ҚР Ұлттық экономика министр-лігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестік пен тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері Павлодар облысында жанар-жағармайдың бөлшек саудасын жүзеге асыратын компанияларға қатысты тексеру жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді. Соған сәйкес 4 жанар-жағармай бекетінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, моно-полиялық кірісті қоса алғанда жалпы сомасы 40 382 788 теңге айыппұл төлеуі мүмкін.

- Жанар-жағармайдың бөлшек саудасын жүзеге асырушы нарық субъектілеріне жанар-жағармай бағасын белгілеу мен оны ұстап тұруда бесекелестікке қарсы әрекеттерге жол беру жағдайына қатысты тексеру жұмыстары аяқталды. Оның нәтижесі бойынша, Павлодар облысындағы ең ірі 4 жанар-жағармай бекетінің иелеріне қатысты әкімшілік өндіріс қозғалды. Әкімшілік істің материалдары Павлодардың мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды, - делінген комитет таратқан хабарламада

Жанар-жағармайға қатысты мәселе Үкіметтің селекторлық отырысында да кеңінен талқыланды. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев тұрғындардың наразылығын тудырған жайттың шығу себебі мен шешу жолдарын түсіндірмек болды. Ведомство басшысы «тапшылық» деген сөзді қолдану дұрыс еместігін алға тартып, «елімізде бензин тапшылығы жоқ» деп кесіп айтты.

- АИ-92 маркалы бензиннің 2017 жылғы 1 маусымдағы қоры 292 мың тоннаны құраған еді. Жоғары тұтыну кезінде, яғни демалыс, ЭКСПО халықарылық көрмесі және тағы басқа шаралар уақытында АИ-92, 93 маркалы жанармайдың мұнай базаларындағы қоры 140 тоннаға дейін төмендеді. Ал кешегі күнгі жағдай бойынша, аймақтардағы қорда 138 тонна бар, - деді Қ.Бозымбаев бұрнағы күні өткен жиын барысында.

Сонымен қатар министр бағаның өсуінің нақты себептерін атады.

- Біріншіден, ресейлік жанар-майдың үлесі артты. Ал оған не себеп? Жазда Қазақстан мен Ресей шекарасындағы жанармай бағасының 517 доллардан
573 долларға дейін өсуінің салдарынан АИ-92 маркалы бензиннің импорты төмендеді. Сол уақытта теңгенің долларға шаққандағы бағамы 314 теңгеден
340 теңгеге дейін өзгерді. Егер осы жылдың алғашқы 5 айында 90 мың тонна жанармай сырттан әкелінсе, жазда бұл көлем 35-50 мың тоннаны құрады. Сөйтіп, шекарадағы бензиннің бір тоннасының бағасы 160 мың теңгеден 196 мың теңгеге дейін көтерілді.

Екінші себебі – Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы ағымдағы жөндеу мерзімінің ауыстырылуы. Мерзім «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының
2017 жылғы 10 мамырдағы хатына байланысты маусымнан қыркүйек соңына шегерілді, - деді Қ.Бозымбаев.

Осы орайда «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев жағдайды былай түсіндірді:

- Біз ішкі нарыққа үш мұнай өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істеген кезде ғана ықпал ете аламыз. Павлодардағы зауыттың уақытша тоқтау мерзімін ауыстыру себебі – өндіріс орнын екі рет жабуды құп көрмедік. Яғни, бірінші рет жоспарлы жөндеу, екінші рет жаңғыртудың аяқталуына орай тоқтатқан дұрыс емес деген шешім қабылданды. Қарашада Павлодар және Атырау мұнай-химия зауыттарында жаңғырту жұмыстары аяқталады. Яғни, 2018 жылы 1 қаңтарынан бастап Қазақстан сұйық отынмен 100 пайыз қамтылады, - деді С.Мыңбаев.

«ҚазМұнайГаз» басшысы ішкі нарықтың 30 пайызы аталмыш компания жеткізетін импорттық өнімге тәуелді екенін де атап өтті.

- Бізде келісілген импорт жоспары болған еді, бірақ қыркүйек айында Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бізді ірі қатысушылармен сөз байласты деп айыптап, 500 млн. теңге айыппұл салды. Бұл ретте зауыттағы өзіндік құнды ғана емес, Ресейден әкелінетін бензиннің бағасын да назарға алу керек деп пайымдадық. Айталық, көрші мемлекетте жанармайдың бір литрі – 37 рубль, теңгеге шақсақ – 220 теңге. Ал бізде – 150 теңге. Енді сұрақ: бұл бензинді біреу әкеле ме? Осы жағдайға байланысты біз ғана емес, бірнеше ірі желі де жұмысын тоқтатты. Содан тапшылық пайда болды, - дейді С.Мыңбаев.

Жанар-жағармай мәселесіне жауапты азаматтардың баяндамасын тыңдаған
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жағдайды реттей алмаған «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Сауат Мыңбайға сөгіс жариялап, аталмыш компания төрағасының орынбасары Данияр Берлібаев пен Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты жұмыстан босатты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялауды ұсынды. Күні кеше Ақорда сайты Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ұсынымы негізінде жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығына тиісті бақылауды қамтамасыз етпеу түрінде көрініс тапқан жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жарияланғанын хабарлады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz