Картоп қашан арзандайды?

Субсидияны сіміріп, мемлекет тарапынан қомақты қолдауға ие болса да, кәсіпкерлердің картоп бағасын не себепті қымбаттатып жатқаны түсініксіз, дейді жұртшылық. Ал тиісті орган өкілдері «жағдай тұрақтанады» дегеннен асырып ештеңе айта алар емес.

Жыл сайын қыс мезгілінде картоп, көкөніс бағасы шарықтап, қалтамыздың әжептәуір қағылатыны дәстүрге айналған. Өкінішке қарай, биыл қымбатшылық зарын ерте бастап жатырмыз. ҚР Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде картоп бағасы бір айдың ішінде 15 пайызға, ал жыл басынан бері 75,7 пайызға қымбаттаған. Соның салдарынан бүгінде облысымыздың әлеуметтік дүкендерінің өзінде картоптың бір келісі 80 теңгеден босатылуда. Ал шенділеріміз «биыл картоптың шығымдылығы рекордты» деп мақтануда.

Рекордты екені рас. Өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз мәслихатын өткізген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаевтың айтуынша, бүгінге дейін аймағымызда 16,9 мың гектар алқаптан 485,6 мың тонна картоп жинаған. Былтыр бұл көрсеткіш 398 мың тоннаны құраған болатын. Науқан әлі аяқталған жоқ. Демек, аталмыш көрсеткіш арта түседі. Биыл шаруалар бір гектардан 287 центнер картоп жинауда. Яғни, өнімділігі де жоғары.

Қарапайым логикаға салар болсақ, өнімнің көп болуы оның бағасына оң әсерін тигізуі қажет еді. Бірақ биылғы нарықтағы жағдай еш логикаға бағынбайтын болып шықты. Картоп бағасы арзандаудың орнына шарықтап барады. Мұны Ораз Алпысұлы Өзбек елінің қазақстандық картопқа деген сұранысының артқанымен түсіндіріп отыр.

- Жергілікті шаруаларымызда картопты Өзбекстанға экспортқа шығаратындай мүмкіндік туып отыр. Егер олар өз өнімін шетелге қымбат бағаға өткізе алса, салалық мекеме ретінде біз үшін ол жетістік. Алайда, өзіміздің тұтынушылар туралы да ұмытпауымыз қажет, - дейді О.Дүзденбаев.

«Картобымызды өзбек ағайындар сатып алады екен деп, біздің қымбатшылыққа ұшырап отырғанымыз қалай?» деген заңды сұрақ туындайды. Мемлекет, облыс тарапынан тиісті қолдауын алып отырған шаруа- лар ең алдымен өзімізді арзан, сапалы өніммен қарық қылып алуы тиіс қой? Шыны керек, сұрақ көп. Нақты жауап жоқ.

Басқарма басшысы картоп бағасының қымбаттауына себеп болып отырған тағы бір мәселені атап өтті. Аймақ шаруалары әзірге қоймаларын өнімдерімен толтырып, жеткілікті деңгейде қор жинап алуға тырысуда-мыс. Яғни картоптарын ішкі нарыққа шығаруға асығар емес. Шығарған күннің өзінде бағаның арзандайтынына кепілдік жоқ. Ораз Алпысұлы мемлекеттік мекемелерге де нарықтың заңына бағынуға тура келетінін жасырмады. Кәсіпкерлерге «бағаны төмендет» деп ешкім бұйыра алмайды.

Бұл мәселеде жалғыз үміт облыстық әкімдік пен ауыл шаруашылығы құрылымдары арасындағы меморандумға артылып отыр. Тараптар картоп, көкөніс өнімдеріне деген бағаны тұрақты ұстап тұруға уағдаласқан. Оған сәйкес шаруалар жалпы өнімдерінің 5 пайызын әлеуметтік дүкендерге арзан бағамен жеткізуге міндеттеледі. Мақсат - картопты нарықтық бағадан 15-20 пайызға арзандатып саудалау.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Айдана Бейсекееваның сөзіне сенсек, алдағы қараша айының 1-інен бастап картоп арзандап, ақпан айына дейін бір келі картопты 65-70 теңгеден сатып алатын боламыз. Ал, картопты қоймалардан босату бағасы 50 теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ, көп ұзамай Өзбекстанда картоп жинау науқаны басталады. Бұл да аталған саладағы бағаның тұрақтауына өз әсерін тигізеді, дейді мамандар.

Бұдан бөлек осы уақыт аралығында қаладағы әлеуметтік дүкендер мен жәрмеңкелерде сәбіз бен қызылша 65-70, қырыққабат пен пияз 70-80 теңгеден сатылады. Биылғы келісімшарт бойынша азық-түлік қоймаларында 10 мың тонна картоп, 1 мың тонна сәбіз, 500 тонна қырыққабат, 200 тонна қызылша және
200 тонна пияз сақталуы керек. Жоспар айдың соңына дейін орындалады деп күтілуде.

Астықтың сапасы жақсы

Бүгінде облысымызда бидай, арпа, сұлы сияқты дәнді дақылдарды жинау науқаны толығымен аяқталды. Жалпы көлемі 689,2 мың гектар алқаптан
745,5 мың тонна өнім бастырылды. Оның 518,5 мың тоннасы - бидай. Ал майлы дақылдардың 6 мың гектарға жуық алқабы орылды. Мұндағы науқан жылдағыдай күн суыған шақта қыза түсетіні белгілі.

Биыл жауын-шашынның аз болуы- нан ауыл шаруашылығына қатысты кейбір көрсеткіштер азайған. Мысалы, былтыр астықтың шығымдылығы орташа есеппен алғанда гектарынан 11,8 центнерді құраса, осы жылы бұл көрсеткіш
10,8 центнерге тұрақтады. Есесіне, биыл бидайдың сапасы жақсы, дейді мамандар.

Атап өтерлігі, үстіміздегі жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бидайды аз көлемде сатып алуда. Оның бар ниеті экспорт болып отыр. Ал шетелдің қалауы – арпа. Мысалы, бүгінде Иран сияқты бірқатар елдерден арпаға деген сұраныс едәуір артқан. Аталмыш корпорация арпаның бір тоннасына 42 мың теңге ұсынуда.

Павлодар облысында мал азығын сақтау қоймаларына 801,1 мың тонна жем-шөп тасымалданып, жалпы көлемнің 77 пайызы орындалды. О.Дүзденбаевтың сөзінше, облыс бойынша 103,9 мың тонна шөп шабылды. Бұл - өткен жылға қарағанда 15 пайызға артық көрсеткіш.

- Қысқы азық ретінде ең көп дайындалатын өнім түрлерінің бірі - сүрлем. Биыл одан 168,5 мың тонна әзірленді. Сонымен қатар, 83,4 мың тонна пішендеме,
215 мың тонна сабан дайындалды. Негізі өткен жылғыдан 50 пайыз артық жинаймыз деген жоспар қойып отырмыз және соған жетеміз. Қазіргі уақытта мал қыстайтын алаңдарға шшөпті уақытында жеткізу жағына мән берудеміз, - дейді Ораз Алпысұлы.

Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz