Мамыр айында Қызылорда облысынан басталған «Көк тудың желбірегені» атты республикалық жоба аясында әнші еліміздің бірқатар өңірінде өнер көрсетіп үлгерген. Мұндағы мақсат Елбасының маңызды құжатта айтқан «Жаңа тұрпатты жаңғыртудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай біл» деген сөзін негізге ала отырып, ел аралап, өскелең ұрпаққа патриоттық әндерді тыңдату, -
дейді Ибрагим Ескендір.

- Бұл жобаны «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты мен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Өскелең ұрпаққа рәміздерімізді кеңінен насихаттап, Тәуелсіздіктің мағынасын, мәнін, маңызын және оның біз үшін баға жетпес байлығымыз екенін түсіндіру - басты мақсатымыз. Елбасы бір сөзінде: «Елге, жерге деген махаббат рәміздерге деген құрметтен басталады», деген болатын. Жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіре отырып, оларды елін, жерін сүюге шақыруымыз керек. Сонымен қатар, ұлттық ән өнерімізді дәріптеу кез келген азаматтың борышы деп білемін. Бір атап өтерлігі, бұл жобада тек мен ғана өнер көрсетпеймін. Яғни әр барған өңірдегі өнерлі өнерпаздармен бірлесіп, сол жердің жергілікті әнші, жыршы, термешілерімен бірлесе патриоттық ән кешін өткізіп келемін. Бұл үрдіс киелі Ертіс-Баян жерінде де жалғасын тапты, - дейді «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері И.Ескендір.

Концертте өнерпаз халық арасында кеңінен таралған «Аманат», «Оян, қазақ!», «Алтын тұлпар», «Мәңгілік ел», «Бәрі өтуде» әндерімен бірге халық әні «Ақбаян», «Жорғатай», Абайдың «Ғашықтың тілі» сынды әндерін әуелетіп, көптің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар алғаш рет үлкен сахнада «Әр қазақ менің жалғызым» атты әнінің тұсауын кесіп, павлодарлық тыңдармандарының құлақ құрышын қандырды. Ал концерттің шымылдығын елдің жүрегінен ерекше орын алған
«Көк тудың желбірегені» әнімен жапты.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz