Жол жөндеу қолға алынады

Павлодар облысы бойынша киелі орындар саны 75 болса, оның 80 пайызы осы Баянауыл жеріне тиесілі екен. Ал осылардың арасынан шоқтығы биік тұрған тарихи жәдігер - көне түркі дәстүрі бойынша салынған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі.

Жыл сайын әлемнің әр бұрышынан мыңдаған адам тәу етіп келетін бұл мекеннің қасиетін Мәшһүр атамыз өз заманында білсе керек. Себебі дүниеден өтерінен
1 жыл бұрын, яғни 72 жасында өзінің асын бергізіп, ұрпағына аманат еткен ғұлама ғалым бабамыздың кесенесі 2006 жылы қайта жаңартылып, бой көтерді. Бүгінде қасиетті орындардың көшін бастап тұрған кесенеге келушілердің саны жыл санап артуда, дейді атаның немересі әрі кесененің шырақшысы Қажымұқан Пазылұлы.

- Мен бұл жерге 1992 жылы шырақшы болып келдім. Содан бері осында тәу етіп келетін әр адамды қарсы алып, атаның бай мұрасымен таныстырып, кеңінен насихаттап жүрмін. Қызмет еткен 25 жылымда талай қызықтар мен қиындықтарды бастан кешкеніміз ақиқат. Кесенені осы қалпында сақтап қалумен қатар, атамыздың құнды жәдігерлерін де ел назарына ұсыну біздің басты мақсатымыз. Осы ретте өткен жылы 2 қабатты «Ескелді» мәдени-қонақүй кешені салынды. Оның бір қабаты мұражай ретінде ашылды. Алайда мұражай сызбасын ұйымдастыру кезінде бірқатар олқылықтар орын алғаны жасырын емес. Мәселен, атаның көзі тірісінде зиратын қаздырғанда шыққан көк тасы мұражайдың кіре берісінде тұр. Өз кезінде атамыз қастерлеп басына ілдіріп, кейіннен талай адамның ауруына ем болған көк тастың босағада тұруы үлкен қателік. Мұражайға берілген 1 ғана бөлме атаның құнды жәдігерлерін кеңінен насихаттап, халыққа көрсетуге таршылық етеді. Осындай кемшіліктердің салдарынан бүгінде атамыздың бірқатар заттары ғимараттың жертөлесінде сақталып тұр. Тағы бір атап өтерлігі, кесене біз тұратын Ескелді ауылынан 14 шақырым жерде орналасқан. Екі ортаға қатынайтын қасиетті орынға тиесілі жеке көлік жоқ. Бұл бізді көбіне қытымыр қыста үлкен әлекке салатыны жасырын емес, - дейді шырақшы Қажымұқан Пазылұлы.

Шырақшының айтуынша, Баянауыл ауданынан 80 шақырым жерде орналасқан кесенеге жетуде жолаушылар жол азабын тартып келеді екен.

- Жасыратыны жоқ, мұнда келген әр адам жолдағы қиындықтарды бізге міндетті түрде айтып кетеді. Бұл бір ғана мәселе емес. Еліміздің өзге аймақтары мен шет мемлекеттерден келетін туристер үшін кесене басына жету үлкен мұң. Аудан орталығынан 40 мың теңгеге такси жалдап келіп жүрген талай адамды көзіміз көрді. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы мәселе назарға алынып, оң шешімін табар деген ойдамыз. Сондай-ақ, Баянауыл ауданының орталығынан Ескелдіге дейін қатынайтын арнайы автобус бөлініп, анықтама орталығы ашылса деген тілек бар, - дейді Қ.Пазылұлы.

Осы ретте Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Әзілхан Әбеуов көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан жол мәселесінің келер жылы қолға алынатынын атап өтті.

- Қазіргі таңда Баянауыл ауданының бірқатар жерлерінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Мәшһүр атаның кесенесі мен Баянауылды байланыстыратын жолды жөндеу үшін жобаның сметасы жауапты органға жөнелтілді. Жоба қабылданса, республикалық трассадан Мәшһүр бабамыздың кесенесіне дейінгі апаратын жолға асфальт төселеді, - деді Ә.Әбеуов.

Десе де, атаның басына тәу етіп келушілерге жол мәселесі тосқауыл болмаса керек-ті. Кесенеге сенбі-жексенбі күндері келетін адамдар саны 500-600-ге дейін жетеді екен.

Мәшһүр Жүсіптің соңғы үш өсиеті

«Жетпіс үшке келгенше балталасаң да өлмеймін, жетпіс үштен асқан соң майға бөлеп қойсаң да әрі өмір сүрмеймін» деп елу жасында айтқан сөзі екен. Мәшһүр атаның үлкен баласы Шәрәпиден соңғы жылдары ешқайда ұзап жолға шықпай үнемі әкесінің қас-қабағын бағуда болды. Бірақ Мәшһүр атада ешқандай науқас белгісі жоқ, әрі көңілі де сергек еді. Мәшһүрдің өмірінен хабардар болғысы келген көрші ауылдас ақсақалдар, тіпті алыстағы жекжат ағайындары да жиі келіп-кетісіп жатты.

– Қимайсыңдар, білемін. Құдай аламын дейді, ал Шәрәпиден мен Зейнеп бермеймін деп әлек, әй қайдам, – деп күліп қояды екен.

Сондай күндердің бірінде, яғни 1931 жылдың жаз ортасынан қарай: – Мәшһүрмен қоштаса берулеріңе болады, тіршілігімде бата жасаңдар, қолымнан келіп дәм татыңдар. «Тұрымтай тұсында» деген заман болады, кімнің қандай жағдайда болары белгісіз, өз көзіммен көріп, батаға қатысайын» деп құлақтандырып жіберді елді. Алғашында қадама-қадама болып келген адамдар легі кейін үлкен ас беру рәсіміне айналып кетеді. Мәшһүр әр ас соңынан кейін бата жасап, қолын жайып: – Көпейұлы Мәшһүрдің ол дүниеде бетінен жарылқасын, – деп қарқ-қарқ күледі екен. Міне, бұл Мәшһүр көзі тірісінде жасап кеткен өсиетінің бірі еді.

Мәшһүр өмірден өтерінен бірер жұма бұрын сол кездегі өзіне жақын ауылдас серіктері болған Еламан-Есмағанбет ұрпағынан тараған Жүсіпті, Құдияр атасынан ұста Мәшірапты, Түлкі молланы, Құлшәріп дуананы шақыртып алдырған екен. Ақ жуып, арулап қоюды да соларға тапсырған. Тек дәрет суын тіршілігімдегідей келінім Ақзейнеп баптап тұрсын, өлі денеге де бап керек, – деген екен. Ол аманаты да орындалды.

Түйін:
Қасиетімен қаймана қазақты ғана емес, әлемді таңдай қақтырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің туғанына келер жылы 160 жыл толады. Осыған орай, жоғарыда айтылған кемшіліктер мен қажеттіліктер өз орынын толтырар деген сенімдеміз. Бастысы, қасиет тұнған киелі мекенді қаз-қалпында сақтап қалу - бүгінгі ұрпаққа аманат.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz