық» шағын ауданының құрылысы 2019 жылдан басталатынын мәлімдеді.

Жалпы, биыл облыста 230 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беру жоспарлануда. Бұл дегеніңіз - 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болады.

Болат Бақауов саябақтық аумақтар бағдарламасының жемісті жүзеге аса бастағанын айтты. Сондай-ақ, бюджеттен тыс қаражат есебінен әлеуметтік нысандар салынып, сатып алынуда. Аймақ басшысы әлеуметтік саладағы жетістіктерді де жіктеп берді. Қай-қайсысында да ілгерілеушіліктің барын айтты. Білім беру жағынан тиімділіктің ұлттық рейтингінде облысымыз бірінші орынға шыққанын атап өтті.

Әлеуметтік маңызы зор онкологиялық диспансер құрылысы жүріп жатқанын, бұл нысан ауыр сырқат көрсеткіштерін төмендетуге септігін тигізеді деген үміт бар.

Алдағы міндет - зор

БАҚ өкілдері облысымызда трамвай көлігін жаңарту бағытындағы жұмыстар жайын сұрады. Облыс әкімі елімізде ешбір өңірде жоқ рельсті көлікті сақтап қалу мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспегенін айтты. «Еуропа қайта құру және даму банкімен» бірлесіп, жаңа трамвайлар алынып жатқанын мәлімдеді.
Алғашқы бесеуі жуырда жеткізілсе, қалғаны желтоқсанға дейін өңірімізге әкелінбек.

Журналистер «соңғы уақытта жанармай тапшылығының мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын мұнай өңдеу зауыттарының ағымдық жөндеуге жабылуымен байланысты емес пе?» деген сауал тастады. Облыс әкімі ПМХЗ құзырлы министрлік бекіткен көлемді кестеге сәйкес өндіріп жатқанын айтты. Мәселен, жыл сайын 5 млн. тонна жанармай өндіру керек болса, қазіргі таңда
4,7 млн. тонна өнім тұтынушыға жөнелтілген. Яғни ағымдық жөндеудің жанармай тапшылығына еш әсері жоқтығын айтты. Ал биыл зауыт қарашада жаңғыртудан кейін іске қосылса, келесі жылы 6 млн. тонна өнім шығаратын болады. Келесі жылы павлодарлық зауыт ағымдық жөндеуге жабылмайтынын да мәлім етті.

Жуырда қытайлықтар өңірімізде криптовалюта өндіруге ынта танытқанын айтқан болатынбыз. Аймақ басшысы бұл мәселе төңірегінде әлі тиянақтайтын жұмыстар жеткілікті, деді. Инвесторлар біздің тараптан жеңілдіктер жасалғанын қалайды.
Ол үшін тиісті құжаттар әзірленуі тиіс. Содан кейін ғана Үкіметке ұсыныс жіберіледі. Бәрі ойдағыдай болса, бұл жобаның екібастұздық арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылуы ықтимал.

Орталық коммуникациялар қызметінде бұдан басқа да өңірдің экономикалық-әлеуметтік мәселелері қаузалды. Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы Елбасы,
Үкімет қойған міндеттер орындалуы нәтижелі екенін, десе де, алда одан да зоры тұрғанын айтып, жиынды түйіндеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz