Бұрын пойызды тек теміржол рельсінен ғана көретін едік. Қазір кез келген жерден пойыз көруге болады. Қалай дейсіз бе? Жанармай бекетіне жақындасаңыз түсінесіз. Пойыз вагондарындай тіркеліп, сіресіп-тіресіп кезекте тұрған автокөліктер қайда да бар. Бұлар - жүрмейтін, ішіндегі жүргізушісі күлмейтін, бірін-бірі тілдейтін, бағаны бастан асырғандарды күндейтін ерекше пойыз. Алдымдағы жыландай ұзын-сонар кезек жылжығанша сіздерге бір әңгіме айтып берейін.

Өткенде түс көрдім. Түсімде әйелім астымдағы жаман машинамды итеріп жүр екен. Әншейінде рөлге таласатын адамнан мұндайды күтпеп едім. Таң-тамаша болдым. Сірә, маған деген ерекше құрметі болса керек. Машинаны үйге дейін итеріп келген әйелім от жағамын деп көмірдің орнына 20 мың теңгені тұтатып отыр. Шошып ояндым. Бұл не сұмдық! Ақшаны алғашқы махаббатындай жақсы көретін адамның мұнысы несі? Мүмкін басымызға бақ қонайын деп тұрған болар. Бақандай 20 мыңды отқа жақса, демек үйде ақша көөөөөөп болмақ қой. Мүмкін миллион санайтын күн де алыс емес шығар. Орнымнан атып тұрып, досым Тәпөштің үйіне жүгірдім. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып, көрген түсімді Тәпөшке баяндап бердім. Ол сәл ойланды да:

- Қуанба досым. Қымбатшылық келе жатыр. Әйелің машинаңды итеріп жүрсе, жанармай қымбат боп, кімнің ісі екендігі жұмбақ боп тауың шағылады. Көмірдің орнына 20 мың сом жақсаң, демек оның да бағасы басыңнан асады, - деді.

Көңілім су сепкендей басылып үйге оралдым. Айтып ауыз жиғанша жанармай мен көмірдің бағасы аспанға бір-ақ шықты. Ауыл болып бір депутат көкемізге хат жолдадық. Соңына Тәпөштің данышпандығын қосып жазып жібердім. Көп кешікпей жауап та келді.

«Құрметті Бәленше Түгеншеұлы! Сіздің көрген түсіңіз тамаша. Тек түс жорушыға жарымаған екенсіз. Бәленің бәрі досыңызда. Егер түсіңізді дұрыс жөн білетін біреуге айтқаныңызда бәрі керісінше болатын еді», - депті ол. Оңбаған Тәпөш. Қайдан ғана барып едім саған! Демек, бұған Тәпөш қана кінәлі! Халық қалаулысы айтса, демек солай болғаны ғой.

Жаңа кезек күтіп отырып қалғып кетіппін. Түсімде Американың доллары айға асылып қалыпты. Төмен қарап жердегі теңгеге сұқ саусағын шошайтып, сақ-сақ күліп, шырт-шырт түкіріп тұр. Бұл түсімді кімге жорытсам екен? Өтініш, Тәпөшке айтпаңыздаршы. Өзім хат жазған адам секілді жөн білетін біреуге жорытуым керек. Мына кезегі құрғырдың келетін түрі жоқ қой. Жанармай болмаса, қарға адым жер мұң болады екен-ау! Үйге қалай жетсем? Машинамды итеріп жібересіз бе?

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz