Жыл сайын жоғары оқу орындарына түсетін студенттер арасында жатақханаға деген сұраныстың артып келе жатқаны аян. Қалаған білім ордасында таңдаған мамандығы бойынша білім нәрімен сусындауды арман еткен жастардың кейбірі күз мезгілі орталанса да, баспана таппай жүр.

- С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 3-курста оқимын. Осы жылы інім мектеп бітіріп, ол да мен қалаған оқу орнының ақылы бөліміне оқуға түсті. Ата-анамыз қаладан алыста тұрады. Екеуіміз де төлеп оқығандықтан, бізге пәтер жалдап тұру қиын. Ата-анамыз ай сайын біздің оқуымыздың ақшасын төлейді, енді міне, оған 30 мың теңгелік пәтер ақыны қосыңыз. Оқу орнының басшылығына барғанымызда «біз әуелі грантпен оқуға түскен студенттер мен жетім, аз қамтамасыз етілген отбасылар балаларын қамтамасыз етуіміз керек. Осыдан кейін ғана сіздерге жатақханадан бөлме береміз» деген болатын. Уәде құр күйінде қалды. Ата-анама салмақ сала бермейін деп інім екеуіміз кафеде даяшы болып жұмыс істеп жүрміз. Біз сияқты ақылы бөлімде оқитын, алайда жатақханаға қол жеткізе алмай жүрген замандастарымыз көп. Кез келген оқу орны ең бірінші грантпен түскен студенттерге бар жағдайды жасап береді, сонда біздің мүддеміз қайда қалады? - деп қынжылады Гүлназ есімді студент.

Ал Мұхаммед-Әли есімді студент Павлодар мемлекеттік педагоги-калық институтының 4-курсында оқиды. 3 жыл қатарынан жатақ-ханада алаңсыз тұрып келген ол биыл туыстары мен таныстарының үйін жағалап жүр.

- Ақылы бөлімде оқимын. Биыл да жатақханада тұруға өтініш қалдырған болатынмын. Өкінішке қарай, оның көмегі болмады. Қазір бір күні достарымның пәтерінде, енді бірде алыс ағайынның үйінде қонып жүрмін. Ақылы бөлімде оқысам да, қызыл дипломға үміткерлердің қатарындамын. Амалдың жоқты-ғынан, қазан айынан бастап белгілі бір сауда үйіне күзетші болып қызметке орналастым. Жұмысқа шыққаннан кейін оқу үлгерімімнің төмендейтінін білем, бірақ басқа амал жоқ, - дейді Мұхаммед-Әли.

Студенттердің назынан кейін С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөліміне, сондай-ақ, ПМПИ-дің жастар ісі жөніндегі басқармасына хабарласып, мән-жайды анықтауға тырыстық.

ПМУ-дің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлімі бұл жөнінде ақпарат бере алмайтындарын алға тартты. Дегенмен біздегі деректер бойынша өткен жылы аталмыш оқу орны 860 студентті жатақханамен қамтыған екен. Олардың 440-ы 1-курстан, 220-сы 2-курстан болса, 180-і 3 және 60 студент 4-курстың студенттері. Сонымен қатар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер жатақханада тегін тұру құқығына ие.

Бұл мәселе жайынан ПМПИ мамандарын да сөзге тартып көрдік.

- Біздің институтқа тиесілі 2 жатақхана бар. №1 студенттер үйі 362,
ал №2 студенттер үйі 485 орынға негізделіп салынған. Қазіргі таңда жатақханаға өтініш берген студенттердің барлығынан дерлік өтініш қабылданған. Институттың 847 студенті жатақханамен қамта-масыз етілген. Яғни 1-курсқа енді келген 269,
2-курстан – 231, 3-курстан – 179 және 4-курста оқитын 168 студент тұрады. Бұдан бөлек, «Серпін» бағдарламасы бойынша еліміздің өзге өңірлерінен келіп оқып жүрген студенттердің барлығы және жетім балалар мен мүгедек балалар да толықтай жатақханамен қамтамасыз етілді. Айта кететін тағы бір жайт, бізде грантпен оқитындар айына 3140 теңге төлесе, келісімшарт негізіндегілер
5500 теңге төлеп тұрады. Ал жетім балалар мен мүгедек студенттер тегін тұрады. Өткен 2016-2017 оқу жылында Студенттер үйінде 847 жас тұрып, білім алды, - дейді ПМПИ-дің жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Қуаныш Солтанбаев.

Мамандардың айтуынша, студенттердің жатақханаға орналасуының өзіндік тәртіптері бар. Ең әуелі жағдайы нашар, жетім, ата-ана қамқорлығынан айырылған, өзге өңірлерден келіп оқитын және 1-курсқа енді түскен студенттер толығымен жатақханамен қамта-масыз етіледі. Ал ата-анасы бар, жағдайы жақсы отбасының балаларын екінші кезекте орналастырады екен.

Өзекті сұраққа берілген жауап осы. Десе де, білім іздеп келген жастардың баспанасыз ұзақ сандалатыны жасырын емес. Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан «жетіспеушілік» әлі де бар. Әрi бұл бiр ғана университеттiң немесе институттың басындағы мәселе емес. Бұл - жалпы Қазақстан көлемiндегi жоғары оқу орындарындағы орын алып отырған жағдай.

Айта кетелік, өткен жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне 16 жатақхананың құрылысына бюджеттік тапсырыс жолдаған болатын. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі аталмыш жоспар бойынша 2020 жылға дейін 32,6 мың студентке арналған жатақханалар желісін салуы тиіс. Дей тұрсақ та, бұл бағытта қолға алынған жұмыстар әзірше байқалмайды.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz