Облыстық көлік бақылау инспекция-сының басшысы Ербол Сырғабековтің айтуынша, облыста 1300-ге жуық ірі жүк көлігі бар. Былтыр салмақтық және габариттік параметрлерді асырғаны үшін жүргізушілерге 612 әкімшілік іс толтырылып, 39 млн. 270 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Десе де, мұндай шара өзгелерге сабақ болмаған сыңайлы. Тіпті, бүгінгі күні шекті мөлшерден асыра жүк таситын көлік иелері халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы арнайы рұқсат қағаз ала алады. Олар аталмыш мекемеге өтініш береді де, 4 күн ішінде жауап алады. Егер «Қазавтожол» компаниясы, жергілікті жердегі тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылығы келісім бермесе, жүк көлігінің иесі де рұқсат ала алмайды. Бірақ көп жағдайда оң шешім қабылданады. Мұндайда жүргізуші көліктің жүру қашықтығына байланысты белгіленген сома төлеуі тиіс. 10 күн ішінде қаражат мемлекет қазынасына түспесе, ірі габаритті жүк тасуына жол жоқ. Айталық, былтыр жалпы сомасы 108 млн. 703,8 мың теңге болатын 1514, жыл басынан бері 9 млн. 074, 701 мың теңгеге 159 арнайы рұқсат қағаз берілді.

- Жолды жақсы қалыпта ұстау – өзекті мәселелердің бірі. Алайда ірі габаритті, ауыр жүктердің тасымалдануы автомобиль жолдарының тез тозуына әкеп соғады. Ал жергілікті полиция өкілдері тоқтатса, «рұқсат қағазымыз бар» дегенді алға тартады. Сондықтан жол жабындысына шектен тыс зақым келтірер жүктерді тасуға рұқсат құжаттарын бермес бұрын мәселені егжей-тегжейлі сараптап алу керек. Тіпті, көмір, құм, қиыршақ тас тасуға шекті мөлшерден асыратын рұқсат қағазын бермеуді қарастыру қажет, - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Тағы бір назар аударар жайт – ірі жүк көліктерін қоятын айыптұрақтарының жетіспеушілігі. Ақтоғай, Шарбақты, Лебяжі, Май аудандарының орталықтарында мұндай тұрақ мүлде жоқ. Ал Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы айып тұрақтарында жеңіл көліктердің көптігінен ірі жүк көліктерін қоюға орын табылмайды. Ережеге сәйкес, айыптұрақтар жергілікті атқарушы билік органдарының шешімімен ашылып, коммуналдық меншікке берілуі тиіс. Осыған байланысты Ербол Сырғабеков облыс көлемінде ауыр салмақты автомобильдерді уақытша қоятын арнайы орындар немесе тұрақтар ашуды сұрады. Облыс әкімі Болат Бақауов бірінші кезекте жүк көліктері жиі жүретін аумақта салу керек екенін айтып, Майқайың мен Қалқаманда бос тұрған автобазаларды тұраққа айналдыру үшін тапсырма берді.

Көліктерді бақылауда туындайтын түйткіл бұл ғана емес. Ірі жүк көліктерінің салмағын өлшейтін жылжымалы таразылар да аз. Техникалардың ескі болуы салдарынан көлік бақылаудың жылжымалы бекеттері жиі істен шығады. Оған қоса, мамандар да тапшы. Осының барлығы көліктер қозғалысын толыққанды қадағалауға кедергі келтіреді.

- Павлодар облысында көлік қатынасын 3 жылжымалы бекет бақылайды. Автомобиль көлігінде бақылау жүргізу бөлімінде 21 адам қызмет атқарады, оның 18-і – жылжымалы бекетте жұмыс істейді. Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуі үшін аздық етеді, - дейді Е.Сырғабеков.

Теміржолдағы көлік қатынасын бақылау да оңай емес. Былтыр Павлодар көлік прокуратурасының талабы бойынша жоспардан тыс 2, жоспарлы 20 тексеру жүргізілді. Оның барысында 2445 заң бұзушылық әрекет анықталып, 18 ескерту жасалды. Сонымен қатар, жолаушылар тасымалымен айналысатын 9 пойыз бақылауға алынып, 84 адамда билет болмай шыққан. Ал су көліктерін тексеру нәтижесінде 1 млн. 556 мың теңгеден астам сомаға 73 әкімшілік хаттама толтырылған.

Аймақ басшысы Б.Бақауов алдағы уақытта көлік қатынасын бақылауды одан сайын күшейту керек екенін айтты. Сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге тоқталды. Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалына басшылық жасап, аймақтағы жолдардың салынуы мен жөнделуіне жауапты болған Ерсін Сәриев басқа қызметке ауысуына байланысты орнын босатты. Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы өңірдегі жол мәселесін жіті назарға алып, Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысының басы-қасында жүрген Ерсін Берікұлына ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады. Бұдан былай «ҚазАвтоЖол» компаниясының облыстық филиалын Қайрат Кәрібаев басқаратын болды.

- Жол жөндеу, құрылысын жүргізу, күтіп ұстау бағытына Павлодар облысына 75 млрд. теңге қарастырылды. Бұл жол саласына республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 40 пайызына тең. Сол 75 млрд. теңгенің мақсатты, тиімді жұмсалуы сіздің басты назарыңызда болуы тиіс, - деді Б.Бақауов.

Ал облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып Нұрлан Қақамбетов тағайындалды. Облыс әкімі жаңа басшыға қалалар мен ауылдардың сәулетін дамытып, кешенді жоспарды жүзеге асыруды жүктеді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz