Өңіріміздің мәдени өміріне зор үлес қосып келе жатқан өнер ордасынан талай-талай өнер жұлдыздары танылды. Еліміздің, шет елдің көптеген әйгілі адамдары халық алдына шықты. Бүгінгі таңда мұнда 20 клубтық бірлестік жұмыс істесе, оның 15-і «Халықтық» және «Үлгілі» атағына ие болған.

- Мәдениет сарайы 1977 жылы 6 қарашада Қазан төңкерісінің 60 жылдығы қарсаңында «Трактор жасаушылар мәдениет сарайы» деген атпен ашылған болатын, - дейді өнер ордасының директоры Асылбек Сапарбекұлы. - Кейін
1997 жылы аймақтық мемлекеттік меншік жөніндегі басқарманың бұйрығымен қалалық мәдениет бөлімінің балансына өтті. Ал 2009 жылы әйгілі ақын, сазгер, әнші Естай Беркімбаевтың есімі берілді, - дейді ол.

Өнер ордасының ұжымын мерейтойымен құттықтаған Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Саян Мұқанов Асылбек Сапарбекұлына 3 млн. теңгенің сертификатын беріп, ұжымның бірқатар қызметкерлеріне Құрмет грамоталарын табыс етті.

Осы күні 10 жыл бұрын құрылған «Сәулетай» балалар ансамблі көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, өнерімен көпті сүйсіндірді.

- Естай атындағы мәдениет сарайында қызмет істеп жүргеніме 24 жылдай уақыт болды. Балаларды өнерге тәрбиелеудің жөні бөлек деп білемін. Бірге қызмет етіп жүрген әріптестерімді мерейлі мерекелерімен құттықтаймын, - дейді «Сәулетай» балалар ансамблінің жетекшісі Светлана Налепова.

Мерекелік кеш барысында жергілікті өнерпаздар павлодарлықтарға әннен шашу шашты.

Қ.МҮСӘЙІП

saryarka-samaly.kz