Нұрсұлтан Назарбаев жетекші қоғамдық ұйымдардың, ғылыми орталардың және жалпы жұрт-шылықтың қазақ тілінің жаңа әліпбиі жобасын талқылауға белсенді қатысқанына назар аударды. Кездесу кезінде Мемлекет басшысына жасалған жұмыстардың нәтижесі туралы А.Байтұрсынов атындағы тілтану институтының жетекшісі Ерден Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов баяндады. Кездесуге қатысушылардың есебі мен пікірін тыңдап болған соң, Қазақстан Президенті айрықша назар аударуды талап ететін мәселелерге тоқталды.

– Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы реформа басқа тілдердің дамуына зиян тигізбеуі керектігін және азаматтардың құқығын бұзбауы тиіс екенін айрықша атап көрсетті.

«Қазақ тілін латынға ауыстыру орыс тілділердің, орыс тілінің және басқа тілдердің құқығына ешқандай нұқсан келтірмейді. Орыс тілі кирилл жазуында қала береді. Жаңа әліпбиге өту қазақ тілін үйренуді жеңілдетеді», - деді Қазақстан Президенті.

Әліпбиді өзгерту деген тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, ол жазу саласына реформа жүргізіп, тіліміздің орфографиялық (жазылым), орфоэпиялық (айтылым) заңдылықтарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу дегенді білдіреді. Қазіргі таңда орфоэпия заңдылықтары ұмытылып, сөздің айтылуы да, жазылуы да орфография заңдылықтарына қарай ауысып бара жатыр. Сондықтан жаңа әліпби жүйесінде бұрынғы өрескел кеткен қателіктер өзгертіліп, емле-ережелеріміздегі заңдылықтар толық сақталатын болады. Бұл туралы Ш.Шаяхметов атындағы республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов:

- Латын графикасына негізделген жаңа әліпби туралы сөз еткенде, Ахмет Байтұрсынұлының есімін құрметпен еске аламыз. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілі сингармофонемасын жуан-жіңішке болып екі сингармоварияциялардан тұрады деп, яғни қазақ тілінің табиғаты сингармонизмге негізделгенін айтқан. Біз Ахмет Байтұрсынұлының осы принципіне сүйене отырып, жаңа әліпби жобасын жасадық. Жаңа әліпбиде фонетикалық та, морфологиялық та принциптер басшылыққа алынды. Алайда фонетикалық принципке басымдылық берілгенін айта кеткен жөн, - дейді.

Қазіргі уақытта Ақорда сайтында қазақтың жаңа әліпбиінің 32 әріптен құралған жобасы жарияланды. Әліпбидегі 8 әріпте дәйекше (апостроф - жол үстінен әріп орнына қойылатын үтір сияқты қосымша таңба) пайдаланылады. «и», «й» әріптерінің орнына дәйекшесімен латынша «і» қолдану ұсынылды.

Латын әліпбиіне көшудің қыркүйекте ұсынылған алғашқы жобасы 25 әріптен құралған болатын. Айта кетейік, сол жоба жарияланысымен қоғамда белсенді түрде талқылаулар белең алды. Жаңа әліпбидегі «У» әрпінің орнына қолдануға енгізілген «W» әрпін қабылданбады. Осы секілді көпшіліктің талқылаудағы ұсыныс-пікірлері ескерілді, соған орай жаңа жоба жасалып, жарияланды.

Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латынға өтудің айтарлықтай күрделі процесс екенін, оның мақсаты қазақ тілін ары қарай дамытып, әлемдік ақпараттық кеңістікке қосуға жағдай жасау екенін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін әдістемелік база жасау және мұғалімдерді дайындау қажеттігін кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттігіне айтып, Үкіметке арнайы тапсырма берді.

Әзірлеген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz