Евгеньевка ауылында облыстың ауылдық аймақтарын дамыту жөнінде кеңейтілген жиын өтті. Аймақтағы 31 тірек ауыл мен барлық ауылдық округ әкімдерінің басын қосқан мұндай форматтағы жиын бірінші рет ұйымдастырылды. Ауылдардағы күрмеулі мәселелер, оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.

Елді мекендердегі негізгі мәселе таза ауызсу екені белгілі. Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасеновтің айтуынша, 31 тірек ауылдың 10-ында ғана орталықтандырылған су жүйесі бар. Биыл тағы 5 ауылда құрылыс жұмыстары басталды.

Ауылдағы ағайынның басты табыс көзі – төрт түлік. Сондықтан ветеринарлық пункттер аса қажет. Биыл 13 тірек ауылда мұндай орын ашылса, келесі жылы тағы 17 елді мекенде құрылыс аяқталмақ. Сонымен қатар мал қорымдарын салу қажеттілігі туындап отыр. Бір қорымның құны - 16-25 млн. теңге.

- Мұндай сомаға баспана сатып алуға не салуға болады ғой! Қомақты қаражатты қажет ететін қандай қорым бұл? – деген пікір білдірді облыс басшысы.

Болат Бақауов өзге де мәселелерге мән беру керек екенін атап өтті. Айталық, облыстан 21 мың адам, оның ішінде ауылдан 3,5 мың адам көшіп кеткен.

- Тұрғындар неге көшеді? Себебі ауылда барлық жағдай жасалмаған. Осыдан біраз уақыт бұрын облыста қаңырап бос қалған үйлердің тізімін жасауды тапсырдым. Меніңше, оларды жөндеп, қалпына келтіріп, жергілікті халықты, көшіп келушілерді баспанамен қамтуға болады. Оған жеке кәсіпкерлер де мүдделі болуы тиіс. Бүгінгі күні шаруалармен кездесе қалсақ, маман тапшылығы барын айтады. Білікті қызметкерді жұмысқа қабылдағысы келсе, оған үй салып берсін, - деді Б.Бақауов.

Бүгінде аймақ көлемінде сатылымға шығарылған 593 үй бар. Олардың бағасы
500 мың – 3 млн. теңге аралығында. Биыл 100 оралман отбасы, оңтүстік өңірлерден 57 отбасы көшіп келді. Келесі жылы 462 отбасы көшіп келмек. Бос қалған, сатылатын үйлерді сол жанұяларға беріп, олардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау керек. Аймақ басшысы көшіп келушілерді барлық әлеуметтік нысаны бар ауылдарға қоныстандыру қажеттігін баса айтты. Айта кетелік, павлодарлықтар санатына қосылатын әр азаматқа 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлемақы мен бір жыл аралығында үй жалдау үшін қосымша қаражат беріледі. 12 айдың ақшасын бірден алып, сол сомаға үй сатып алуға да болады.

- Былтыр оқушы саны аз кей шағын мектептерді жабуға тура келді. Егер оңтүстік өңірлерге баратын мемлекеттік мекеме өкілдері сол жақтан көп балалы отбасыларды көшіріп әкеліп, оларды біздің ауылдардағы шағын мектептерге берсе, мұндай жағдай болмас па еді? Осы жайтты да назарға алған жөн, -
деді Б.Бақауов.

Болат Жұмабекұлы ауыл әкімдерінің басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге көңіл бөліп, бюджетті басқару тетіктерін жетік білмейтінін сынға алды. Тұрғындар төлейтін айыппұлдың 15 түрі жергілікті қазынаға түскенімен, оны тиімді пайдаланып отырғандар аз. Облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынова
4-інші деңгейлі бюджет туралы егжей-тегжейлі түсіндірді.

Жиын барысында облыс әкімі мен басқарма басшылары ауылдықтар сұрағына жауап беріп, елді мекендердегі түйткілді мәселелерден шығар жолдарды саралап, салмақтады. Ақсу қаласының, Ертіс, Качир аудандарының әкімдері тірек ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Ауыл құраушы ірі шаруа қожалықтарының өкілдері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты ойларын ортаға салды. Жиында талқыланған мәселелердің нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетер.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz