Жақында «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары Жұмабек Смановтың жетекшілігімен облыстық «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» басылымдары және «Найзатас» журналының журналистері Лебяжі ауданында болып, аудан активімен кездесті.

Кездесу барысында әкім Ернұр Әйткенов бүгінгі таңдағы ауданның тыныс-тіршілігі жайлы айтып өтті. Қазір Лебяжіде жиын-терім аяқталуға жақын, мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандарына толығымен жылу беріп, қысқы отын-су, малдың жем-шөбі тасылып болуға жақын.

Ж.Сманов мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі таңдағы мәні мен маңызына тоқталып, облыстық газет-журналдар жайлы айтып өтті.

- Мемлекеттік ақпарат құралдары Елбасы жүргізіп отырған сарабдал саясатты, жаңалық атаулыны еш бұрмалаусыз көпшілікке жеткізіп отырған, бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір іспеттес. Бұл басылымдарда кез келген ақпарат атаулының бұрмалануына, ел арасында іріткі салушылыққа жол берілмейді. Бір ғана мысал, британдық зерттеушілердің «Биыл бұрын-соңды болмаған, яғни 100 жылда бір рет қана кездесетін өте ауыр қыс болмақ» деген болжамдарын кейбір әлеуметтік желілер, «ватсаптар» іліп әкетіп, көпшіліктің алаңдаушылығын тудыруда. Нақты көз жеткізілмеген осындай бұрмаланған жаңалық атаулыны сараптай білуіміз керек, - деді ол сөзінде. «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» газеттері мен «Найзатас» журналының журналистері де сөз алып, басылымдардың тарихы, қамтып отырған тақырыптарының аясы, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асырылып отырған игі істер жайлы әңгімеледі.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Светлана Рақымтайқызы облыстық бұқаралық ақпарат құралдарымен ауданның байланысын одан әрі нығайта түсу керектігін атап көрсетті.

Кездесуден кейін ақпараттық топ Лебяжі ауданының орталығында салынған екі пәтерлі екі үйдің құрылысымен танысты. Атап өту керек, биылғы жылы Лебяжіде ауылдарға әлеуметтік салада еңбек етуге келген жас мамандарға арналған қызметтік үйлер салуды қолға алды. Жоғарыда аталған 4 пәтерге Семей өңірінен келген орталық аурухананың дәрігері М.Айтқұловаға, хирург С.Әсімбековке және «Өнер» мектебіне жұмысқа орналасқан Павлодар қаласынан келген М.Қадысоваға берілген. Енді жақында жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалған Б.Жарылғасынұлы баспаналы болмақ. Сондай-ақ, тап осындай баспана Шарбақты мен Ямышев ауылдарында салынып, бұйыртса, ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға берілмек. Бұл үйлердің құрылысына қазынадан 65 млн. 248 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қорыта келгенде, аудан ауылдық жерлерге жұмыс істеуге талаптанған мамандардың әлеуметтік жағдайын оң шешуге осындай игі істерді жүзеге асыруда.

Ауданда бүгінгі таңда жастарды жұмыспен қамту ісі де жолға қойылып келеді. Биылғы шілде-қыркүйек айларында 146 жас жұмысқа орналастырылған.
«Жас STAR» жасағы, «Жасыл десант», «Жасыл ел» сынды жастардың еңбек топтары Шақа, Майқарағай, Малыбай, Шарбақты сынды басқа да ауылдарда, «Радуга», «Қайрат» шаруа қожалықтарында еңбек етуде. Оларға облыстық «Жасыл ел» штабы мен аудандық бюджеттен еңбекақы төлеу үшін қаражат бөлінген.

С.ТАУҚЫЗЫ,
Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz